Үлгілік қағида тазалыққа үндейді

Айналаны ластаған азаматтарға 13,4 млн теңге айыппұл салынды

2026 жылғы 1 шілдеден бастап қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыруға қойылатын талаптар жаңартылды. Жаңа үлгілік қағидалардың күшіне енуіне байланысты Әулиеата ауданында тұрғындар, кәсіпкерлер мен мекеме өкілдері арасында санитарлық тазалықты сақтау, белгіленген аумақтарды күтіп ұстау және абаттандыру талаптарын түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Басты мақсат – қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті нығайту және әр азаматтың ортақ кеңістікке деген жауапкершілігін арттыру.

Осы мақсатпен аудан аумағындағы тазалық жұмыстары күнделікті бақылауға алынып, көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары, жеке тұрғын үй секторлары, орталық және ішкі көшелер, қоғамдық орындар, арық жүйелері мен бос жатқан жер телімдері тұрақты түрде зерделенуде.
– Аудан аумағында санитарлық тазалықты қамтамасыз ету, көшелер мен аулалардың тазалығын сақтау бағытында тұрақты түрде зерделеу және тазалау жұмыстары жүргізілуде. Зерделеу барысында анықталған тұрмыстық қатты қалдықтар үйінділері, құрылыс және басқа да материалдардың ретсіз жиналуы, қураған шөптер мен ағаш бұтақтары бойынша тиісті мекемелерге тапсыр- малар беріліп, оларды жою және аумақтарды ретке келтіру жұмыстары ұйымдастырылуда.
Аудан аумағында саябақтар, скверлер күнделікті тазаланып, шағынаудандардағы 40 шақырым арық жүйесі, 260 шақырымға жуық қала көшелері, 290 мың шаршы метр аумақты қамтитын саябақтар мен қоғамдық орындар тазаланды. Аудан аумағында бейберекет жиналған қоқыстар күнделікті техникамен және кәсіпорындардың демеушілігімен бөлінген техникалар көмегімен өзге де қалдықтар шығарылуда.
Жыл басынан бері ауданының аумағынан 5 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Ғарыштық мониторинг нәтижесінде анықталған 15 стихиялық қоқыс орны толық жойылып, 1 мың тоннадан астам қалдық арнайы полигонға шығарылды.
Сонымен қатар аудан аумағында санитарлық тазалықты қамтамасыз ету мақсатымен 17 сенбілік ұйымдас- тырылып, нәтижесінде 200 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Аумақтық бас инспекторлар полиция учаскелерімен бірлесіп, көшелер мен қоғамдық орындарда бейберекет қоқыс тастаған, абаттандыру қағидаларын бұзған тұлғаларға, Қазақстан Респуб- ликасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 505-бабымен 563 әкімшілік хаттама толтырылып, 407 тұлғаға ескерту берілді. Сондай-ақ 156 тұлғаға 13 млн 494 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
Бұдан бөлек, 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енген «Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың үлгілік қағидасы» талаптарын түсіндіру мақсатымен аудан көлемінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін іс-шаралар жоспары бекітілді. Ақпараттық түсіндіру жұмысы тобына қалалық төтенше жағдайлар басқармасының, аудандық ішкі істер бөлімінің өкілдері де тартылды. Әр сала мамандары өз бағыттары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, – дейді Әулиеата ауданының әкімі Барлық Төреханов.
Қоғамдық кеңістіктердің тәртіпке келтірілуі мен көшелердің көркін сақтауда заңсыз сауда нысандарын реттеу де маңызды орын алады. Аудан аумағындағы дүңгіршектерді ретке келтіру және заңсыз сауданың алдын алу бойынша да тиісті шаралар қабылдануда. Айталық, ауданда орналасқан 210 дүңгіршектің 30-ы 2026 жылдың қыркүйегіне дейін бұзылып, алынған.
Сонымен қатар заңсыз саудаға жол бермеу мақсатымен «Мыңбұлақ» (9), «Салтанат» (7) шағынаудандарында, Байзақ батыр, Т.Рысқұлов, Жамбыл даңғылы мен Рысбек батыр көшелерінде, сондай-ақ «Қайқармет» базарының аумағында рейдтік жұмыстар жүргізілген.
Нәтижесінде заңсыз сауда жасаған кәсіпкерлерге қатысты 30 әкімшілік хаттама толтырылып, 12 тұлғаға айыппұл салынып, 18 тұлғаға ескерту берілген. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 204-бабы бойынша салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 259 500 теңгені құраған.
– Заң талаптарын сақтау жарнама саласында да өзекті. ҚР «Жарнама туралы» заңының 13-бабында алкоголь және темекі өнімдерін, оның ішінде қорқорды жарнамалауға қатыс- ты тыйымдар белгіленген. Мұндай талаптарды бұзғаны үшін заңнамада әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Аудан аумағында заң талаптарын бұзған 13 кәсіпкерге қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 455-бабының 1-бөлігі бойынша жалпы сомасы 6 миллион 747 мың теңге айыппұл салынды. Сонымен бірге кәсіпкерлер арасында тыйым салынған жарнамаларды орналастыруға жол бермеу жөнінде тұрақты түсіндіру жұмыс- тары жүргізілуде.
Бұл бағыттағы бақылау шараларының маңызы зор. Өйткені қоғамдық орындардың тәртіпке келтірілуі, сауда нысандарының белгіленген талаптарға сай орналасуы және жарнама заңнамасының сақталуы ауданның сыртқы келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді.
Абаттандыру жұмыстарының тағы бір маңызды бағыты – көгалдандыру. Ағаш отырғызу, гүлзарлар жасау, жасыл аймақтарды күтіп ұстау және суару жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
2026 жылға арналған тал егу, гүл отырғызу және жалпы абаттандыру-көгалдандыру жұмыстарының жоспары бекітіліп, бүгінге дейін 2 685 ағаш отырғызылды. Жасыл желектерді, көгалдар мен гүлдерді суару үшін 15 арнайы автокөлік және 5 су тасығыш көлік жұмылдырылуда. Егілген көшеттерді күтіп-баптау жұмыстарын «Жасыл Ел-Тараз» мекемесі жүргізуде.
Сонымен қатар күзгі маусымда Әулиеата ауданының 12 көшесі мен ауласында 2 035 ағаш отырғызу жоспарланған. Бұл бастама аудан аумағындағы жасыл желек көлемін арттыруға, көшелердің көркін жақсартуға және тұрғындар үшін қолайлы қоғамдық кеңістіктер қалыптастыруға бағытталған, – дейді аудан әкімі.
Кәсіпкерлік нысандардың аумағын абаттандыруға да ерекше көңіл бөлініпті. Бүгінде 14 кәсіпкерлік нысанның алды ретке келтіріліп, ағаш отырғызу, гүлзарлар жасау және автотұрақтарды жөнге келтіру жұмыстары атқарылған.
Сонымен қатар 20 кәсіпкермен абаттандыру бағытында меморандум жасалып, олардың 13-і өз нысандарының аумағын абаттандыру жұмыстарын орындаған. Қалған бағыттар бойынша жұмыстар жалғасып жатқан көрінеді. Мұндай бастамалар мемлекеттік мекемелер мен кәсіпкерлер арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтып, ортақ іске қоғамның кеңінен қатысуына мүмкіндік береді.
Ауданның санитарлық жағдайын жақсарту үшін көшелерді тазалаумен қатар, инженерлік инфрақұрылымды күтіп ұстау да маңызды. Осыған байланысты арық жүйелерін жөндеу және жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте «Аса» (10) және «Жансая» (11) шағынаудандарында, сондай-ақ Қ.Жалайыри көшесінде арық жүйелерін ауыстыру жұмыстары жалғасын таппақ. Ал қазіргі уақытта Ы.Сүлейменов көшесінде, «Қарасу» (5) және «Қаратау» (2) шағынаудандарында тиісті жұмыстар атқарылуда. Арық жүйелерінің талапқа сай болуы су өткізу мүмкіндігін жақсартуға және аумақтардың санитарлық жағдайын сақтауға ықпал етеді.
Жалпы, Әулиеата ауданында тазалықты қамтамасыз ету, абаттандыру, көгалдандыру және құқық-бұзушылықтардың алдын алу шаралары кешенді түрде жүргізілуде. Қоқыс үйінділерін жою, қоғамдық орындарды күтіп ұстау, заңсыз сауда мен жарнамаға бақылау жасау, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру – барлығы да бір мақсатқа, яғни ауданның көркін арттырып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Таза әрі көрікті аудан қалыптастыру – бір күндік науқанның нәтижесі емес. Ол күн сайынғы еңбекті, жүйелі бақылауды және әр азаматтың жауапкершілігін талап етеді. Көшеге қоқыс тастамау, белгіленген орындарды пайдалану, жасыл желекті қорғау, ортақ мүлікке ұқыпты қарау – қарапайым көрінгенімен, қоғамдық мәдениеттің маңызды өлшемдері.
Сондықтан тазалықты сақтау тек коммуналдық қызметтердің немесе жергілікті атқарушы органдардың міндеті деп қарауға болмайды. Бұл – баршаға ортақ жауапкершілік. Әр тұрғын өз ауласының, әр кәсіпкер өз нысанының, әр мекеме өзіне бекітілген аумақтың тазалығына жауапкершілікпен қараса, ауданның келбеті де жақсара түседі. Тазалық бар жерде тәртіп бар, тәртіп бар жерде береке бар. Ортақ үйіміздің көркеюі әрқайсымыздың күнделікті ісімізден басталатынын ұмытпайық.

Арайлым ШАБДЕНОВА

Comments (0)
Add Comment