Бірлігі бекем, тарихы терең жалпақтөбеліктер

Еліміз – талай халықтың тағдыры тоғысқан, сан түрлі мәдениет бір шаңырақ астында жарасым тапқан қасиетті мекен. Осындай ұлттар достығының шежіресінде дүнген халқының да өзіндік орны бар. Өзінің көне тарихын, ана тілін, ұлттық тағамдарын, отбасылық құндылықтары мен салт-дәстүрін сақтап келе жатқан бұл халық қазақ жерінің қоғамдық және мәдени өміріне өзіндік өрнек қосып отыр. Осы орайда біз Тараз қаласындағы дүнген ұлты көп шоғырланған Жібек жолы ауданына қарасты «Жалпақтөбе» алабына арнайы барып, бірлігі жарасқан ұлттың өткеніне сапар шегіп, бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.

Дәстүр сабақтастығы – ұрпақ аманаты

Алапқа барғанымызда бізді Жібек жолы ауданы әкімінің бас инспекторы Бахром Шербаев күтіп алып, аумақтың хал-ахуалымен толық таныстырды. Жалпы, өткен жылдан бері аталмыш аумақ Жамбыл ауданынан Тараз қаласына қосылып, Жібек жолы ауданының құрамына енген еді.
– Жібек жолы ауданы, №5 аумақтық округінің жалпы тұрғындар саны 25 279 адамды құрайды. Округ аумағына «Түрксіб», «Кемел», «Сұлутөр», «Жалпақтөбе», «Орманды» және «Солнечный» алаптары кіреді. Аталған аумақта түрлі этнос өкілдері тұрады. Округтің этникалық құрамына жүргізілген талдау нәтижесінде тұрғындардың басым бөлігін қазақ ұлтының өкілдері құрайтыны, сонымен қатар орыс, түрік, өзбек, қырғыз, дүнген және басқа да этнос өкілдері тұратыны байқалады.
Атап айтқанда, «Түрксіб» алабында 3 969 адам тұрады. Оның ішінде 3 134-і – қазақ, 326-сы – орыс, 307-сі – түрік, 48-і – өзбек, 55-і – қырғыз, 99-ы – өзге ұлт өкілдері. «Кемел» алабында 253 тұрғын бар болса, олардың 124-і – қазақ, 124-і – қырғыз, 5-еуі – өзбек. «Сұлутөр» алабында 6 173 адам тіркелген. Оның ішінде 3 788-і – қазақ, 320-сы – орыс, 1 087-сі – түрік, 309-ы – өзбек, 47-сі – қырғыз, 100-і – дүнген, 522-сі – өзге этнос өкілдері. Ал «Жалпақтөбе» алабында 9 384 адам тұрады. Оның 6 583-і – дүнген, 1 343-і – қазақ, 112-сі – орыс, 255-і – өзбек, 145-і – қырғыз, 946-сы – өзге ұлт өкілдері. Осы мәліметтерге сәйкес, «Жалпақтөбе» алабында дүнген этносының үлесі басым. «Орманды» алабында шамамен 1 000 адам, ал «Солнечный» алабында 4 500 адам тұрады. Аумақтың этникалық алуандығы тұрғындар арасындағы өзара сыйластықты, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтаудың маңыздылығын көрсетеді. Әсіресе этникалық құрамы әртүрлі елді мекендерде тұрғындармен тұрақты байланыс орнату, олардың өтініштері мен мәселелеріне уақытылы назар аудару және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету маңызды.
Алдағы уақытта да округ аумағында тұратын барлық этнос өкілдерімен бірлесе жұмыс жүргізіп, өзара түсіністік пен татулықты нығайтуға, тұрғындардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуге басымдық беріледі, – дейді округ инспекторы.
Расында, ел бірлігі күнделікті өмірдегі қарапайым қарым-қатынастан басталады. Бір көшеде тұрып, бір-бірінің қуанышына ортақтасу, қажет кезде қол ұшын беру, көршінің салтына құрметпен қарау – татулықтың шынайы көрінісі. «Жалпақтөбенің» бүгінгі келбетінен де осындай жарасымды тіршіліктің ізін аңғаруға болады.
Сапарымызды В.Чкалов атындағы орта мектептегі музейде жалғастырдық. Мұнда бізді «Вынхуа» дүнген этномәдени орталығының төрағасы Зиявдин Джамалов қарсы алды. Өткен тарихқа үңіліп, бүгінгі тіршілікке көз жүгірткен әңгімеміз дүнген халқының тарихи тағдырынан басталды.
Дүнген халқының тарихи тамыры Қытайдағы хуэй мұсылмандарымен байланысты. XIX ғасырдың екінші жартысындағы саяси қақтығыстар мен көтерілістерден кейін олардың бір бөлігі Орталық Азияға қоныс аударды. Жаңа мекенге келген жұрт туған жерден алыстағанымен, ана тілін, діни ұстанымын, тұрмыс салты мен ата-баба дәстүрін бірге ала келді. Уақыт өте келе Қазақстан мен Қырғызстан аумағында тұрақтап, жаңа өмір қалыптастырды.
– Біздің ата-бабамыздың Қазақстанға қоныстанғанына келер жылы 150 жыл болады. Жат жерге жер аудару оңай болмағаны анық. Бірақ қазақ елінің қонақжайлығы, бізді төрге оздырған көрегендігі жат елде еместігімізді сезіндірді. Туған топырақтан алыстаған жұрт өзімен бірге тілін, наным-сенімін, тұрмыс салтын, ата-баба аманатын ала келді. Жаңа мекенде жер өңдеп, егін егіп, бау-бақша өсіріп, еңбекпен тіршілік құрды. Уақыт өте келе бұл өлке біздің атамекенімізге айналды.
Әр халықтың рухани әлеміне бастайтын есік – оның тілі. Дүнген тілі қытай тілдерінің біріне жатады, алайда оның дыбыстық жүйесі мен сөйлеу ерекшеліктері өзіндік сипатқа ие. Орталық Азияда қалыптасқан дүнген тілінің жазба дәстүрі де тарихи даму жолынан өтті. Тілде халықтың дүниетанымы, әзіл-қалжыңы, үлкенге құрметі, кішіге ізеті, өмір туралы түсінігі сақталады. Үлкендердің немерелеріне ертегі айтып, ескі әңгімелерді жеткізуі – өткен мен бүгінді жалғайтын рухани көпір. Қазақ және дүнген қауымдарының ғасыр- лар бойғы көршілік қарым-қатынасы екі халықтың тілдік және мәдени байланыстарына да ықпал етті. Күнделікті тіршілікте ортақ сөздер, өзара түсіністік пен сыйлас- тық қалыптасып, көрші халықтардың өмір тәжірибесі бір-бірін байыта түсті. Бізде бір сөздің өзі үш түрлі мағына беруі мүмкін, тек айтылуын дұрыс айту керек. Бүгінде көп сөзіміз тұрғылықты жердің диалектімен қосылып, бүгінде таза дүнген тілінде сөйлейтін азаматтар – көршілес Қордай ауданындағы туыстарымыз, – дейді Зиявдин Бадырұлы.
Дүнген мәдениетінде отбасы мен туыс- тық қатынастардың орны ерекше. Үлкенге құрмет көрсету, ата-ананы қадірлеу, туыс- тармен араласу, қиындықта бір-біріне қол ұшын беру сияқты қағидалар ұрпақ тәрбие- сінің маңызды бөлігі болып саналады.
Дәстүрлі дүнген отбасында үлкендердің ақылын тыңдау, дастархан басында әдеп сақтау, қонаққа құрмет көрсетуге ерекше мән берілген. Үлкен әулеттерде бірнеше буынның бірге тұруы да отбасы мүшелерінің өзара жауапкершілігін арттыр- ған. Қазіргі қоғамда отбасылық құрылым өзгергенімен, үлкенге ізет пен туыстық байланысты сақтау құндылықтары жалғасын тауып келеді.
Баланың тәрбиесі тек ата-ананың міндеті емес, бүкіл әулеттің ортақ жауапкершілігі ретінде қарастырылған. Үлкендер өмір тәжірибесін бөлісіп, жастарға еңбекқорлықты, сабырлықты, адалдықты үйреткен. Бұл құндылықтардың қазақ халқының тәрбиелік ұстанымдарымен үндесуі де кездейсоқ емес. Екі халық та отбасын қоғамның тірегі, ұрпақ тәрбиесін болашақтың кепілі деп бағалайды.
Дүнгендердің дәстүрлі мәдениеті тұрмыс салтынан, діни ұстанымдарынан, отбасылық рәсімдерінен және мерекелік жиындарынан көрінеді. Олардың мәдениетінде исламдық құндылықтар мен Қытайдан бастау алатын кейбір салттық ерекшеліктер өзара сабақтас- қан.
Мәселен, біз алапқа барғанымызда жастардың үйлену тойы тәмамдалып жатыр екен. Сағатқа қарасам, таңғы 9:00. Мені қызықтыр- ғаны да осы болды. Түсте болатын, кеште болатын тойды естігенбіз, ал таңсәріден тойға бару бұл ұлттың тағы бір ерекшелігін аңғартты. Дәстүрлі рәсімдерде екі жастың ғана емес, екі әулеттің де жақындасуына мән берілген. Құдалық, сый-сияпат алмасу, үлкендердің батасы мен ақ тілегі отбасылық бірліктің белгісі болған. Кейбір ортада шай ұсыну рәсімі мен қызыл түсті қуаныштың, береке мен сәттіліктің нышаны ретінде қолдану да кездеседі. Дегенмен, үйлену дәстүрлері мекенге, әулетке және заманға қарай өзгеріп отыр- ған.
– Біздің ата-бабамыз кезінде таңмен таласа егінге, жұмысқа асыққан. Сондықтан күн қылаң атқанда ер адамдар мен әйел адамдар жиналып той болатын үйге уақытылы келеді де, ет жақындарынан бөлек тумалары 1 сағатқа жетер-жетпес тамақтанып, сый-сияпатын жасап, әрі қарай өз шаруаларымен кетеді. Бізде арнайы құда-құдағиларға 4 түрлі дәм ұсынылады. Әрқайсысының өзіндік жасалу жолы, салты бар. Сондай-ақ келін болар қызды үйінен некесін қиып аттандырады. Тойда жастар бөлек бас қосып, өздері думандатады. Бізде де «қыз айттыру», «құда түсіп бару», «ұзату», «беташар» деген дәстүрлер бар. Бірақ қазақ ұлтынан сәл айырмашылық болады, – дейді Зиявдан Джамалов.
Дүнген халқын сөз еткенде ұлттық асханасын айналып өту мүмкін емес. Дүнген тағамдары – халықтың тарихи жады, еңбек мәдениеті мен қонақжайлығының бір көрінісі. Оның қалыптасуына Қытайдың дәстүрлі ас дайындау тәсілдерімен қатар, Орталық Азия халықтарының аспаздық тәжірибесі де ықпал еткен.
Дүнген асханасының басты ерекшеліктерінің бірі – қамырдан жасалатын тағамдарының молдығы, көкөністердің кең қолданылуы, ет пен дәмдеуіштердің үйлесімділігі. Қолмен созылған кеспе, түрлі тұздықтар, көкөніс қосылған ет тағамдары, тұшпара тәрізді ас түрлері кең тараған.
Лағман – дүнген асханасымен тығыз байланыстырылатын тағамдардың бірі. Ұзын кеспе, ет, көкөніс және хош иісті дәмдеуіштердің үйлесуі бұл асты ерекше етеді. Оның әр үйде дайындалу тәсілі сәл өзгеше болуы мүмкін. Бір отбасы кеспені созуға басымдық берсе, енді бірі тұздықтың құрамына немесе көкөніс- тердің үйлесіміне көбірек мән береді.
Күнделікті ас мәзірінде күріштен әзірленетін тағамдар, ет, көкөніс, қамыр өнімдері де маңызды орын алады. Пияз, сарымсақ, бұрыш және сірке суы секілді қоспалар кейбір тағамдарға өзіндік дәм береді. Тағамның ащылығы мен дәмдеуіш мөлшері әр отбасының талғамына қарай өзгеріп отырады. Этномәдени бірлестік төрағасының айтуынша, кейбір отбасында лағманды қонақ болып келген адамға ұсынбайды екен. Себебі ол күнделікті дайындалатын тағам болғандықтан, қадірлі қонаққа ұсынылатын ас емес деп есептеледі.
Бүгінгі жастар үшін ұлттық мұраны сақтау мен заманауи қоғамда білім алып, кәсіби тұрғыда өсу бір-біріне қайшы емес. Керісінше, өз тарихын таныған, туған мәдениетінің қадірін түсінген ұрпақ болашаққа сенімді қадам басады. Сондықтан ұлттық құндылықтарды жас буынға жеткізу отбасында, білім беру орындарында және мәдени ортада жүйелі жалғасуы қажет.
«Жалпақтөбеге» жасаған сапарымыздан түйгеніміз – халықтың рухани байлығы тек тарихи деректермен немесе көне дәстүрлермен өлшенбейді. Оның шынайы құндылығы сол мұраның бүгінгі өмірде қаншалықты сақталып, келер ұрпаққа қалай жеткізілетінінен көрінеді. Дүнген халқының ана тілі, ұлттық тағамдары, отбасылық ғұрыптары мен еңбекке деген құрметі – Қазақстанның мәдени келбетін байытатын қазына.
Ал қазақ пен дүнген арасындағы достық – әртүрлі мәдениеттің бір шаңырақ астында жарасым таба алатынының айқын үлгісі. Ұлы Жібек жолы бір кездері халықтарды сауда мен сапар арқылы байланыстырса, бүгін сол жолдың бойындағы елді мекендер адамдарды ортақ тарих, өзара құрмет пен ынтымақ арқылы жақындастырып келеді. Өйткені ұлтты ұлықтайтын – оның өзгеден артықшылығы емес, өз болмысын сақтай отырып, өзгенің қадірін біле алуы.

«Дүнген қызы» – екі халықтың жүрегін жалғаған ән

Кейде бір әннің ғұмыры бір сәттік сезімнен басталып, уақыт өте келе тұтас халықтың рухани мұрасына айналады. Әуені жүрекке жетіп, сөзі көңілге қонған мұндай шығармалар жылдар өткен сайын өз мәнін тереңдете түседі. Қазақ музыка өнерінің біртуар тұлғасы Шәмші Қалдаяқовтың «Дүнген қызы» әні – сондай туындылардың бірі. Бұл әнді тек сұлулық пен махаббатты жырлаған лирикалық шығарма деп қабылдау аздық етеді. Оның астарында Жамбыл жерінің тынысы, адам жүрегінің нәзік сезімі және қазақ пен дүнген халықтарының мәдени жақындығын танытатын ерекше үндестік жатыр.
Әннің сөзін ақын Сабырхан Асанов жазған. Композитордың әуені мен ақынның жыры өзара үйлесім тауып, тыңдарман жүрегінен орын алған көркем туынды дүниеге келді. Әннің шығу тарихы туралы ел арасында әртүрлі әңгімелер айтылады. Олардың бірқатары Шәмшінің Жамбыл өңіріндегі дүнген ауылдарымен байланысын, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігімен таныстығын тілге тиек етеді. Алайда әннің нақты кімге арналғаны жөнінде, шығу тарихы туралы бізде сұрастырып көрдік.
– Шәмші ағамыз «Жалпақтөбеде» 18 жылдай өмір сүрді. Өзім ол кісімен көзі тірісінде кездесіп, дастархандас болғанмын. Сол бір кезеңнің естеліктері әлі күнге дейін жадымда. Тіпті, жақын досым Шәмшінің әндерінің бірін тойда орындағаны үшін композитордың өз қолынан естелік сыйлық алғанын әлі күнге дейін мақтанышпен айтып отырады.
Жалпы, сол жылдары «Октябрь» колхозының басшысы Махмуд Аширов деген кісі Шәмші ағамызды үйіне қонаққа шақырған екен. Дастархан басында дүнген халқының тұрмыс-тіршілігімен танысып, елдің салт-дәстүрі мен мәдениетінен хабардар болған композиторға үй иесі: «Сіз композиторсыз ғой, біздің халыққа арнап бір ән шығарып берсеңіз», – деген екен. Осы өтініштен кейін Шәмші ағамыз дүнген қызына арнап ән шығаруға ниеттеніп, кейін ел жүрегінен орын алған «Дүнген қызы» әні дүниеге келген деген әңгіме бар. Бұл туынды біз үшін қазақ пен дүнген арасындағы сыйластық пен мәдени жақындықты бейнелейтін рухани естелік, – дейді Зиявдин Джамалов.
«Дүнген қызы» әнінің мәні де осында. Онда жастық шақтың жалынды сезімі, сұлу жанға деген сүйсініс пен жүректің толқынысы әуезді ырғақпен өріледі. Бірақ шығарманың рухани мағынасын жеке адамның сұлулығын суреттеумен ғана шектеуге болмайды. Өзге ұлттың өкіліне деген ықылас пен құрмет арқылы ән адамзатқа ортақ сезімдердің шекара таңдамайтынын аңғартады. Сезімнің тілі де, өнердің үні де ұлтқа бөлінбейді. Шынайы саз әр адамның жүрегіне жол тауып, жақындық пен түсіністіктің дәнін себеді.
Шәмші Қалдаяқовтың тұрған шаңырағы бүгінде түтінін үзбеген. Мұндағы жұртшылық бұл үйді музейге айналдыруға ұсыныс та айтыпты, бірақ ол әлі шешімін таппаған көрінеді. Сонымен қатар көпшіліктің ұсынысымен сазгердің өзі тұрған көшеге оның есімі берілген.
Қазақтың кеңпейілдігі мен қонақжайлығы, дүнген халқының еңбекқорлығы мен отбасылық дәстүрлерге беріктігі өңірдің қоғамдық өмірін байыта түсті. Дастархан басындағы сыйластық, ұлттық тағамдар мен мерекелік дәстүрлер де екі халықтың бір-бірін жақынырақ тануына ықпал етті. Осындай ортада «Дүнген қызы» секілді әннің халық жадында сақталуы мәдениеттердің өзара үндесуінің көркем көрінісі ретінде бағалы.
Бұл ретте әнді қазақ пен дүнген арасындағы достықтың арнайы ұраны немесе нақты тарихи оқиғаның дәлелі ретінде емес, екі халықтың рухани жақындығын бейнелеуге мүмкіндік беретін өнер туындысы ретінде қарастырған жөн. Бүгінде ұлттық мұраны сақтау мәселесі ерекше маңызға ие. Заман өзгеріп, жас ұрпақтың талғамы түрленгенімен, халықтың рухани тамырын жалғайтын өнер туындыларының қадірі кемімейді. Шәмші Қалдаяқовтың әндері қазақ музыкасының алтын қорында сақталып қана қоймай, жаңа буынға сезім мәдениетін, туған жерге сүйіспеншілікті және адамға құрметпен қарауды үйретіп келеді.
«Жалпақтөбеге» жасаған сапарымыздан түйгеніміз – халықтың байлығы оның тарихымен ғана емес, сол тарихты бүгінгі өмірімен сабақтастыра білуімен өлшенеді. Дүнген халқының отбасылық құндылықтарды қастерлеуі, еңбекке құрметі мен ұлттық дәстүрге беріктігі – ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухани мұра. Ал осы құндылықтардың қазақ халқының қонақжайлығы, кеңпейілдігі мен бауырмалдығымен үндесуі екі халықтың арасындағы достықты одан әрі нығайта түскен.
Бәлкім, Шәмші Қалдаяқовтың «Дүнген қызы» әнінің бүгінге дейін жүректерден орын алуының сыры да осында шығар. Бір халықтың перзенті екінші халықтың болмысын әуенге қосып, өнер арқылы жүректерді жақындастырды. Бұл – мәдениеттің шекараға бағынбайтынын, шынайы өнердің ұлтқа бөлінбейтінін аңғартатын өнеге.
Ұлы Жібек жолы кезінде алуан жұртты сауда-саттық пен сапар арқылы байланыстырса, бүгін сол жолдың бойындағы «Жалпақтөбе» секілді мекендер халықтарды ортақ тарих, өзара құрмет пен татулық арқылы табыстырып келеді. Дүнген халқының тағдыры туған мәдениетті сақтай отырып, жаңа ортаға сіңісіп, ортақ Отанның өркендеуіне үлес қосуға болатынын көрсетеді. Өйткені елдің ең қымбат қазынасы – ұлттардың бір-біріне ұқсап кетуі емес, әрқайсысы өз болмысын сақтай отырып, бір шаңырақ астында тату ғұмыр кешуі. Ал осындай бірлікті келер ұрпаққа аманаттау – баршамызға ортақ міндет.

Арайлым ШАБДЕНОВА

Comments (0)
Add Comment