ЖК және МӘМС: жарналар мен жеңілдіктер туралы нені білу маңызды?

Жеке кәсіпкерлер үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жарналарын уақытылы төлеу, сақтандырылған мәртебесін сақтау және заңнамада көзделген жеңілдіктерді білу маңызды. Жарналарды төлеу тәртібі, кәсіпкерлерге қойылатын талаптар және төлем жасау жолдары туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Ғайни Аймағанбетова айтып берді.

– Ғайни Төленқызы, жеке кәсіпкерлер МӘМС-ке қанша жарна төлеуі керек?
– 2025 жылы жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын тұлғалар МӘМС жүйесіне белгіленген мөлшерде жарна төледі. Жарна мөлшері ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 1,4 еселенген мөлшерінің 5%-ын құрайды. 2025 жылы ай сайынғы төлем сомасы 5 950 теңге болды.
Егер жеке кәсіпкердің жалдамалы жұмыскерлері болса, олардың табысына байланысты қосымша төлемдер де аударылуы қажет. Атап айтқанда, жұмыс берушінің аударымдары жұмыскер табысының 3%-ын құрайды, бірақ айына 25 500 теңгеден аспайды. Ал жұмыскердің жарнасы табысының 2%-ын құрайды, оның ең жоғары мөлшері айына 17 000 теңге.
Жұмыс берушінің аударымдары өз қаражаты есебінен төленеді, ал жұмыскердің жарнасы оның табысынан ұсталады.

– Егер жеке кәсіпкер бір мезгілде жалдамалы қызметкер болып жұмыс істесе, ол жарнаны қалай төлейді?
– Егер азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, сонымен қатар еңбек шарты бойынша жұмыс істесе, оның МӘМС бойынша міндеттемелері әр мәртебесіне қарай қарастырылады. Яғни ол жеке кәсіпкер ретінде де, жалдамалы жұмыскер ретінде де тиісті жарналарды төлеуі қажет.

– Қандай азаматтар МӘМС жарналарын төлеуден босатылады?
– Заңнамада жарна төлеуден босатылатын азаматтардың жекелеген санаттары қарастырылған. Олардың қатарына мүгедектігі бар адамдар, зейнеткерлер, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналар, сондай-ақ күндізгі оқу нысанында білім алатын студенттер жатады. Сонымен қатар кәсіпкерлік қызметін заңнамада белгіленген тәртіппен ресми түрде тоқтата тұрған жеке кәсіпкерлерге қатысты арнайы талаптар қолданылады. Мұндай жағдайда қызметі тоқтатыла тұрған кезеңде жарна төлеуден босату көзделуі мүмкін.

– Декреттік демалыста жүрген әйелдер жеке кәсіпкер ретінде жарна төлеуі керек пе?
– Бұл жағдайда жеке кәсіпкердің мәртебесі мен қызметінің тоқтатылған-тоқтатылмағаны ескеріледі. Егер кәсіпкерлік қызмет ресми түрде тоқтатыла тұрмаса, жарна төлеу міндеті сақталуы мүмкін. Сондықтан төлемдерді тоқтатпас бұрын өз жағдайына сәйкес жеңілдіктердің қолданылатынын анықтап, қолданыстағы талаптарды нақтылап алған жөн.

– МӘМС жарналарын уақытылы төлеу не үшін маңызды?
– Жарналарды уақытылы төлеу сақтандырылған мәртебесін сақтауға және МӘМС жүйесі аясында медициналық көмек алуға мүмкіндік береді. Төлемдерді ай сайын немесе бірнеше айға алдын ала төлеуге болады. Төлемдер уақытылы жүргізілмеген жағдайда берешек пайда болып, өсімпұл есептелуі мүмкін. Сонымен қатар сақтандырылған мәртебесіне қатысты мәселелер туындауы ықтимал. МӘМС жүйесіне қатысу медициналық көмекті мемлекеттік немесе жекеменшік ұйымнан алуға байланысты емес. Ең бастысы — медициналық ұйымның МӘМС жүйесі аясында қызмет көрсетуі.

– Егер жеке кәсіпкер өз қызметін тоқтатса, МӘМС жарналарын төлеу міндеті де тоқтай ма?
– Егер жеке кәсіпкер өз қызметін белгіленген тәртіппен тоқтатса, кәсіпкер ретінде жарна төлеу міндеті де тиісті талаптарға сәйкес тоқтайды. Алайда сақтандырылған мәртебесін сақтау үшін азаматтың МӘМС жүйесіне қатысуының басқа негіздері ескерілуі қажет.

Сондықтан кәсіпкерлік қызметін тоқтатқан азаматтарға өздерінің сақтандырылған мәртебесін тексеріп, қажет болған жағдайда жарна төлеудің өзге мүмкіндіктерін қарастырған жөн.

– МӘМС жарналарын қайда және қалай төлеуге болады?
– Жарналар мен аударымдарды екінші деңгейдегі банктер арқылы, олардың мобильді қосымшаларында, сондай-ақ «Қазпошта» АҚ кассаларында төлеуге болады. Төлем жасау кезінде жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН), аты-жөнін және төлем сомасын дұрыс көрсету маңызды. Қате деректер қаражаттың дұрыс есепке алынбауына әкелуі мүмкін. Сондықтан төлем жасамас бұрын оның мақсаты мен деректемелерін тексеру қажет.

– Жеке кәсіпкерлерге қандай кеңес берер едіңіз?
– Ең алдымен, МӘМС жарналарын уақытылы төлеуді әдетке айналдыру қажет. Сонымен қатар сақтандырылған мәртебесін үнемі тексеріп, заңнамада көзделген жеңілдіктер туралы ақпараттан хабардар болған жөн.
Егер азаматтың жеке жағдайына байланысты сұрақтар туындаса, жарна төлеу міндеттемелерін нақтылап алғаны дұрыс. Бұл сақтандырылған мәртебесін сақтауға және МӘМС жүйесі аясында медициналық көмек алу мүмкіндігін пайдалануға көмектеседі.

Сұхбаттасқан Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Comments (0)
Add Comment