Жамбыл облыстық неміс этномәдени бірлестігі 11 қазан күні Достық үйінде дәстүрлі «Erntedankfest» (Өнім жиынтығы) мерекесін атап өтті. Берекелі күздің сыйы мен татулықты дәріптеген шара этностың салт-дәстүрі мен бірліктің бірегей көрінісіне айналды.
Көпшіліктің көңілінен шыққан шараның шымылдығы мазмұнды театралды қойылыммен түрілді. Шнайдер және Вебер отбасыларының тағдыры мен мереке тарихын арқау еткен көрініс көрермендерге бір-бірін түсіну, шыдамдылық, өзара сыйластық пен шынайы достық сынды адамгершілік құндылықтардың маңызын терең ұғындырды.
Мерекелік жиын барысында өнерпаздар Илья Филиппов пен Екатерина Щелкова, сондай-ақ «Sterne» және «Singende Herzen» вокалдық топтары өз өнерлерін ортаға салды. Ал Жуалы ауданынан келген хореографиялық ұжымның орындауындағы «Полька» биі шараның сәнін кіргізіп, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
«Erntedankfest» — бұл мол өнімге ғана емес, елдегі бейбітшілік пен татулыққа, тату көрші болып ата-баба дәстүрін жас ұрпаққа аманаттауға көрсетілген шынайы алғыстың көрінісі. Облыстағы түрлі этнос өкілдерінің басын қосқан бұл басқосу өңірдегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің тағы бір айқын көрінісіне айналды.