Республика күніне орай Тараз қаласындағы «Құмшағал» тұрғын алабында жаңа балалар ойын алаңы пайдалануға берілді. Салтанатты ашылу рәсіміне қала әкімі Бақытжан Орынбеков қатысып, тұрғындарды қуанышты оқиғамен құттықтады.
Ерекше атап өтерлігі, бұған дейін алапта мұндай ауқымды ойын алаңы болмаған. Жоба тұрғындардың ұсыныстарын қолдауға бағытталған «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Құрылыс жұмыстарын «Мүгедектер қауымдастығы «Ел-Мұраты» қоғамдық бірлестігі атқарды.
2021 жылдан бері іске асырылып келе жатқан бағдарлама тұрғындарға жергілікті бюджетті бөлуге қатысып, өздері тұратын аумақты дамытуға қатысты ұсыныстарын енгізуге мүмкіндік береді. Биыл бағдарлама аясында төрт жоба іріктеліп, оларды жүзеге асыруға қалалық бюджеттен 205 млн теңге қарастырылған. Ал 2027 жылы тағы сегіз жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Соңғы жылдары Тараздың шеткі тұрғын алаптарында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар жұмыс атқарылды.
Атап айтқанда, 2023 жылы 6,2 млрд теңгеге Қызылабад, Жиделі, Тектұрмас, Қарасай, Шөлдала, Құмшағал, Казарма, 28 саяжай және Көлтоған алаптарында су құбырлары тартылып, 40 мыңнан астам тұрғын сапалы ауызсумен қамтылды.
Білім беру инфрақұрылымы да жаңартылды. 2024 жылы Казарма алабында 180 орындық, ал 2025 жылы Шөлдала тұрғын алабында 600 орындық «Келешек мектебі» пайдалануға берілді.
Сонымен қатар 2024–2025 жылдары Құмшағал, Шөлдала және 28 саяжай тұрғын алаптарындағы 320 көшеге қиыршық тас төселді. Тұрғындардың өтініштері ескеріліп, көшелерді жарықтандыру мәселесі шешіліп, қоғамдық көлік маршруттары ашылды.
Бұдан бөлек, 2024 жылы Құмшағал алабында заманауи спорт кешені салынса, 2025 жылы 140 орындық мәдениет үйі пайдалануға берілді.
Жаңа балалар ойын алаңы тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне және балалардың қауіпсіз ортада ойнауына мүмкіндік беретін нысандардың қатарын толықтырды.