Қазақ тілін жүрегіне жақын тұтқан

Кейде адамның болмысын оның аты-жөніне, түріне немесе ұлтына қарап бағамдап жатамыз. Ал шын мәнінде адамды адам ететін, оның дүниетанымы мен мінезін қалыптастыратын – өскен ортасы, алған тәрбиесі, араласқан ортасы мен жүрегіне жақын құндылықтары. Бұл тұрғыдан алғанда Снежана Альжеваның өмір жолы көп нәрсеге ой салады.

Ұлты – орыс. Бірақ қазақы ортада өсіп, қазақ тілін бала күнінен бойына сіңірген. Мектепті орыс тілінде тәмамдағанымен, жоғары білімді қазақ тобында алды. Бастапқыда орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болуды армандаған ол кейіннен журналистика саласына қызығушылығы ояна бастайды. Бүгінде болашағын қазақ журналистикасымен байланыстырып, мемлекеттік тілде еркін сөйлеп қана қоймай, сол тілдің тазалығы мен қадіріне мән беретін маман болуға ұмтылып жүр.
Көшеде бейтаныс адам Снежананы сыртқы келбетіне қарап, көбіне орыс тілінде сөзге тартады. Ал ол қазақша жауап бергенде әлгі адамның жүзінен таңданыс байқалады.
«Ұлтым – орыс. Бірақ өскен ортам, жүрегіме жақын тілім, таңдаған жолым мені басқа қырынан танытады», – дейді Снежана. Оның бұл сөзі – адамның болмысын ұлтпен ғана шектеп қоюға болмайтынын көрсететін өмірлік ұстаным. Өйткені тіл де, тәрбие де, орта да адамның жүрегіне із қалдырады.
Адамның кім болып қалыптасуына оның туған жері мен өскен ортасының ықпалы зор. Снежананың балалық шағы табиғаты көркем Меркі ауданында өтті. Ел ішінде «Жердің көркі – мерейлі Меркі» деп бағаланатын мекен оның мінезі мен дүниетанымының қалыптасуына өзіндік әсерін тигізді.
Туған жердің адамға берері кейде көзге көрінбейді. Бірақ оның ізі көңілде қалады. Снежана үшін Меркі – балалық шағының бояуы сақталған, алғашқы достары табылған, өмірге деген алғашқы көзқарасы қалыптасқан қасиетті мекен.
Ол отбасында әкесі, анасы және сіңлісімен бірге өсті. Әкесі – орыс, анасы – қазақ. Бір шаңырақ астында екі тіл қатар қолданылғанымен, қазақ тілі Снежананың жүрегіне бала күнінен жақын болды.
– Өзімді танығалы анаммен көбіне қазақша сөйлестім. Сіңлім менен гөрі орыс тіліне жақындау болды. Бірақ біздің отбасымызда екі тілдің қатар өмір сүруі қалыпты жағдай еді, – дейді ол.
Қазақ тілі Снежанаға тек отбасынан ғана емес, өскен ортасынан да сіңді. Балалық шағында оның айналасындағы достарының дені қазақ балалары болды. Бірге ойнап, бірге өскен балалардың күнделікті әңгімесі, ауладағы қарым-қатынас, көрші-қолаңның тіршілігі – бәрі оның тілдік ортасын қалыптастырды. Сондықтан қазақ тілі оған оқулықтан үйренген тіл емес, бала күнінен құлағына сіңіп, жүрегіне орныққан табиғи тіл болды.
Мұны көшеде кездесетін қарапайым бір жағдайдан да аңғаруға болады. Бейтаныс адам Снежанаға түріне қарап орыс тілінде тіл қатады. Ал ол қазақша жауап бергенде, әлгі адамның жүзінен таңданыс байқалады. Бір ғана жауаптың өзі оның болмысы туралы көп нәрсені аңғартып тұрғандай. Алайда Снежана үшін мұндай жағдай таңсық емес. Керісінше, осындай сәттер оның өзі туралы көбірек ойлануына себеп болған.
Снежана бала кезінде әжесінің тәрбиесін көріп өсті. Қазақы шаңырақтағы үлкеннің сөзін тыңдау, кішіге ізет көрсету, адамды сыйлау, кішіпейіл болу секілді қасиеттер оның бойына әженің тәлімі арқылы сіңді. Әже тәрбиесінің ерекшелігі де осында шығар. Кейде өмірлік үлкен сабақ ұзақ айтылған ақылдан емес, күнделікті қарапайым әрекеттен беріледі. Үлкенге сәлем беру, дастарқанның қадірін білу, қонақты құрметтеу, адамды ұлтына емес, адамдығына қарап сыйлау – осындай қарапайым дүниелер баланың мінезіне айналады.
Мектепті Снежана орыс тілінде тәмамдады. Алғашқы арманы да айқын еді. Ол орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болуды қалады. Тіл мен әдебиетке деген қызығушылығы оны осы мамандыққа жетеледі. Алайда ол журналистикаға келді.
Алғашында бұл таңдау кездейсоқ жасалғандай көрінгенімен, уақыт өте келе журналистиканың өзіне жақын мамандық екенін түсінді. Себебі журналистикада оның бала кезден қызыққан дүниелері – тіл, әдебиет, адам тағдыры, ой, ізденіс пен қоғаммен байланыс тоғысты.
Университетке түсерде ол орыс тобына қабылданамын деп ойлады. Бірақ тағдыр оны қазақ тобына алып келді. Бұл жаңалыққа таңғалғандар да болды. «Орыс қызы қазақ тобына қалай түсті?» деген сауал кейбірінің көзқарасынан аңғарылатын.
Ал Снежана үшін қазақ тобы бөтен орта болған жоқ. Керісінше, ол өзін еркін сезінді. Топтастары мен ұстаздары да оның қазақша еркін сөйлейтінін байқап, таңданыстарын жасырмады.
«Қазақшасы судай екен» деген жылы сөздер оған қуаныш сыйлағанымен, жауапкершілігін де арттырды. Өйткені мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін адам үшін сол тілдің тазалығын сақтау, дұрыс қолдану – үлкен міндет.
Журналистика факультетінде Снежана өз бойындағы тағы бір олқылықты байқады. Ол «ң» дыбысын дұрыс айта алмайтын болып шықты. Мектепте орыс тілінде білім алғандықтан, бұл кемшілікті бұған дейін өзі де, айналасындағылар да аса аңғармаған. Ал журналистикада әр дыбыстың, әр сөздің салмағы бар. Әсіресе эфирге шығып, жаңалық жүргізуді армандаған адам үшін тіл тазалығы – кәсіби талап.
Бір күні мәтін оқып отырып, осы кемшілігін анық сезінді. «Мен қалай журналист боламын?» деген ой көңілін мазалады. Бірақ ол өзіне күмән келтіріп, арманынан бас тартқан жоқ. Керісінше, сол бір ғана дыбысты дұрыс айту үшін өзімен жұмыс істеді. Кемшілігін әлсіздік емес, өсуге мүмкіндік деп қабылдады. Осылайша Снежана үшін «ң» әрпі жай ғана дыбыс емес, табандылықтың белгісіне айналды.
Бүгінде университет қабырғасында өткен сол күндерге көз жүгірткенде, оның өміріндегі әрбір бұрылыстың өз мәні болғанын аңғаруға болады. Орыс мектебі, қазақ тобы, журналистикаға кездейсоқ келгендей көрінген таңдау, тілдегі кішкентай кемшілік – барлығы оны бүгінгі болмысына алып келді.
Қазақ тілі оның өмірінде тек қарым-қатынас құралы емес. Ол – балалық шағының үні, анасының сөзі, әжесінің тәрбиесі, достарының әңгімесі, туған жерінің тынысы. Сондықтан Снежана үшін қазақ тілін білу – біреуге өзін дәлелдеудің амалы емес. Бұл – өзі өскен ортаға деген құрмет, өз болмысының бір бөлшегі.
Адамды кейде сыртқы келбетіне, ұлтына қарап бағалайтынымыз бар. Бірақ адамның кім екенін анықтайтын өлшем тек ұлтпен шектелмейді. Оның қандай ортада өскені, кімнен тәлім алғаны, қандай құндылықтарды бойына сіңіргені, жүрегі нені қалағаны да маңызды. Снежананың өмір жолы осыны аңғартады.
Ол – қазақы ортада тәрбиеленген, қазақ тілін жүрек қалауымен меңгерген, бүгінгі кәсіби жолын қазақ журналистикасымен байланыстырған жас маман.
Ақын Қасым Аманжоловтың «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда…» деген сөзі бар. Снежананың да өз болмысын бір ғана ұлттың атауымен шектемей, өзі өскен ортамен, алған тәрбиесімен, сүйген тілімен танытқысы келетіні сондықтан. Ұлтты сүюдің бір ғана өлшемі жоқ. Ал туған елдің тілін құрметтеу – жүректен шығатын сезім.

Мақпал СҮЙІНБАЙ,
журналист

Comments (0)
Add Comment