Күздің салқын лебі сезіліп, түнгі ауа температурасы төмендей бастаған сәттен-ақ тұрғын үйлерде пештер жағылып, электр жылыту құрылғылары іске қосылады. Әсіресе жеке тұрғын үйлерде жылу маусымының басталуы қауіпсіздік мәселесін қайтадан күн тәртібіне шығарады. Өйткені үй ішін жылытуға арналған қарапайым ғана пештің дұрыс пайдаланылмауы немесе электр құрылғыларына немқұрайлы қарау орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін.
Тараз қаласында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыстар тұрақты жүргізілгенімен, тұрғындардың өз қауіпсіздігіне деген жауапкершілігі айрықша маңызды. Жыл басынан бері қала аумағында 172 өрт оқиғасы тіркелген. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 254 өртті құраған. Биыл өрт салдарынан 2 адам қаза болып, 1 адам жарақат алған. Ал өткен жылы 1 адам қаза тауып, 11 адам жарақаттанған.
Жылыту маусымы басталғалы бері әлеуметтік осал топқа жататын азаматтардың тұрғын үйлеріне 21 улы газды анықтайтын датчик орнатылып, 20 тұрғын үйдің пеш құбырлары мен түтін мұржаларын тазарту жұмыстары жүргізілді.
Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы жергілікті атқарушы органдармен және басқа да мүдделі ұйымдармен бірлесіп профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді. Статистикада оң өзгеріс бар. Дегенмен, әрбір өрттің артында адамның тағдыры, отбасының тыныштығы мен күнделікті тіршілігі тұрғанын ескерсек, бұл көрсеткіштерге жай ғана сан ретінде қарауға болмайды. Сондықтан жылыту маусымы басталмас бұрын әрбір тұрғын өз үйіндегі пеш пен түтін мұржасының техникалық жағдайын мұқият тексеруі қажет. Қажет болған жағдайда жөндеу жұмыстарын жүргізіп, мұржаны күйеден тазартқан дұрыс. Түтін құбырларындағы жарықтар сазды-құмды ерітіндімен сыланып, шатыр мен төбеден өтетін бөліктерінің ақаусыз- дығына көз жеткізілуге тиіс.
Пеш жағылған кезде оны қараусыз қалдыруға болмайды. Әсіресе, балалардың пешке жақындауына жол бермеу қажет. Қатты аяз кезінде пешті ұзақ уақыт бойы үздіксіз қыздыру да қауіпті. Мұндай жағдайда пешті күніне бірнеше рет қысқа уақыт жағу ұсынылады. Пештің маңында отын, қағаз, киім, жиһаз және басқа да жанғыш заттарды сақтауға болмайды. Киім-кешекті пештің үстінде немесе оған тым жақын жерде кептіру де қауіпті.
Ағаш еденге орнатылған пештің алдына көлемі кемінде 0,5х0,7 метр болатын жанбайтын материалдан жасалған алдын ала жағу парағы төселуге тиіс. Бұл қарапайым талап оттың еденге немесе айналадағы жанғыш заттарға таралуының алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге пештер мен өзге де жылыту құрылғыларының жанғыш конструкциялардан тиісті өртке қарсы арақашықтығы сақталуы қажет.
Жылыту маусымындағы қауіп тек пешпен шектелмейді. Күн суытқан сайын тұрғындар электр жылытқыштарын да жиі пайдалана бастайды. Осы кезде электр желісіне түсетін салмақ артып, қауіпсіздік талаптарына немқұрайлы қараудың салдары ауыр болуы мүмкін. Сонымен қатар тұрғын үйлерге автономды өрт хабарлағыштарын орнату, электр сымдары мен ақаулы розеткаларды уақытылы жөндеу, газ және электр жабдықтарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау – әр отбасының басты міндеттерінің бірі.
Ескірген немесе ақаулы электр сымдары, жарамсыз розеткалар мен ажыратқыштар, электр желісінің шамадан тыс жүктелуі қысқа тұйықталуға себеп болып, соңы өртке ұласуы ықтимал. Сондықтан электр жылыту құрылғыларын пайдаланбас бұрын олардың жарамдылығын тексеріп, электр сымдарына, розеткаларға, ажыратқыштар мен штепсельдік қосылыстарға назар аудару қажет.
Электр жылыту құрылғылары мен газ плиталарын перделерден, жиһаздан және басқа да жанғыш материалдардан қауіпсіз қашықтықта, жанбайтын негізге орналастыру керек. Жылытқыштарды лак-бояу материалдары, еріткіштер және басқа да тез тұтанғыш сұйықтықтар сақталатын немесе қоқыстанған бөлмелерде пайдалануға болмайды.
Жылыту маусымында тағы бір маңызды мәселе – улы газдан сақтану. Түссіз әрі иіссіз улы газ адамның өміріне аса қауіпті. Оның үй ішінде жиналуы көбіне пеш пен мұржаның ақауынан, тартудың нашарлауынан немесе жылыту құрылғыларын дұрыс пайдаланбаудан болады. Сондықтан мұндай қауіптің алдын алу үшін түтін мұржаларының жағдайын үнемі бақылап, тұрғын үй-жайларды желдетіп отыру қажет.
Жылыту маусымында өз қауіпсіздігіңізге бейжай қарамаңыз. Үйден шығар алдында пештің, газ және электр жабдықтарының өшірілгеніне көз жеткізіңіз. Балаларды қарау- сыз қалдырмаңыз. Пеш пен электр жылыту құрылғыларын пайдалану кезінде белгіленген қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтаңыз.
Қауіпсіздік ережесін сақтау – артық сақтық емес, адам өміріне деген жауапкершілік. Өйткені өрттің алдын алу үшін кеткен бірнеше минут кейде бір отбасының бүтін өмірін сақтап қалуы мүмкін. Жылыту маусымын алаңсыз өткізу әрқайсымыздың сақтығымыз бен жауапкершілігімізге байланысты.
Еркебұлан ШАРИПБАЕВ,
Тараз қаласы Төтенше жағдайлар
басқармасының бас маманы