Алаяқтар айылын жияр емес

Қырағылық – кибералаяқтыққа қарсы басты қорғаныс

Бұрын ұрының қолы қалтаға түсіп, ақшадан көз жазып қалатынбыз. Қазір заман өзгерді. Қалтаңызға қол сұққан адамды емес, экранның ар жағындағы алаяқты іздеуге мәжбүрсіз. Бір қоңырау, бір хабарлама, бір ғана сілтеме – кейде жылдар бойы жиған қаражаттың тіпті өзіңіз алмаған несиенің көзді ашып-жұмғанша жоқ болуына жетіп жатыр. Бүгінде ұрлықтың ең қауіпті түрі көшеде емес, сенімнің ішінде жасалады. Алаяқтың арбауына түспеу үшін не істеу керек? Құзіретті органдар дабыл қағып жатса да халық неге әлі алданып жатыр? Бірге тарқатып көрейік.

Соңғы жылдары интернет-алаяқтықтың түрі көбейіп, қылмыскерлер заманауи технологияларды өз пайдасына шебер пайдаланып келеді. Өзін банк қыз- меткері ретінде таныстыру, жалған инвестициялық жоба ұсыну, интернет-дүкен арқылы алдау, әлеуметтік желіде туысының атынан ақша сұрау – бүгінде жиі кездесетін алаяқтық тәсілдерінің бір бөлігі ғана. Алаяқтардың алдау «шеберлігі» күн санап түрленіп жатыр. Қала тұрғыны Шахризат Исмайлова да қалай алаяқтың құрбаны болғанын түсінбей қалғанын айтады.
– Мен қарапайым мұғаліммін. Қосымша табыс тапсам деген ниетпен әлеуметтік желіден брокерлік компаниялардың жарнамасына қызығып, солардың өкілдерімен сөйлесе бастадым. Өздері бірінші болып хабарласты. Банк атын жамылған компанияның өкілдері мені арнайы чатқа қосып, «ақша табудың» жолдарын түсіндірді. Бәрі сондай сенімді көрінді. Алғашында 100 доллар сыйақы берді, кейін тағы 100 доллар аударды. Ақша шын мәнінде түскен соң, күмәндануға еш себеп көрмедім.
Бір күні сабақ үстінде телефоныма қоңырау түсті. Қоңырау шалған адам өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, «Сіздің шотыңыздан несие рәсімделіп жатыр. Оны шұғыл түрде бұғаттау қажет. Қазір телефоныңызға код келеді, сол кодты бізге айтыңыз», – деді.
Абдырап қалдым. Не болып жатқанын толық түсініп үлгерместен, телефоныма келген кодты айтып қойдым. Арада көп уақыт өтпей, тағы бір қоңырау түсті. «Сіздің шотыңыздан 5 миллион теңге шешілді», – деді ар жақтағы дауыс. Сол сәтте төбемнен мұздай су құйып жібергендей күй кештім. Бір сәтке не айтарымды да, не істерімді де білмей қалдым. Санамда бір ғана ой тұрды: «Бес миллион теңге қайда кетті?»
Менің абдырағанымды пайдаланғандай, олар бірден «көмектесуге» кірісті. Келесі қоңырау видеобайланыс арқылы болды. Экранның ар жағындағы адам өзін Қауіпсіздік комитетінің қызметкері ретінде таныстырды. Қызметтік куәлігін көрсетті. Бәрі шынайы көрінді. Мен тағы да сендім. Ол маған жағдайдың өте күрделі екенін айтты.
«Сіздің шотыңыздан Украинаға ақша аударылған. Бұл соғысты қаржыландыруға байланысты операция ретінде қарастырылуы мүмкін. Сіз терроризмді қаржыландыру бойынша күдікке ілінуіңіз ықтимал. Қазір шотыңызды толтырып, ақша аударылмағанын дәлелдеу керек», – деді.
Сөйтіп, ақша іздей бастадым. Қайдан тапсам да, әйтеуір шотымды толтыруым керек деп ойладым. Анамның атына несие алдырдым. Достарымнан, таныс- тарымнан қарыз сұрадым. Біреуден аз, біреуден көп алдым. Адамдардан ақша сұрауға өзім де қысылдым. Бірақ сол кезде ұяттан бұрын қорқыныш басым болды.
Жиналған ақшаның бәрін әлгі брокерлік шотқа салдым. Бірақ содан кейін шотым бұғатталып қалды. «Неге бұғатталды?» деп жетекшіме хабарластым. Брокерлік компанияның өкілдеріне де қоңырау шалдым. Олар тағы бір сылтау айтты. «Шотыңыз бұғатта тұр. Оны ашу үшін тағы 600 мың теңге салуыңыз керек. Содан кейін шотыңызға толық соманы қайтарамыз», – деді.
Сол кезде жанымдағы құрбыларым жағдайдың күмәнді екенін айта бастады. «Бұл – алаяқтар. Ақшаңды тағы жіберме», – деп ескертті. Бірақ мен оларға да бірден сене алмадым. Өйткені әлгі адамдардың сөзіне бірнеше ай бойы сеніп келдім. Олар менің сеніміме кіріп, біртіндеп өздеріне тәуелді етіп қойғанын түсінбедім. Ақыры құрбым сол «брокерлік компанияны» жан-жақты тексеріп, оның шын мәнінде жоқ екенін дәлелдеп берді. Сонда ғана көзім ашылды. Бірақ ол сәтте бәрі кеш болды.
Қазір мойнымда шамамен 10 миллион теңге қарыз бар. Ал мен құзырлы органдардың табалдырығын тоздырып жүрмін. Бір кездері қосымша табыс тауып, отбасымның жағдайын жақсартсам деген қарапайым ниетпен бастаған ісімнің соңы осылай болады деп ешқашан ойлаған жоқпын.
Ең қиыны – мен ақшамды ғана жоғалтқан жоқпын. Өзімнің аңғалдығым үшін жақындарымның алдында да жауапты болып қалдым. Алаяқтардың бір қоңырауы менің алдағы жылдарымды қарызға байлап қойды, – дейді тұрғын.
Қазіргі алаяқтарды құдды бір психолог па дерсің. Адамның іші-бауырына кіріп, болмаса осал тұсын тауып, үрейдің астына алады. Құқық қорғау саласының тергеушісі болып «жемтігінің» әлде бір заңбұзушылыққа қатысы бар екенін «қару етіп», тығырыққа тірейді. Қорқытады, үркітеді. Тіпті жала жабады. Адамдардың саяси, құқықтық және қаржылық сауатының саяздығын пайдаланып, небір қитұрқы амалға барып жатыр. Мұндай фактілер күн өткен сайын көбейіп келеді. Бұл жайында жауапты сала мамандары да дабыл қағуда.
– Қазіргі уақытта интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлерінің бірі – банк қызметкері болып қоңырау шалу. Бұдан бөлек, жоғары табысқа қысқа мерзімде қол жеткізуді уәде ететін жалған инвестициялық жобалар да азаматтарға айтарлықтай қауіп төндіреді. Алаяқтар арнайы сайттар мен мобильді қосымшалар жасап, олардың шынайы инвестициялық платформа екеніне сендіреді. Алғашқы кезеңде аз мөлшердегі пайда көрсетіп, азаматты одан әрі қомақты қаражат салуға итермелеуі мүмкін.
Ал алаяқтық фактісі болған жағдайда полицияға мүмкіндігінше тез арада хабарласқан жөн. Уақытты жоғалтпау маңызды, өйткені қылмыстық жолмен алынған ақша қысқа мерзім ішінде бірнеше шотқа бөлініп, басқа банк карталарына немесе электрондық әмияндарға аударылуы мүмкін.
Мұндай жағдайда ақша аударымының чегін, транзакция нөмірін, алушының деректерін, телефон нөмірлерін және алаяқпен болған барлық хат-хабарларды сақтау қажет. Хаттарды өшіруге, телефонды бастапқы зауыттық баптауларға қайтаруға болмайды.
Кибералаяқтық қылмыстарын тергеу тек телефон нөмірін анықтаумен шектелмейді. Тергеу барысында ақша қаражатының қозғалысы, банк операциялары, телефон нөмірлері, интернет-ресурстар, әлеуметтік желідегі аккаунттар, IP-мекенжайлар, пайдаланылған құрылғылар және басқа да цифрлық іздер талданады.
Алаяқтың телефон нөмірі, банк картасының нөмірі немесе WhatsApp аккаунтының болуы тергеу үшін маңызды ақпарат болып саналады. Алайда бұл деректердің өзі қылмыстың нақты ұйымдастырушысын бірден анықтайды дегенді білдірмейді. Себебі қылмыс- керлер кей жағдайда бөтен адамдардың банк карталарын, SIM-карталарын немесе аккаунттарын пайдалануы мүмкін.
Сондықтан азаматтар полицияға қолдарында бар барлық ақпаратты ұсынуы қажет. Атап айтқанда, алаяқтың телефон нөмірі, WhatsApp немесе Telegram аккаунты, хат алмасулардың скриншоттары, дауыс хабарламалары, қоңыраулар тарихы, ақша аударымдарының чектері, сайттардың сілтемелері, жалған жарнамалар, электрондық хаттар, жіберілген құжаттар мен файлдар, сондай-ақ оқиғаның нақты уақыты мен мән-жайлары тергеу үшін маңызды болуы мүмкін. Сондықтан кез келген күмәнді жағдайда сабыр сақтап, ақпаратты тексеру және қажетті жағдайда банк пен полицияға дереу жүгіну қажет, – дейді Тараз қаласы ПБ Киберқылмыстарды тергеу бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны Дидар Өскенбай.
Интернеттегі алаяқтықтан сақтану үшін азаматтардың қаржылық сауаттылығы мен қырағылығы маңызды. Банк мамандары да клиенттерді күмәнді қоңыраулар мен операцияларға мұқият болуға шақырады. Осы орайда банк қызметкері алаяқтықтың алдын алу және күмәнді жағдайға тап болған кезде қандай әрекет жасау керектігі жөнінде өз кеңесімен бөлісті.
– Келіп түскен арыздарды талдау барысында қала тұрғындарының интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлерінің бірі – фишинг әдісіне жиі тап болатыны байқалады. Алаяқтар алдау арқылы азаматтардың жеке деректерін, банк картасының нөмірін, құпия кодтарын, мобильді банкингке арналған логиндері мен құпия сөздерін иемденіп, кейін оларды заңсыз мақсатта пайдалануы мүмкін.
Фишинг әдістері жыл сайын жетілдіріліп келеді. Алаяқтар белгілі компаниялардың атынан жалған сайттар мен сілтемелер таратып, инвестиция салуды, қайырымдылық жасау немесе қандай да бір қызметті пайдалануды ұсынады. Сондай-ақ өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, несие рәсімделіп жатқанын немесе шотқа шабуыл жасалғанын айтып, азаматтарды телефонға қашықтан басқару бағдарламаларын орнатуға көндіретін жағдайлар кездеседі.
Бұдан бөлек, маркетплейстерде сатушы немесе сатып алушы болып танысу, QR-код арқылы төлем жасатуға тырысу, сондай-ақ салық, коммуналдық қызмет, курьерлік қызмет немесе дүкен қызметкері ретінде хабарласу сияқты тәсілдер де қолданылады.
Егер азамат алаяқтардың құрбаны болып, осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалса, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тиісті жағдайларда қарыз бойынша пайыздар, айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептеу және берешекті өндіріп алу тоқтатылуы мүмкін. Қаржы ұйымының қауіпсіздік талаптарын бұзғаны анықталған жағдайда, заңнамада көзделген тәртіппен берешекті есептен шығару мүмкіндігі де қарастырылған.
Ең бастысы – қаржылық мәселеде асығыс шешім қабылдамай, күмән туындаған жағдайда банкке ресми байланыс арналары арқылы хабарласып, жақындарыңызбен немесе мамандармен кеңесу, – дейді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Тараз қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының бастығы Дәурен Төлепбергенов.
Алаяқтар бір жылда отандастарымыздың 16,5 млрд теңгесін жымқырып, қалтасын қаққан. Күн сайын дерлік ескерту жасалып, сақтық шаралары айтылып жатса да, тапқан-таянғанынан айырылып қалатындар қатары азаймай тұр. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегінше, былтыр елімізде 5,1 мың алаяқтық несие рәсімделіп, келтірілген шығын 4,6 млрд теңгені құраған. Ал алдыңғы жылы 8,7 мың жағдай тіркеліп, 20,3 млрд теңге шығын келген еді. Көрсеткіштің төмендеуіне онлайн несие рәсімдеген кезде енгізілген міндетті күту уақыты, күшейтілген биометриялық сәйкестендіру, несие алуға ерікті түрде тыйым салу мүмкіндігі әсер еткен. Бірақ технология- лық тосқауылдың өзі алаяқтықты түбегейлі тоқтата алмайды.
Өйткені қылмыскер көбіне жүйені емес, адамның сенімін, қорқынышын және асығыс шешімін нысанаға алады. Сондықтан киберқауіпсіздіктің ең әлсіз тұсы да, ең мықты қорғанысы да – адамның өзі.
Алаяққа қарсы күрес тек жаңа заңмен немесе жаңа технологиямен шектелмеуі керек. Азамат күмәнді қоңырауды дер кезінде тоқтата алуы, жақыны алаяқтың арбауына түскенде оны кінәламай, көмек көрсете білуі қажет. Себебі ұят пен қорқыныш қылмыскердің қаруына айналған жерде, цифрлық сауаттылықтың өзі жеткіліксіз.
Алаяқтың айласын емес, өз эмоциямызды бірінші жеңе білсек қана, қаржымызды да, дерегімізді де қорғай аламыз.

Арайлым ШАБДЕНОВА

Comments (0)
Add Comment