Тараз сервис және технология колледжінде Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Цифрлық әлемде қауіпсіз қадам» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Кездесудің негізгі мақсаты – жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру, дропперлік ұғымы туралы түсінік қалыптастыру және жастардың заңсыз қаржылық операцияларға тартылуының алдын алу.
Іс-шараны Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ Ұйымдастыру және Жастар бастамалары секторының жастар ісі жөніндегі маманы Нұрзат Амангелді модераторлық етіп жүргізді.
Кездесуге Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің спикерлері Жұлдыз Тұрдалиева және Ілиас Келес қатысып, жастарға дропперліктің қауіптілігі туралы ақпарат берді.
Спикерлер өз сөздерінде дропперлердің заңсыз қаржылық операцияларға тартылу жолдарына тоқталып, банк картасын, шотын немесе жеке деректерін бөгде адамдарға берудің құқықтық салдары туралы түсіндірді. Сонымен қатар жастарға әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы ұсынылатын «оңай ақша табу» жөніндегі күмәнді ұсыныстарға сақтықпен қарау қажеттігі айтылды.
Кездесу барысында қатысушыларға қаржылық алаяқтықтың алдын алу, жеке және банк деректерін қорғау, күмәнді ақша аударымдарына қатыспау жөнінде пайдалы кеңестер берілді.
Іс-шара соңында жастар спикерлерге өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, дропперлікке қатысты маңызды ақпараттармен танысты.
Кездесу жастардың қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыруға, сондай-ақ оларды заңсыз қаржылық әрекеттерге тартудың алдын алуға бағытталды.