«Сезімге толы өлең әлемі»: Күләш Ахметованың 80 жылдығына арналған әдеби-сазды кеш өтті

Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «Жамбыл облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен қазақтың көрнекті ақыны, сыршыл жырдың саңлағы Күләш Ахметованың 80 жылдығына арналған «Сезімге толы өлең әлемі» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығында ұйымдастырылған тағылымды шараның негізгі мақсаты – ақынның саналы ғұмырын арнаған шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау, сырлы поэзиясының қадір-қасиетін жас ұрпаққа таныту және ұлттық сөз өнерінің рухани құндылықтарын дәріптеу.

Күләш Ахметованың поэзиясы – жүрек пен сезімнің, сағыныш пен сырдың, адамдық пен адалдықтың көркем өрнегі. Ақын шығармаларынан туған жерге деген перзенттік махаббат, анаға деген құрмет, адамға деген ізгілік пен өмірге деген сүйіспеншілік айқын аңғарылады. Оның әрбір өлеңі оқырманын терең ойға жетелеп, жүрекке жылу сыйлайтын сырлы әлем іспетті.

Әдеби-сазды кеш барысында ақынның өмірі мен шығармашылық жолы кеңінен сөз болып, оның қазақ поэзиясындағы өзіндік орны, қаламгерлік қолтаңбасы мен әдебиетке қосқан үлесі туралы тағылымды пікірлер айтылды.

Шара шымылдығы Күләш Ахметованың 80 жылдық мерейтойына арнайы жолданған Дидар Апбасовтың арнауымен ашылып, ақынға деген құрмет пен ізгі лебіз көрініс тапты.

Кешке арнайы шақырылған қонақтар – жазушы, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан журналистер одағының мүшесі Көсемәлі Сәттібайұлы, ақын, Күләш Ахметованың өмірлік жары Қайырбек Асанов және ақын Назерке Оңғар Сайлауқызы ақынның шығармашылығы, өмір жолы мен азаматтық болмысы жайында сыр шертіп, естеліктерімен бөлісті.

Әсіресе, Қайырбек Асановтың ақынның өмірі мен шығармашылық ізденістері туралы айтқан естеліктері кеш мазмұнын байыта түсті. Күләш Ахметованың жан дүниесі мен шығармашылық болмысын жақыннан таныған азаматтың сырлы әңгімелері көпшілікке ақын тұлғасының беймәлім қырларын тереңірек танытты.

Ал Көсемәлі Сәттібайұлы ақынның әдеби ортадағы орны, шығармашылық байланыстары мен қазақ әдебиетіне қосқан өзіндік үлесі жөнінде ой қозғап, Күләш Ахметованың жыр әлеміндегі дара қолтаңбасына тоқталды.

Кеш барысында ақынның нәзік лирикасы мен сырлы жырлары көркемсөзбен өріліп, орталық жанындағы үйірме оқушылары Күләш Ахметованың өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Жас буынның ақын жырларына деген ықыласы мен көркем оқу шеберлігі поэзияның рухани қуатын сезіндіре түсті.

Әдеби кештің сазды бөлігін жыршы-термеші, үйірме жетекшісі Сәрсенбай Абылқайыр жалғастырып, «Сен мені шақырдың ба?» шығармасын орындады. Әуезді әуен мен сырлы сөз астасып, кештің көркемдік мазмұнын аша түсті.

Шара соңында Бекарыс Көштаевтың «Адал жүрек» шығармасын орындауы әдеби-сазды кештің әсерлі түйініне айналды.

Күләш Ахметованың жырлары – уақыт өткен сайын мәні тереңдеп, тағылымы толыға түсетін рухани қазына. Ақынның сырлы өлеңдері адам жүрегіндегі нәзік сезімдерді тербеп, оқырманын ізгілікке, адамдыққа, туған елді сүюге үндейді.

Кеш барысында ақын мұрасының бүгінгі ұрпақ үшін де маңызын жоғалтпағаны айқын көрінді. Күләш Ахметованың көркемдік әлемі – ұлттық поэзияның алтын қорындағы өзіндік орны бар, келер ұрпаққа аманат болар асыл мұра.

Comments (0)
Add Comment