Адалдық пен ашықтық – жемқорлыққа қарсы басты қағидат

«Бақытты болашақ» оқушылар сарайында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс: адалдық пен ашықтық кепілі» тақырыбында семинар өтті.

Іс-шараны Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті мен Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы бірлесіп ұйымдастырды.

Семинарға Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының басшысы Нұрбек Әбубекұлы Оршубеков, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Болат Исаханұлы Көпдікбаев, «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Қасымхан Естемесұлы Төлендиев, Жамбыл облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Айбек Жаханбайұлы Тасеменов, сондай-ақ білім бөлімдері мен білім беру ұйымдарының басшылары және комплаенс қызметіне жауапты мамандар қатысты.

Жиын барысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, қызметтік әдеп нормаларын сақтау, мүдделер қақтығысын болдырмау және білім беру саласында адалдық пен ашықтық қағидаттарын нығайту мәселелері талқыланды.

Қатысушыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметінің міндеттері мен маңызы түсіндіріліп, ұйымдарда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың тиімділігін арттыру жолдары қарастырылды.

Сонымен қатар семинар барысында мемлекеттік қызметшілер мен білім беру ұйымдарының қызметкерлері үшін әдеп талаптарын сақтау, шешім қабылдау кезінде заңдылық пен әділдік қағидаттарын басшылыққа алу, сондай-ақ мүдделер қақтығысына жол бермеудің маңыздылығы атап өтілді.

Семинар қорытындысында білім беру саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыру, комплаенс қызметінің рөлін күшейту және қоғамның мемлекеттік органдар мен білім беру ұйымдарына деген сенімін арттыру қажеттігі айтылды.

Адалдық пен ашықтық – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың негізгі тетіктерінің бірі. Осы бағыттағы жүйелі жұмыс білім беру саласында әділ әрі жауапты ортаны қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Comments (0)
Add Comment