Көне шаһарда есірткімен күрес күшейіп келеді

Есірткіге қарсы күрес – қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі. Сондықтан жас ұрпақты зиянды әдеттерден қорғау, олардың есірткі және психотроптық заттардың адам өмірі мен денсаулығына тигізер зардабы туралы түсінігін қалыптастыру баршаның ортақ міндетіне айналып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастар арасында есірткі қылмысының алдын алу, нашақорлықпен күресті күшейту және салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырудың маңыздылығын бірнеше рет атап өткен еді. Президенттің тапсырмасы аясында бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстарды күшейтуге, жастарды спорт пен қоғамдық пайдалы іске тартуға ерекше мән берілуде. Бұл тұрғыда Тараз қаласында да ілкімді істер жүзеге асырылып жатыр. Айталық, қалалық полиция басқармасы Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің мәліметінше, шаһар аумағында есірткіге қатыс- ты жалпы 117 құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде – 77-сі қылмыс, 40-ы қылмыстық теріс қылық санатына жатады.
– Қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде ағымдағы жылдың 9 айында заңсыз айналымнан жалпы көлемі 142 келі 411 грамм 46 миллиграмм түрлі есірткі заттары тәркіленді. Оның ішінде 3 келі 80 грамм 83 миллиграмм гашиш, 17 грамм 59 миллиграмм героин, 135 келі 793 грамм 2 миллиграмм марихуана, 1 келі 234 грамм 94 миллиграмм каннабис өсімдігі, 63 грамм 68 миллиграмм каннабис шайыры және 2 келі 221 грамм 14 миллиграмм синтетикалық есірткі бар. Сонымен қатар есірткі қылмысының алдын алу және оның таралуына жол бермеу бағытындағы жұмыстар да күшейтілді. Атап айт- қанда, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 299-1-бабына сәйкес есірткі және психотроптық заттарды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау фактілері бойынша 5 қылмыстық іс тіркелді. Шаһар аумағында анықталған 152-ден астам есірткіге қатысты граффити жазбалары өшіріліп, олардың қайта пайда болуына жол бермеу мақсатымен тиісті жұмыстар жүргізілді.
Заңсыз есірткі айналымының қаржылық тетіктерін тоқтатуға да айрықша мән берілуде. Осы бағытта «Антифрод» жүйесі арқылы нақты шаралар қабылданып, банктік шоттарды бұғаттау үшін 1 144 шот енгізілді. Ал жүргізілген алдын алу шараларының нәтижесінде бұғатталған заңсыз қаражат көлемі 5 526 615,01 теңгені құрады.
Есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған жедел-профилактикалық шаралар да тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Оның аясында 8 жедел мобильдік топ құрылып, қызметтік міндеттерін атқаруға 24 қызметкер мен қызметтік-іздестіру иттері жұмылдырылды. Жедел топтар қажетті техника, арнайы жабдықтар және қызметтік автокөліктермен қамтамасыз етілген. Аталған іс-шара басталғалы Тараз қаласы аумағында 12 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, олардан 11 келі 106 грамм 57 миллиграмм түрлі есірткі заты тәркіленді. Бұдан бөлек, 5 адам қылмыстық теріс қылық және әкімшілік жауапкершілікке тартылып, олардан 11 грамм 4 миллиграмм есірткі алынды, – дейді қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі.
Бүгінде есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресте оның таралу арналарының алдын алумен қатар, дәрілік және психотроптық заттардың заңсыз айналымына да бақылау күшейтілген. Соның дәлелі – биылғы 21 қыркүйектен бастап «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасының үшінші кезеңі жүргізілуде. Шара барысында 28 дана «Тригоболин» психотроптық заты, 3 келі 800 миллиграмм марихуана, 25 данаға оралған синтетикалық есірткі және 3 дана азот тотығы тәркіленген. Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 82-бабына сәйкес, дәрігердің рецептінсіз арнайы санаттағы дәрілік заттарды тұтынушыларға сатқан дәріханалар да жауапкершілікке тартылыпты.
Дегенмен, есірткі қылмысына қарсы күрестің нәтижелі болуы тек құқық қорғау органдарының жедел жұмысына ғана емес, оның алдын алуға бағытталған түсіндіру және тәрбиелік шаралардың жүйелілігіне де байланысты. Осыған орай Тараз қаласы Полиция басқармасы Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері жастар арасында профилактикалық жұмыс- тарды да тұрақты жүргізіп келеді. Есепті мерзім аралығында бекітілген жоспарға сәйкес орта және жоғары оқу орындарының оқушылары мен студенттері арасында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған 473 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Оның ішінде 85 акция, 51 «дөңгелек үстел», 36 семинар, 150 лекция, 35 конкурс және 42 спорттық іс-шара бар. Мұндай кездесулер барысында жастарға есірткінің адам денсаулығына, психологиялық жағдайына және болашағына тигізетін кері әсері түсіндіріліп, құқықтық жауапкершілік мәселелері кеңінен айтылуда. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, спортқа, шығармашылыққа және қоғамдық пайдалы іске қызығушылығын арттыруға бағытталған бастамалар да осы жұмыстардың маңызды бөлігіне айналып отыр. Атқарылған профилактикалық жұмыстардың барысы мен нәтижелері Тараз қаласы Полиция басқармасының Instagram әлеуметтік желісіндегі @taraz_police парақшасында тұрақты түрде жарияланады.
Қоғам дертімен күреске тараздық жастар да белсене атсалысып жатыр. Бұл бағытта қалалық Жастар ресурстық орталығы тарапынан Жамбыл облыстық полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, «Januia medical center» ЖШС орталығы, Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығы және Жамбыл облыстық ЖИТС орталығымен бірлесіп профилактикалық іс-шаралар жоспары бекітілді. Соған сәйкес және жоспардан тыс ұйымдастырылған жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері 56 профилактикалық іс-шара өткізілді. Оның ішінде 9 семинар-тренинг, 25 кездесу, 8 акция, 4 спорттық іс-шара, 9 граффити жазуларын өшіру жұмысы және 1 сұхбат ұйымдастырылды. Аталған іс-шараларға жалпы 4 500-ге жуық жас қамтылды.
Профилактикалық жұмыстар тек дәріс пен кездесулермен шектелмейді. Облыстық полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және Кинология орталығымен бірлесіп жастар арасында тұрақты түрде түсіндіру кездесулері, акциялар және өзге де профилактикалық іс-шаралар да ұйымдастырылуда.
– Қазіргі таңда есірткі қылмысының алдын алуда ерекше назар аударуды қажет ететін бағыттардың бірі – заңсыз граффити жазуларын жою. Мұндай жазулардың қоғамдық орындарда пайда болуы жастарға кері әсер етіп, есірткіні насихаттау мен заңсыз айналымға жол ашады. Сондықтан шаһар аумағында осындай жазуларды анықтау бойынша тиісті жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Бүгінге дейін атқарылған жұмыстардың нәтижесінде шаһар аумағындағы 250 локацияда анықталған граффити жазулары өшірілді. Сонымен қатар граффити жазуларын өшіру бойынша 10 акция ұйымдастырылып, олардың барысында 150 локациядағы граффити жазулары жойылды.
Бұл бағыттағы жұмыстарға жастардың өздерін де белсенді тартудың маңызы зор. Өйткені туған қаласының тазалығына үлес қосып, қоғамдық ортаға жауапкершілікпен қарау – азаматтық белсенділіктің нақты көрінісі. Осы ретте еріктілердің қоғамдық бастамаларын қолдауға бағытталған «Заң мен тәртіп» жобасын атап өтуге болады. Жоба аясындағы жұмыстарға волонтерлар де кеңінен тартылуда. Аталмыш бастамаға белсенділік танытып жүрген 10 волонтерға атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша 50 мың теңгеден қаржылай сыйақы беру жоспарланып отыр, – дейді қалалық Жастар ресурстық орталығының директоры Азамат Лесбек.
Нашақорлықпен күресте жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырудың да маңызы зор екені белгілі. Осыған байланысты орталық тарапынан салауатты өмір салтын насихаттау, жастарды спортқа тарту және олардың пайдалы ортада уақыт өткізуіне жағдай жасау бағытында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, ерлер арасында шағын футболдан 1 турнир, қыздар арасында волейболдан 1 турнир өткізілді. Спорттық шаралар жастар арасында салауатты бәсекелестікті қалыптастырып, командалық рухты күшейтуге мүмкіндік берді. Яғни, бұл бағыттағы жұмыс- тар бір реттік акциямен шектелмей, тұрақты профилактикалық сипат алып отыр.
Нашақорлықтың алдын алуда қазіргі заманғы ақпараттық құралдарды тиімді пайдалану да маңызды. Әсіресе жастардың басым бөлігі ақпаратты әлеуметтік желілерден алатынын ескерсек, профилактикалық жұмыс- тарды осы алаңдар арқылы жүргізудің мәні зор.
– Осы мақсатпен 26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай жастар арасында нашақорлықтың алдын алу және оның салдарын түсіндіруге бағытталған әлеуметтік мазмұндағы 4 қысқаметражды бейнеролик әзірленді. Ұзақтығы 1-8 минут аралығындағы бейнероликтер әлеуметтік желілерде жарияланды. Бұдан бөлек, жастардың шығармашылық әлеуетін пайдалана отырып, нашақорлыққа қарсы иммунитет қалыптастыруға бағытталған 1 постер, 1 фото және 1 бейнеролик байқауы ұйымдастырылды. Аталмыш күнге орай арнайы мерекелік кеш те өткізілді. Іс-шара барысында нашақорлықтың алдын алу, салауатты өмір салтын ұстану, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және қоғамдағы жауапкершілікті арттыру мәселелеріне назар аударылды. Бұл іс-шараларға жалпы саны 2 000-ға жуық қала тұрғыны қамтылды.
Есірткі қылмысының алдын алудың ең тиімді жолы – оның салдарымен күресуден бұрын, жастар арасында дұрыс түсінік қалыптастыру. Жасөспірім мен жастың есірткінің адам өмірін қалай өзгертетінін, оның денсаулыққа, отбасына және болашаққа тигізер зиянын ерте түсінуі маңызды. Осы бағытта Жамбыл облысында қолға алынған профилактикалық жұмыстардың ауқымы да, мазмұны да кеңейіп келеді. Бір жағынан құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілсе, екінші жағынан медицина мамандары тәуелділіктің денсаулыққа әсерін түсіндіреді. Ал спорттық және шығармашылық жобалар жастарға бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік береді. Еріктілердің қатысуымен жүргізіліп жатқан жұмыстар жастардың қоғамдық жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді. Мұндағы баршамыздың ортақ мақсатымыз – қоғам есірткіге қызығушылықтың өзіне жол бермейтін берік қоғамдық иммунитет қалыптастыру. Сондықтан әрбір жасқа дұрыс бағыт көрсету, оның спортпен, біліммен, шығармашылықпен және қоғамдық пайдалы іспен айналысуына жағдай жасау – нашақорлықпен күрестің ең тиімді жолдарының бірі, – дейді Азамат Қайратұлы.
Есірткісіз қоғам қалыптастыру – үздіксіз назар мен ортақ жауапкершілікті қажет ететін ұзақ жол. Бұл жолда отбасының тәрбиесі, мектептің тағылымы, достық ортаның ықпалы мен әр жастың өз таңдауының маңызы айрықша. Себебі бүгінгі жас – ертеңгі ел келбеті. Оның таңдауы өз тағдырына ғана емес, отбасының тыныштығы мен тұтас қоғамның келешегіне әсер етеді. Осы тұрғыдан келгенде әрбір жасқа сенім артып, оның бойындағы жақсы бастамаларды қолдау – баршамызға ортақ міндет. Өйткені салауатты әрі саналы ұрпақ қалыптасқан жерде қоғамның да болашағы баянды болмақ.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Comments (0)
Add Comment