«Картаңды бере тұр, ақша түседі де, оны басқа шотқа аударып жібересің. Соған ақша төлейміз». Қазір мұндай ұсыныс әлеуметтік желіде, мессенджерде немесе таныстар арқылы жасалуы мүмкін. Бір қарағанда бұл – ешқандай арнайы білім мен тәжірибені талап етпейтін оңай жұмыс сияқты. Алайда сол «оңай ақшаның» артында интернет-алаяқтық, ұрланған қаражатты жылыстату және адамның өзіне төнетін қылмыстық жауапкершілік тұруы ықтимал.
Соңғы жылдары қаржы және интернет қауіпсіздігі саласында «дроппер» деген термин жиі қолданылып жүр. Қарапайым тілмен айтқанда, дроппер – қылмыстық жолмен алынған ақшаны өзінің банк шотына қабылдап, оны басқа есепшоттарға аударуға немесе қолма-қол ақшаға айналдыруға көмектесетін адам. Оның банк картасы немесе шоты қылмыстық жолмен алынған қаражаттың қозғалысын жасыру үшін пайдаланылады.
Дроппердің қылмысты өзі жасауы міндетті емес. Мысалы, интернет-алаяқ басқа адамның ақшасын алдап иемденді делік. Ұрланған қаражатты бірден өз шотына аударса, оның ізі оңай анықталуы мүмкін. Сондықтан қылмыскерлер басқа адамдардың карталарын, шоттарын пайдаланып, ақшаны бірнеше бағытқа жібереді. Осы жерде дроппер пайда болады. Ол ақшаға тікелей қатысы жоқ адам сияқты көрінгенімен, қаржы қозғалысының маңызды буынына айналады.
Ең қауіптісі – кейбір азаматтар өздерінің неге араласқанын бірден түсінбейді. Қылмыскерлер ешкімге «біз ұрланған ақшамен жұмыс істейміз» деп ашық айтпайды. Керісінше, «қосымша табыс», «қашықтан жұмыс», «ақша қабылдайтын оператор», «қаржы агенті» деген атауларды пайдаланады. Адамға нақты міндет ретінде тек ақша қабылдау және оны басқа шотқа аудару жүктеледі. Әр операция үшін сыйақы беріледі.
Жастар үшін мұндай ұсыныстың тартымды болуы түсінікті. Студентке тәжірибесіз-ақ ақша табу мүмкіндігі ұсынылады. Жұмыссыз адам үшін бұл уақытша табыс көзі болып көрінеді. Ал қаржылық қиындыққа тап болған азамат үшін бірнеше мың теңгенің өзі маңызды болуы мүмкін. Қылмыскерлер дәл осы жағдайды пайдаланады.
Осылайша адам «мен тек ақша аудардым» деп ойлағанымен, оның шоты арқылы басқа азаматтардан алаяқтық жолмен алынған қаражат өтуі мүмкін. Сол ақшаның кімге тиесілі екенін, қайдан келгенін білмеуі жауапкершілік мәселесін автоматты түрде жоймайды. Әр істің мән-жайы жеке зерттеледі, адамның әрекетіне, ниетіне және қылмыстық схемаға қатысу деңгейіне құқықтық баға беріледі.
Қазақстанда бұл мәселеге заңнамалық деңгейде де ерекше мән беріліп отыр. 2025 жылғы 16 қыр- күйектен бастап Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 232-1-бап енгізілді. Ол банк шоттарын, төлем құралдарын және өзге де қаржылық мүмкіндіктерді қылмыстық мақсатпен пайдалануға байланысты әрекеттер үшін жауапкершілікті көздейді. Өз шотын пайдалануға рұқсат бергені үшін үш жылға дейін, бөтен адамдардың пайдасына ақша аударымдарын жүзеге асырғаны үшін бес жылға дейін, ал дропперлік схемаларды ұйымдастырушылар үшін жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлікті тәркілеу жазасы қарастырылған.
Бұл өзгерістің астарында маңызды мәселе жатыр. Бұрын кей азамат өз банк картасын басқа адамға уақытша беруді немесе белгілі бір ақша аударымын жасап беруді «ұсақ нәрсе» деп қабылдауы мүмкін еді. Қазір мұндай әрекеттің қылмыстық схемаға қатысы болуы мүмкін екені және оның заңдық салдары бар екені анық көрсетілді.
Қаржылық мониторинг саласының мамандарының айтуынша, дропперлікпен күресте азаматтардың қаржылық сауаттылығы ерекше маңызға ие. Себебі қылмыстық схемалардың басым бөлігі адамды бірден қылмысқа шақырмайды. Алдымен сенім қалыптастырады. «Бір рет жасап көр», «ештеңе болмайды», «бұл заңды жұмыс», «тек ақша қабылдайсың» деген сөздер арқылы адамның күдігін сейілтеді.
– Дропперлікке тартудың тағы бір тәсілі – банк картасын немесе шотты ашқаны үшін ақша ұсыну. Азаматқа «картаңды ашып бер, қалғанын өзіміз жасаймыз» деген ұсыныс жасалуы мүмкін. Кейде жаңа телефон нөмірін рәсімдеу, мобильді банкингке қолжетімділік беру талап етіледі. Мұндай жағдайда адам өзінің жеке қаржылық инфрақұрылымын басқа біреудің пайдалануына берген болып шығады.
Шетелге ақша аударуға «көмектесу» де қауіпті. Мысалы, біреу шетелдегі туысына немесе серіктесіне ақша жіберу үшін сіздің шотыңызды пайдалануды сұрауы мүмкін. Оның орнына комиссия ұсынады. Бірақ бұл қаражаттың қайдан келгені белгісіз болса, мұндай операцияға келісу үлкен тәуекелге әкеледі.
Дропперлікке қатысты тағы бір маңызды мәселе – адамның қылмыстық схемаға қалай тартылғаны. Бір азамат әдейі ақша өткізуі мүмкін, екіншісі алдануы ықтимал, үшіншісі өз әрекетінің салдарын түсінбеуі мүмкін. Сондықтан әрбір жағдай жеке қаралады. Дегенмен, азамат үшін ең қауіпсіз ұстаным – өз банк шотын бөгде адамдардың қаржылық операцияларына пайдалануға бермеу.
Тараз қаласында да бұл бағытта профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Жастар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, мыңнан астам студент қамтылған. Оның барысында шамамен 100 студенттің бұған дейін үшінші тұлғалардың ықпалымен дропперлік схемаларға тартылғаны анықталған. Олардың арасында банк шоттарын және төлем карталарын ақша аударымдары үшін берген азаматтар да болған.
Бұл деректің өзі мәселенің ауқымын көрсетеді. Дропперліктің нақты адамдарға, нақты банк шоттарына және нақты қаржылық операцияларға қатысы бар. Жамбыл облысында басқа мемлекеттердің 100-ден астам азаматының жеке сәйкес- тендіру нөмірін алып, банк шоттарын ашқаны және кейіннен төлем карталарын үшінші тұлғаларға бергені де анықталған. Мұндай фактілер қаржылық жүйені қылмыстық мақсатта пайдалануға тырысатын адамдардың түрлі жол іздейтінін көрсетеді, – дейді Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Ержан Кенжебаев.
Бұл тұста «Дропперліктің салдары қандай болуы мүмкін?» деген заңды сұрақ туындайтыны сөзсіз. Біріншіден, оның банк шоты бұғатталуы ықтимал. Екіншіден, қаржылық операциялар тексеріледі. Үшіншіден, полицияға түсініктеме беруге тура келеді. Егер оның әрекетінен қылмыстық құқықбұзушылық белгілері анықталса, мәселе қылмыстық іс аясында қаралуы мүмкін.
– Ең алдымен, азаматтар «Мен ақшаны ұрлаған жоқпын» деген уәж жауапкершіліктен босатпайтынын түсінуі керек. Егер адамның банк шоты немесе картасы арқылы қылмыстық жолмен алынған қаражат өткізілсе, құқық қорғау органдары оның қайдан келгенін, кімнен түскенін, қайда аударылғанын, кімнің тапсырмасымен жасалғанын және шот иесінің бұл операциялардан қаншалықты хабардар болғанын анықтайды. Яғни, әрбір қаржылық операцияның өз ізі бар.
Сондықтан азамат өзіне «Егер ұсынылып отыр- ған жұмыс заңды болса, неге менен банк картамды немесе шотымды пайдалануды сұрайды?» деген қарапайым ғана сұрақ қоюы керек. Егер жұмыс беруші нақты қызметтің мәнін түсіндірместен тек банк картасын ашуды, ақша қабылдауды және оны басқа шоттарға аударуды ұсынса, мұндай ұсынысқа күмәнмен қараған жөн. Сол сияқты SMS арқылы келген кодты сұрау, банк қосымшасына кіру деректерін талап ету немесе «бұл туралы ешкімге айтпа» деп ескерту – алаяқтық схеманың айқын белгілерінің бірі.
Банк картасы – адамның атына тіркелген қаржылық құрал. Оның көмегімен жүргізілген операциялар белгілі бір тұлғамен байланыстырылады. Сондықтан картаңызды немесе банк шотыңызды басқа адамға пайдалануға беру арқылы бірнеше мың теңге көлемінде сыйақы алған азамат өзінің қаржылық қауіпсіздігіне ғана емес, құқықтық жағдайына да тәуекел төндіреді.
Бұл ретте ата-аналардың да рөлі ерекше. Балаларға тек «бейтаныс адаммен сөйлеспе» деп ескерту жеткіліксіз. Оларға банк картасын ешкімге беруге болмайтынын, өз шоты арқылы бөгде адамның ақшасын өткізуге болмайтынын және «оңай ақша» ұсынған адамның мақсатын міндетті түрде анықтау қажеттігін түсіндіру керек. Әсіресе жастар әлеуметтік желілердегі жалған жұмыс ұсыныстарына жиі тап болуы мүмкін.
Бүгінде алаяқтар азаматтардың ақшасын ғана емес, олардың банк шоттары мен төлем карталарын да нысанаға алып отыр. Сондықтан әр адам өзінің банк шотына жасалған операцияларға жауапкершілікпен қарауға тиіс.
Дропперліктің қауіптілігі сол, азамат өзінің қылмыстық схемаға қатысып кеткенін бірден түсінбеуі мүмкін. Бүгін «бір рет қана» жасалған бірнеше мың теңгелік аударым ертең құқық қорғау органдарының тексеруіне себеп болуы ықтимал. Сол кезде «Бұл ақша қайдан келді? Кім аударды? Неліктен сіздің шотыңызға түсті? Оны кімнің тапсырмасымен әрі қарай аудардыңыз?» деген сұрақтарға жауап беруге тура келеді.
Сондықтан біздің азаматтарға айтар басты кеңесіміз – өз банк картаңызды, шотыңызды және банк қосымшасына қолжетімділікті ешкімге бермеңіз. Түсініксіз қаржылық операцияға қатыспаңыз. Ал күмәнді ұсыныс түскен жағдайда ақша табудың жолы ретінде емес, қауіптің белгісі ретінде қабылдаңыз. Бір сәттік пайда үшін өзіңіздің қаржылық және құқықтық қауіпсіздігіңізге қауіп төндірудің қажеті жоқ, – дейді полиция капитаны Диана Біләл.
Дропперлік мәселесі бір ғана адамның қаржылық қауіпсіздігіне қатысты емес. Бұл – интернет-алаяқтықпен қатар жүретін, оның жолын жеңілдететін тетік. Алаяқ біреудің ақшасын иемденсе, оны әрі қарай жылжыту үшін басқа адамның шоты мен картасын пайдалануға тырысады. Ал сол карта иесі өзінің қандай іске араласқанын кейде тым кеш түсінеді.
Сондықтан «картаңды бере тұр», «ақша қабылдап, қайта аудара сал», «осы үшін ақы төлейміз» деген ұсыныстарға жай ғана табыс көзі ретінде қарауға болмайды. Әсіресе жұмыс мазмұны түсініксіз болып, банк шотын немесе жеке деректерді пайдалануды талап етсе, одан бас тартқан дұрыс.
Бүгінде дропперлікке қарсы заң талаптары күшейіп келеді. Бірақ заңның қатаң болуының өзі барлық жағдайдың алдын ала алмайды. Ең тиімді қорғаныс – адамның өз қаржылық қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы. Өз картаңды ешкімге бермеу, бөгде адамның ақшасын өз шотың арқылы өткізуден бас тарту және күмәнді ұсынысты тексермей қабылдамау үлкен тәуекелдің алдын алады.
Бірнеше мың теңге үшін жасалған аударымның соңы қайда апаратынын алдын ала ешкім білмейді. Сондықтан оңай ақшаға қызықпас бұрын, оның қандай жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін ойлаған жөн.
Арайлым ШАБДЕНОВА