Мейіргер мамандығының мерейін асырған жеңіс

Медицина саласында кәсіби біліммен қатар, шапшаңдық, дәлдік, жауапкершілік пен адамға деген жанашырлық аса маңызды. Әсіресе мейіргер үшін теориялық білімді тәжірибеде дұрыс қолдана білу – кәсіби шеберліктің басты көрсеткіштерінің бірі. Осындай талаптарды тоғыстырған республикалық кәсіби шеберлік додасында Жамбыл облысының намысын қорғаған студент жоғары нәтиже көрсетіп, топ жарды.

1-2 қазан күндері Атырау жоғары медициналық колледжінің ұйымдас- тыруымен «MedSkills Atyrau-2026» II республикалық кәсіби шеберлік чемпионаты өтті. «Медициналық және әлеуметтік күтім» құзыреттілігі бойынша ұйымдастырылған байқауға еліміздің 16 өңірінен медициналық колледж студенттері мен сарапшылар қатысты.
Чемпионат барысында қатысушыларға тек медициналық процедураларды орындау шеберлігі ғана емес, әртүрлі жағдайда дұрыс шешім қабылдау, пациентпен қарым-қатынас жасау, қауіпсіздік талаптарын сақтау және кәсіби білімін нақты жағдайда қолдану қабілеті сыналды.
Сайыс үш негізгі модуль бойынша ұйымдастырылды. «Емхана» бағытын қамтыған А модулінде қатысушылар процедуралық кабинет жағдайында инъекциялық емшараларды орындады. «Стационар» бағыты бойынша В модулінде пациентті тамақтандыруға қатысты тапсырмалар ағылшын тілінде орындалды. Ал «Үй жағдайы» аталатын С модулінде қант диабеті бар пациентке күтім жасау бойынша практикалық тапсырмалар берілді. А және С модульдеріндегі тапсырмаларды қатысушылар қазақ немесе орыс тілінде орындаса, В модулі толықтай ағылшын тілінде өткізілді.
Сайыстың әділ өтуіне сарапшылар құрамының да маңызы зор болды. Чемпионатты бағалауға еліміздің әр өңірінен біліктілігі расталған сарапшылар, сондай-ақ Атырау облысының медицина ұйымдарында практикалық тәжірибесі бар тәуелсіз мамандар қатысты. Олар қатысушылардың әрбір тапсырманы орындау барысын белгіленген талаптарға сәйкес бағалап, кәсіби шеберліктің нақты көрсеткіштерін саралады.
Екі күнге созылған тартысты бәсекенің қорытындысы бойынша Тараз қаласындағы Жамбыл жоғары медициналық колледжінің «Мейіргер ісі» мамандығы бойынша білім алып жүрген 4-курс студенті Ақмаржан Бөкенбай чемпионаттың І орын жүлдесін иеленді.
Жеңімпаз ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бірінші вице-минис- трінің І дәрежелі дипломымен марапатталды. Дипломда студенттің «MedSkills Atyrau-2026» II республикалық кәсіби шеберлік чемпионатында жоғары нәтиже көрсетіп, кәсіби білімі мен практикалық дағдыларын шеберлікпен танытқаны атап өтілді. Чемпионат аясында сарапшылардың да еңбегі елеусіз қалған жоқ. «Медициналық және әлеуметтік күтім» құзыреттілігі бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылым және адами ресурстар департаментінің сертификаты сарапшы Жаннат Токташеваға табысталды.
Ал чемпионаттың жоғары деңгейде өтуіне елеулі үлес қосып, кәсіби қолдау көрсеткен жетекшілер Раушан Мұхажанова мен Эльмира Күдебаева ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылым және адами ресурстар департаментінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Ләззат ҚУАНЫШБЕКОВА,
Жамбыл жоғары медициналық колледжі директорының
оқу-тәрбие ісі жөніндегі
орынбасары,
Ләззат МЕЙІРМАНОВА,
әдістемелік кабинеттің
меңгерушісі

Comments (0)
Add Comment