Көркем әдебиеттің көкжиегін кеңейткен

Кейде адамның ғұмыры мен қалдырған ізі бір-біріне өлшем болмайды. Біреу ұзақ жасайды, бірақ артында санада қалатын сөзі аз. Енді біреу қысқа ғұмыр кешеді, алайда жүріп өткен жолы тұтас бір дәуірдің шежіресіндей болып, артынан қалған сөзі уақыт өткен сайын жаңғыра түседі. Кеңшілік Мырзабековтің тағдыры сондай еді. Қырық екі жыл ғана ғұмыр кешкен ақынның артында қазақ өлеңінің сан алуан соқпағына сүрлеу салған қомақты мұра қалды.

Кеңшілік Ағытайұлы 1946 жылдың 6 маусымында Торғай өңірінің Ақшығанақ ауылында дүниеге келген. Мектеп қабырғасында жүрген кезінің өзінде өлеңдері мен мақалалары газет беттерінде жарық көріп, қаламы ұшталды.
«Сонау жылы Ақшығанақ – Ақсайда,
Бір жас бала – жақсы бала жақсы ойда
Қой қайырып, қозы жайып жүруші ед,
Төбел тайы сылти ма, әлде ақсай ма?…

Онда ойы жоқ, ойы тіпті басқада,
Көз алдында қызыл-жасыл астана.
Төбел тайдың шіренетін үстінде
Проспектіде тұрғандай боп, масқара!» – деп жырлаған жас ақын арман қуып, Алматыға аттанады. Туған жердің төсінде қиялына қанат бітіріп, ауылдағы қарапайым тіршіліктің арасынан үлкен өмірді аңсаған бала арманын енді біліммен ұштастыруды мақсат етеді. Алдында – алып қала, жүрегінде – өлең, көңілінде – «журналист болсам» деген асқақ арман.
Талантты жастың талабын ұштап, қаламын шыңдаған қасиетті қара шаңырақтың бірі – Қазақ мемлекеттік университетінің «Журналистика» факультеті еді. Тұғырынан талай тұлғаны түлеткен осы білім ордасының табалдырығын аттаған жас ақын журналис- тиканың қыр-сырын меңгеріп, 1976 жылы аталған оқу ордасын тәмамдайды. Талантты қаламгер әр жылдары «Жетісу», «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті», «Социалистік Қазақстан» секілді басылымдарда еңбек етіп, соңғы жылдары «Мәдениет және тұрмыс» журналының әдебиет бөлімін басқарды.
Бірақ Кеңшілікті журналистік қызметімен ғана тану оның шығармашылық табиғатын тарылтып көрсету болар еді. Ол – ең алдымен, сөздің салмағын сезінген ақын. Ақынның тұңғыш жыр жинағы – «Іңкәр дүние» 1972 жылы жарық көрді. Одан кейін «Дүбірлі дәурен», «Көктем көкжиегі», «Сәруар», «Революция перзенттері», «Замандас сыры», «Ауыл мен астана», «Қасиетті қас-қағым», «Балалық шақ балладалары», «Дәуір – дастан» секілді кітаптары оқырманға жол тартты. Кейін ақынның таңдаулы шығармалары «Бір мысқал», «Жолға салдым көшімді», «Менің мұңым – махаббат» тәрізді жинақтарға топтастырылды.
«Ол ақын болуды, елінің белгілі азаматы болуды сол бала кезінен армандаған. Біз айтып отырған арманын Кеңшілік ақын сәл кейінірек «Келеді өсіп бір бала» атты өлеңінде:
«…Алыс та алыс, алыс бір сондай түкпірде,
Соғыстан соңғы тіршілікпенен жұп бірге.
Келеді өсіп, келеді өсіп бір бала,
«Арманға жетем түбінде, түптің түбінде!» – деп жырлап еді. Арман-жыр, жыр-арман уақыт өте келе орындалды, Кеңшілік Мырзабеков жиырма жасында елге танылған ақын болды. Ақын болғанда қандай, ерекше мәнерімен, айрықша нақышта өлең жазған қазақ поэзиясында өз жолын тапқан ақын болды.
Кеңшілік Мырзабеков – табиғат, махаб- бат, азаматтық лирикала, баллада, поэма жанрын биікке көтерісуге зор үлес қосқан ақын. Кеңшілік поэзияның кез келген жанрында сөзді сазбен илегендей илейтін ақын десек, Кең ақын үшін ол да аз. К.Мырзабеков сөз құдіретін, қасиетін оқырманына ерекше көркем, қазақы тілмен жеткізе білген ерекше дарынды ақын еді десек, лайық болар. Оған Кеңшіліктің шығармашылығы туралы кең талдап, екшеп көрсеткен қазақтың белгілі ақын-жазушыларының сөздері куә. Кең ақын шығармаларының басты кейіпкерлері біз сияқты өзінің тұстастары, замандастары, соғыс кезінде еңбектерімен ерлік көрсеткен қыз-келіншектердің аяулы тағдырлары, сонау 45-65-ші жылдар арасындағы қазақ өмірінің жан шымырлатар суреттері, табиғаты, – дейді журналист, әдебиеттанушы Жұмат Әнесұлы.
Кеңшіліктің поэзиясындағы айқын арнаның бірі – туған жер. Оның туған жері жай ғана географиялық мекен емес. Ол – адамның алғашқы қуанышы мен алғашқы мұңы қалған қасиетті кеңістік. Ақын үшін ауыл – балалық шақтың мекені ғана емес, адамдық болмыстың бастауы. Мәселен, «Арқалды» атты өлеңін бірге оқиық.
«Дәл сондай рақат кешіп көрмегесін,
Сағыну қиын туған жердің төсін.
Махаббат – арып-ашып сүйе білу,
Топырақ, жер киесін, ел мүддесін», – деп жырлайды.
Демек, ауылдың қарапайым тіршілігі оның өлеңдерінде үлкен философиялық мағынаға ие. Кеше ғана көз алдында тұрған қора-қопсы, жол, дала, өзен, ауыл адамдары уақыт өте келе адамның жадында өзгеше сипат алады. Балалық шақ алыстаған сайын ауыл да алыстайды. Бірақ ол алыстаған сайын адамның жүрегіне жақындай түседі. Кеңшілік поэзиясындағы ауылдың қадірі осында.
Қазақ әдебиетінде көктемді жырламаған ақын кемде-кем. Табиғаттың түлеп, тіршіліктің жаңаратын осы бір мезгілі талай ақынның жырына арқау болып, сан алуан сырын ашты. Бірі көктемді табиғаттың көркі арқылы танытса, енді бірі оны адам көңіліндегі жаңарумен сабақтастырды. Ал Кеңшілік Мырзабековтің көктемі – даланың өз тынысы, ауылдың күнделікті тіршілігі, төрт түліктің төлдеуі мен жердің бусанып, елдің жаңа қонысқа қамдануы арқылы көрінетін шынайы ауыл көктемі. Мысалы, «Көктемгі дала» өлеңінде:

«Көктемгі дала…
Кең дала,
Бусанып жатты жер жаңа.
Ала қанат төскейге
Қадады уық ел жаңа.
Боз жусан басы көгерді,
Төскейге жаңа төл өрді.
Көкжиек жақтан көк сағым
Көзіңді арбай жөнелді.

Жөңкиді бұлттар асығыс,
Бүркеді жаңбыр жас иіс.
Қатал да болса қайырымды,
Қайырымды болды-ау осы қыс», – деп жырлайды. Иә, Кеңшіліктің көктемі – бояуы қанық сурет қана емес, ауыл тіршілігімен тыныстаған көктем. Ақынның өзгешелігі де осында.
Қазақ поэзиясында балалық шақ тақырыбы – мәңгілік тақырыптардың бірі. Ақындардың көбі балалық дәуренді сағынышпен еске алып, оны адамның ең бір алаңсыз, кіршіксіз шағымен байланыстырады. Ал Кеңшілік Мырзабековтің «Балалық шақпен жолығу» өлеңінде бұл тақырып өзгеше өріледі. Болмысы бөлек өлеңде ақын түс көргені туралы толғайды. Түсінде өзі өскен ортаға, баяғы қыстауға қайта барады. Бірақ бала күніндегі қыстауды емес, уақыт табынан жүдеп, иесіз қалған қыстауды көреді. Ендігісін өлеңнің өзі айтсын:
«Түсімде түнде балалық шақпен
жолықтым,
Жорытқым келді, жоруға өзім қорықтым.

…Қыстауда жан жоқ,
Қалыпты қыстау қаңырап,
Қыстаудың көңін басыпты саңырауқұлақ.

…Жиденің анау шытынап біткен жерінен,
Суалған малға шарана төлдей теліген,
Уызға құмар уылжып үш-төрт
көк тамыр:
«Табиғат заңы – тіршілік», – дейді
демімен.

Зым-зия інге ысқырып жылан зу етті,
Шым ұя, міне…Балапан бір топ шу етті.
Түсім ғой менің, сәбилік жүрек зу етті,
Ересек денем орнында ұстап жүректі.»
Өлеңдегі осы суреттердің әрқайсысы уақыттың белгісіндей әсер қалдырады. Бұл – уақыт пен адам, өткен мен бүгін, табиғат пен тіршілік туралы ойлы шығарма. Сондықтан өлеңді оқығанда біз бір адамның балалық шағына ғана емес, уақыттың өзіне үңілгендей боламыз.
Ал «Балалық шақ балладалары» – ақын шығармашылығының айрықша белесі. Бұл жинақ үшін оған 1987 жылы Ілияс Жансүгіров атындағы сыйлық берілді.
Поэзияда жасандылықты жасыру қиын. Сөздің шын салмағы ақынның талантымен байланысты. Кеңшілік поэзиясының уақыт сынынан өтіп келе жатқаны осы табиғилығымен байланысты. Оның қырық екі жылдық өмірі аяқталғанымен, өлеңдегі өмірі жалғасып келеді. Қағазға түскен әр жолы – ақынның кейінгі ұрпақпен тілдескен үні. Ал сол үн естіліп тұрған кезде Кеңшілік Мырзабековтің өзі де әдебиет кеңістігінде өмір сүре береді.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Comments (0)
Add Comment