Әуеле, Тараз дауысы!

Таразда Қала күніне орай Ы.Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінде «Тараз дауысы-2026» ән байқауы өтті. Жас таланттарды қолдауды мақсат еткен өнер додасына шаһардың 16 мен 29 жас аралығындағы өнерпаздары қатысты.

Ән байқауының алғашқы кезеңінде қатысушылар патриоттық бағыттағы әндер орындаса, екінші кезеңде еркін тақырыптағы шығармаларды көрермен назарына ұсынды. Сахнаға шыққан жас әншілер өздерінің вокалдық шеберлігін көрсетіп, көрерменге әуезді ән мен әсем саздан сыр шертуге барын салды. Әділ қазылар алқасы әр қатысушының дауыс мүмкіндігін, әнді орындау мәнерін, сахна мәдениеті мен шығармашылық ізденісін назарға алды.

Байқау қортындысы бойынша М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің студенті Шаттық Жайлау бас жүлдені қанжығаласа, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің студенті Арсен Сәрсенбек І орын иегері атанды. Сонымен бірге М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті Ұлдана Айтбай ІІ орыннан көрінсе, Абай атындағы мамандандырылған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-гимназияның аға тәлімгері Ерсін Кеңесбек ІІІ орынға ие болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Comments (0)
Add Comment