Кеше еліміздің барлық мектептерінде алғашқы қоңырау соғылып, жаңа оқу жылы басталды. Өңірде биыл 22 142 оқушы мектеп табалдырығын алғаш аттаса, оның 8 789-ы – Тараз қаласының бүлдіршіндері.
Күздің алғашқы күні шаһар іші ерекше қарбаласқа толды. Үш айлық демалыстан кейін таңмен таласа мектепке асыққан ата-ана мен баланың жүзінен қуаныш байқалды. Бірі алғашқы қоңыраудың сыңғырын естуге асықса, енді бірі мектептегі соңғы оқу жылына қадам басты.
Білім күні №54 орта мектеп ұжымы мен оқушылары үшін де айрықша мәнге ие болды. Себебі бір жарым жылдан кейін білім ордасының есігі оқушыларға қайта айқара ашылды. Күрделі жөндеуден өткен мектепке жиналған ұстаздар мен шәкірттер үшін бұл күн көптен күткен қуанышты сәтке айналды. Жаңарған мектеп, жаңа оқу жылы, жаңа мақсаттар. Білім ордасының табалдырығын аттаған әр оқушы үшін бұл күн жарқын бас- тамалардың, үлкен армандар мен биік белес- тердің бастауы болды.
Білім ордасында өткен салтанатты жиынға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев те арнайы қатысып, оқушылар мен ұстаздар қауымын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
– Білім – мемлекеттің дамуын айқындайтын басты күш. Сондықтан әр балаға сапалы білім мен саналы тәрбие беру – баршаға ортақ міндет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Тамыз конференциясында: «Мықты мұғалім – сапалы ұлттың тірегі», – деп атап өтті. Бұл – ұстаз еңбегіне берілген жоғары баға ғана емес, білім саласының алдына қойылған үлкен міндет. Біз білімді, еңбекқор, отаншыл және жауапкершілігі жоғары ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз.
Ол үшін балаларға қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру қажет. Осы бағытта облыста нақты жұмыстар атқарылуда. Биыл 14 білім беру нысанының, оның ішінде 5 мектеп пен 9 жапсарлас ғимараттың құрылысы жүргізілді. Қазіргі таңда 3 мектеп пен 5 жапсарлас нысан пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде апатты және тозығы жеткен мектептерге қатысты бірқатар мәселе шешіліп, 1 білім беру ұйымы жаңа спорт залымен қамтылды. Қалған 4 жапсарлас құрылыс жыл соңына дейін аяқталады. Тағы 2 мектепті 2027 жылы пайдалануға беру жоспарлануда.
Аталған жұмыстар апатты және тозығы жеткен мектептердің санын азайтуға, орын тапшылығын жоюға және балаларға заманауи жағдай жасауға бағытталған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыста 2025-2029 жылдары 133 мектепті жаңғырту жоспары бекітілді. Өткен жылы 10 мектеп жаңғыртылды. Биыл тағы 6 мектепте күрделі жөндеу аяқталып, оларды жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен 80 мектептегі 207 оқу кабинеті заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді. Мұның барлығы – ең алдымен, білім сапасын арттыруға және балалардың жан-жақты дамуына жасалған нақты инвестиция, – деді аймақ басшысы.
Аталмыш мектеп 2009 жылы пайдалануға берілген. Білім ордасында жүргізілген күрделі жөндеудің салдарынан 1,5 жыл шаһардағы №69 орта мектепте оқыған оқушылар Білім күні оқу ордасымен қайта қауышты.
– Бұған дейін мектебіміздің жағдайы көңіл көншітпейтін. Әсіресе, қыс мезгілінде оқу ордасы қатты суық болатын. Сондықтан күрделі жөндеу жұмыстарының басы-қасында өзім де жүріп, әр кезеңін бақылауда ұстадым. Осы ретте Мемлекет басшысына және өңір басшылығына алғысымды білдіремін. Жертөледен бастап шатырға дейінгі жылу жүйесі толық жаңартылып, мектепте оқушыларға қолайлы жағдай жасалды. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 2 миллиардқа жуық теңге қаржы бөлінді.
Бүгінде мектебімізде екі ауысымда 1 100 оқушы білім алады. Оларға 106 педагог дәріс береді. Оқушылардың сабақтан тыс уақытын тиімді өткізуіне де баса мән беріп отырмыз. Мектепте волейбол, баскетбол, асық ату, би, шахмат және робототехника үйірмелері жұмыс істейді.
«Бурыл» алқабында шамамен 7 мың тұрғын тұрады. Сондықтан мектепке деген сұраныс та жоғары. Биыл бірінші сыныпқа 90 оқушы қабылданып, төрт сынып жасақталды. Бүлдіршіндердің алғашқы қадамын жаңарған мектепте бастауы – біз үшін үлкен қуаныш, – дейді №54 орта мектептің директоры Сандуғаш Битөреева.
Мектеп заман талабына сай жабдықталып, жаңартылған. Жаңа оқу кабинеттері, заманауи құрал-жабдықтар мен оқушылардың жан-жақты дамуына арналған үйірмелер білім алуға деген қызығушылықты арттыруға мүмкіндік береді.
Білім күніне арналған салтанатты шара да көтеріңкі көңіл күймен өтті. Мектеп басшылығы жиналған ұстаздар, ата-аналар мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, ақжолтай тілектерін жеткізді. Әсіресе, мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер үшін бұл күн ерекше есте қалды. Салтанатты жиында оқушылар өнерлерін ортаға салып, ән шырқап, би биледі. Ал алғашқы қоңырау үні жаңа оқу жылына жол ашып, мектеп ауласын ерекше толқынысқа бөледі.
Арайлым ШАБДЕНОВА