Қала аумағын абаттандыру – айрықша назарда

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтті.
Жиында ең алдымен жаңа оқу жылына дайындық барысы қаралды. Қалалық білім бөлімінің басшысы Айгерім Алтынбаеваның айтуынша, 2026-2027 оқу жылында мектептерде 98 128 оқушы білім алады деп жоспарлануда. Өткен оқу жылында оқушылар саны 96 159 адамды құраса, биыл олардың саны 1 969-ға артып отыр. Жаңа оқу жылының басталуына орай білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жазғы демалыстан кейін олардың оқу процесіне бейімделуіне қолайлы жағдай жасау, балалар арасында құқықбұзушылықтар мен келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында білім беру ұйымдарында кешенді профилактикалық жұмыстар ұйымдастырылып, педагогтер, ата-аналар және құқық қорғау органдарының өкілдері арасында өзара іс-қимыл күшейтілген.
Келесі кезекте қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың жаңа үлгілік қағидаларына сәйкес әзірленген «Тараз қаласының аумағын абаттандыруды іске асыру Ережесінің» орындалу барысы талқыланды.
Аталған жобаны әзірлеу барысында жоғары тұрған нормативтік құқықтық актілердің нормаларын қайталамау қағидаты басшылыққа алынды. Негізгі назар Тараз қаласының қалалық ортасының ерекшеліктері мен абаттандыру саласындағы өзекті мәселелерді ескере отырып, талаптарды нақтылауға аударылды.
Жобаға шаһар үшін тікелей практикалық маңызы бар ережелер, оның ішінде іргелес аумақтарды, каналдар мен арық желілерін күтіп-ұстау, стационарлық емес объектілер мен жазғы алаңдарды орналастыру, қасбеттерді күтіп-ұстау, ақпараттық материалдарды орналастыру, қалдықтарды жинақтау орындарын ұйымдастыру, сондай-ақ құрылыс және жер жұмыстарынан кейін абаттандыруды қалпына келтіру мәселелері енгізілді.
Ереженің негізгі міндеті – қала деңгейінде аумақты күтіп-ұстауға қойылатын түсінікті әрі бірыңғай талаптарды белгілеу, меншік иелері мен объектілерді пайдаланушылардың міндеттерін айқындау, сондай-ақ санитариялық жағдаймен қатар қауіпсіздікке, қолжетімділікке және Тараз қаласының сәулеттік келбетіне қойылатын талаптарды қалыптастыру.
Жоба 11 бөлімнен және 99 тармақтан тұрады және қалалық ортаның жай-күйіне тікелей әсер ететін негізгі мәселелерді қамтиды.
Бұл бойынша шаһар басшысы Бақытжан Әмірбекұлы жауапты тұлғаларға Қағида аясында ақпараттық жұмыстарды күшейту, тазалық тәртібін бұзғандарды дер кезінде анықтап, тиісті шара қолдану жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
Кеңес барысында Әулиеата мен Жібек жолы аудандарындағы санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстарының барысы және ағаш егу жоспарының орындалуы ортаға салынды. Қала әкімі өз кезегінде қос ауданның тазалығын сынға алып, бұл бағыттағы жұмыстар әлі де тиісті деңгейде жүзеге асырылмай жатқанын атап өтті.
Сонымен қатар жиында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның ішінде білім мекемелері маңындағы жол белгілерінің жаңартылуы, Саңырық батыр көшесі, №55/6 мекенжайындағы көпқабатты тұрғын үй құрылысының сапасы мен басқарушы компания құру және өзге де мәселелер қаралды.
Бақытжан Әмірбекұлы күн тәртібіндегі әрбір мәселе бойынша сала басшыларына тиісті тапсырмалар берді.
Comments (0)
Add Comment