Сапалы тұрғын үй – жайлы тұрмыс кепілі

Қала әкімі Бақытжан Орынбеков құрылыс нысандарын аралады

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков үш шағынауданда салынып жатқан және пайдалануға берілетін көпқабатты тұрғын үйлерді аралап, құрылыс сапасы мен абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты.

Ең алдымен шаһар басшысы «Шапағат» (16) шағынауданындағы 2/1, 2/2, 2/3 және 2/4 блоктарынан тұратын төрт көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын көрді. Аралау барысында нысандардағы құрылыс сапасына, сондай-ақ тұрғын үйлердің ішкі әрлеу жұмыстарына ерекше назар аударып, анықталған кемшіліктерді дер кезінде түзетуді тапсырды.
Бұдан кейін қала әкімі «Ұлы дала» (15) шағынауданындағы тұрғын үйлердің аумағын аралады. Мұнда құрылыс және абаттандыру жұмыстарының барысы қаралды. Жауапты мердігерлерге жұмыстарды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Сондай-ақ аяқталған тұрғын үйлердің айналасындағы құрылыс қалдықтары мен қоқыстарды тазалау, аумақты ретке келтіру және қараусыз қалған учаскелерді абаттандыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Аралау барысында «Балауса» (14) шағын- ауданындағы тұрғын үй құрылыстарының жағдайы да тексерілді. Мұнда барлығы 17 көпқабатты тұрғын үй орналасқан. Оның 9-ы бірінші, 8-і екінші учаскеде орналасқан. Қазіргі таңда 7 тұрғын үйдің негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, айналасындағы абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Қала әкімі жауапты тұлғаларға тұрғын үйлердің құрылысын аяқтаумен қатар, абаттандыру жұмыстарын да сапалы жүргізуді тапсырды. Атап айтқанда, аулаларды ретке келтіру, құрылыс қалдықтарын шығару, жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасау және аумақтарды белгіленген талаптарға сай абаттандыру жұмыстары толық орындалуға тиіс.
– Құрылыс нысандарын аралау кезінде бас- ты талап – тұрғындарға сапалы әрі жайлы орта қалыптастыру екенін тағы да еске салғым келеді. Үйдің бой көтеруімен жұмыс аяқталмайды. Оның айналасындағы ауланың тазалығы, жаяу жүргінші жолдарының жағдайы, көгалдандыру мен ортақ кеңістіктердің талапқа сай болуы да маңызды. Сондықтан мердігерлер әр жұмысты белгіленген стандарттарға сәйкес орындауы қажет. Тұрғындар жаңа баспанасына қоныстанған сәттен бастап барлық жағдай жасалғанын сезінуге тиіс. Белгіленген мерзімге дейін барлық кемшіліктер жойылып, құрылыс алаңдарындағы жұмыстар толық ретке келтірілуін қатаң бақылауда болады, – деген шаһар басшысы жауапты тұлғаларға құрылыс және абаттандыру жұмыстарын 15-қыркүйекке дейін толық аяқтауды жүктеді.

Comments (0)
Add Comment