«Біз жанбасақ лапылдап…»

Қос ауданнан құрылған Жастар кеңесінен не күтеміз?

Тараз қаласының аумақтық құрылымындағы өзгерістер шаһардың қоғамдық өміріне жаңа тыныс әкелді. Қаланың Әулиеата және Жібек жолы аудандарына бөлінуі басқару жүйесін жетілдірумен қатар, әр аумақтың өзіне тән әлеуметтік мәселелерін саралап, тұрғындардың, соның ішінде жастардың үнін естуге мүмкіндік беретін жаңа бастамаларға жол ашты. Себебі қай кезеңде де елдің ертеңін айқындайтын күш – білімге ұмтылған, еңбекке талпынған, қоғамдық жауапкершілігі жоғары жас буын. Бүгінгі жастардың белсенділігі – ертеңгі қоғамның келбеті. Сондықтан қос ауданда да аудан әкімдері аппараты жанынан Жастар кеңесінің құрылуы – уақыт талабынан туындаған маңызды қадам.

Жастар кеңесінің басты мақсаты – жастарды бір ортаға топтастыру ғана емес, олардың ой-пікірін тыңдау, ұсыныстары мен бастамаларына қолдау көрсету, қордаланған мәселелерін анықтау және оны шешуге ықпал ету. Бұл – жастар саясатын тек іс-шаралар аясында қарастырмай, оны нақты нәтижеге бағыттаудың жаңа мүмкіндігі. Әулиеата мен Жібек жолы аудандарында құрылған Кеңестердің алдында ортақ міндет – жастардың әлеуетін ауданның әлеуметтік, мәдени және қоғамдық дамуына бағыттау.
Бұл ретте екі ауданның да жұмысында бір-біріне ұқсас ортақ ұстаным болғанымен, әрқайсысының өзіндік жұмыс бағыты мен басымдықтары қалыптасып келеді. Жібек жолы ауданындағы Жастар кеңесінің жұмысында жүйелілік пен округтермен тікелей байланыс орнатуға басымдық берілсе, Әулиеата ауданында да жастардың бастамаларын қолдап, оларды қоғамдық өмірге кеңінен тартуға бағытталған жұмыстар жолға қойылуда. Екі Кеңестің де негізгі мұраты – жастардың өз мәселесін өздері көтеріп, оны шешуге белсенді араласатын орта қалыптастыру.
Жібек жолы ауданындағы Жастар кеңесіне төрағалық ететін Азат Жаманқұлдың айтуынша, Кеңестің құрылымын қалыптастырудағы басты мақсат – жастар мәселесін аудан орталығында ғана талқылап қоймай, әр округке дейін жеткізу.
– Мұндай құрылымның басты ерекшелігі – жастар мәселесін аудан орталығында ғана талқыламай, әр округке дейін жеткізу. Округ төрағалары өз аумағындағы жастармен тұрақты байланыс орнатып, олардың ұсыныстары мен өзекті мәселелерін зерделеп, аудандық Жастар кеңесіне жеткізеді. Ал Кеңес төрағасы аталған жұмыстарды жалпы үйлестіріп, стратегиялық бағыттарды айқындайды, округтер арасындағы байланысты қамтамасыз етеді және жастардың бастамаларын тиісті деңгейде қолдауға ықпал етеді, – дейді ол.
Шын мәнінде, бұл – қағаз жүзіндегі құрылымнан гөрі, жастардың үнін төменнен жоғарыға жеткізетін қоғамдық көпір қалыптас- тыруға бағытталған қадам. Жібек жолы ауданындағы бес округтің әрқайсысында жастармен жұмыс істейтін өкілдердің болуы аудан аумағындағы мәселелерді жергілікті деңгейде анықтауға мүмкіндік береді. Өйткені бір ауданның өзінде жастардың сұранысы әртүрлі болуы мүмкін. Бір жерде жұмыс мәселесі өзекті болса, енді бір жерде спорттық инфрақұрылым, мәдени орта, бос уақытты тиімді ұйымдастыру, білім алу немесе кәсіпкерлік бастамалар алдыңғы қатарға шығуы ықтимал.
Жастар кеңесінің төрағасы үшін бұл міндеттің салмағы да осында. Төрағалық – тек жиын өткізіп, іс-шара ұйымдастыру емес. Ол – жастардың пікірін тыңдау, ұсынысын жинақтау, бастамасына мүмкіндік беру және көтерілген мәселенің шешілу жолын іздеу. Сондықтан Кеңестің басты қағидаты да айқын: «Жастар үшін емес, жастармен бірге жұмыс істеу».
Бұл қағидат Әулиеата ауданындағы Жастар кеңесінің жұмысымен де үндеседі. Кеңес төрағасы Бекзат Амангелдінің алдында да жастарды қоғамдық жұмыстарға кеңінен тарту, олардың ұсыныстарын ескеріп, бастамаларын нақты іске айналдыру, аудан жастары арасында өзара байланыс пен ынтымақтастықты күшейту міндеттері тұр. Жастар кеңесінің жұмысын тек белгілі бір күндерге орай өткізілетін іс-шаралармен шектемей, жастардың күнделікті мәселесіне жақындату – екі аудан үшін де ортақ басымдық.
– Жастардың қоғамдық белсенділігі оларды тыңдаудан басталады. Өз пікірінің ескерілетінін сезінген жас азаматтың туған жеріне деген жауапкершілігі де арта түседі. Сондықтан Әулие- ата ауданындағы Кеңестің алдағы жұмысында жастармен тікелей кездесулер өткізу, олардың ұсыныстарын жинақтау, әлеу- меттік мәселелерін зерделеу, бастамашыл жастарды бір ортаға біріктіру және қоғамдық жобаларға тарту бағыттарына басымдық беру көзделуде, – дейді Бекзат Жарқынбекұлы.
Бүгінде екі ауданда да жастардың басын қосатын жаңа алаңдардың қалыптасуы – қоғамдық өмір үшін маңызды құбылыс. Өйткені жастардың энергиясы мен ізденісін дұрыс арнаға бағыттай білген қоғам ғана өз болашағын нық қалыптастыра алады. Ал жастардың үнін естімеу – олардың мүмкіндігін пайдаланбаумен тең.
Жібек жолы ауданындағы Жастар кеңесі өзінің алғашқы қадамдарын нақты жобалармен бастады. Соның бірі – Халықаралық жастар күніне орай ұйымдастырылған «JAS QUAT – 2026» жастар форумы. Форум аудан жастарына өзара пікір алмасып, идеяларын ортаға салып, қоғамдық бастамалар жөнінде ой бөлісуге мүмкіндік берді. Мұндай кездесулердің маңызы – жастардың тек тыңдаушы ретінде емес, пікір қалыптастыратын қоғамдық күш ретінде танылуында.
Кеңестің тағы бір маңызды бастамасы – экологиялық бағыттағы «Жастар бұлағы» жобасы. Жібек жолы ауданының «Жалпақтөбе» алабындағы бұлақты анықтап, оны тазалау және абаттандыру жұмыстары арқылы жастардың табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін арттыру көзделді. Бір қарағанда қарапайым болып көрінетін бұл бастаманың қоғамдық салмағы айрықша. Себебі туған жерге деген сүйіспеншілік ұранмен емес, нақты іспен өлшенеді. Табиғатты қорғау, айналаны таза ұстау, елді мекеннің көркеюіне үлес қосу – азаматтық жауапкершіліктің көрінісі.
Ал Әулиеата ауданындағы Кеңес жастар күніне орай белсенді жастарды қабылдап, оларға марапат көрсетті.
– Жастар күніне орай Әулиеата ауданында жастармен кездесу ұйымдастырылып, аудан әкімі белсенді жастарға өз атынан Алғыс хаттар табыстады. Бұл – жастардың еңбегі мен қоғамдық белсенділігіне көрсетілген құрметтің айқын көрінісі деп білемін.
Осы кездесуде Әулиеата ауданы Жастар кеңесінің төрағасы қызметіне тағайындалуым мен үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Алдағы уақытта аудан жастарының ұсыныстары мен мәселелеріне ерекше көңіл бөліп, олармен тығыз байланыста жұмыс істеуді басты міндеттерімнің бірі санаймын. Жастардың қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуына, спорттық және мәдени іс-шараларға қатысуына, жаңа бастамалары мен тың жобаларын жүзеге асыруына барынша қолдау көрсетуге күш саламыз. Себебі жастардың әлеуетін дұрыс бағыттап, олардың бастамасына мүмкіндік беру – ауданның қоғамдық дамуына серпін беретін маңызды фактор.
Басты мақсатым – Әулиеата ауданындағы жастарды ортақ мақсатқа жұмылдырып, олардың қоғамдық белсенділігін арттыру, өзара ынтымақтастығын күшейту және әр жастың дамуына мүмкіндік беретін орта қалыптастыру. Жастардың ұсынысы тыңдалып, бастамасы қолдау тапқан кезде ғана олардың қоғамға деген сенімі мен жауапкершілігі арта түседі. Осы бағытта Жастар кеңесінің жұмысын жүйе- лі түрде ұйымдастырып, аудан жастарының игілігіне үлес қосуға бар күшімді саламын, – дейді Әулиеата ауданы Жастар кеңесінің төрғасы.
Бұл тұста жастардың жұмыспен қамтылуы мен кәсіпкерлік бастамалары да назардан тыс қалмауы тиіс. Себебі қазіргі жас үшін қоғамдық белсенділік пен кәсіби қалыптасу бір-бірінен ажырағысыз ұғым. Білім алып, мамандық игеріп, еңбек нарығында өз орнын табуымен қатар, қоғамға пайдалы іске араласқан жас – елдің нақты капиталы.
– Бүгінгі таңда жастарға тек бос уақытын тиімді ұйымдастыратын орта ғана емес, өзінің болашағын қалыптастыруға мүмкіндік беретін нақты жағдай қажет. Кәсіп бастауға, білімін жетілдіруге, жаңа мамандық игеруге немесе еңбек нарығында өз орнын табуға бағытталған бастамаларға қолдау көрсету – жастар саясатының маңызды бөлігі, – дейді Жібек жолы ауданы Жастар кеңесінің төрағасы Азат Миятұлы.
Бұл ой екі ауданның да алдағы жұмыс жоспарымен сабақтас. Жастар кеңестері жастардың сұранысын сырттай болжаумен шектелмей, олардың өзінен сұрауды, нақты дерекке сүйенуді көздеп отыр. Осы мақсатта жастармен кездесулер, сауалнамалар, ашық пікірталастар, көшпелі жиындар ұйымдастыру, әлеуметтік мәселелерді зерделеу және ұсыныстарды жинақтау жоспарлануда.
Жібек жолы ауданындағы Кеңестің алға қойған маңызды міндеттерінің бірі – бес округтің әрқайсысында кемінде бір нақты жастар бастамасын жүзеге асыру. Бұл – аудан орталығында ғана емес, әр аумақта жастар қозғалысының жандануына мүмкіндік беретін маңызды қадам. Әулиеата ауданында да аумақтық ерекшеліктерді ескере отырып, жастардың өз ортасында жүзеге асыра алатын жобаларына жол ашу көзделеді. Мұндай тәсіл Кеңес жұмысын формалды шаралардан арылтып, нақты нәтижеге бағыттай түседі.
Екі ауданның Жастар кеңестері үшін тағы бір маңызды міндет – жастар мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайту. Жас азаматтың ұсынысы аудан деңгейіндегі шешім қабылдау үдерісіне жеткен кезде ғана қоғамдық диалогтың шынайы мәні артады. Бұл ретте Кеңес жастардың мәселесін көтеретін ғана емес, оның шешімін іздеуге атсалысатын аралық буынға айналуы қажет.
Әкімдік тарапынан көрсетіліп отырған қолдау да осы жұмыстың нәтижелі болуына негіз болады. Жастардың бастамаларына сенім білдіру, оларды қоғамдық жұмысқа тарту, ұсыныс- тарын тыңдау – жас буынға артылған үлкен сенім. Ал сенімнің жүгі жеңіл емес. Сондықтан қос ауданның Жастар кеңестері үшін басты міндет – берілген мүмкіндікті нақты іске айналдыру.
Қоғамдық жұмыстың нәтижесін өткізілген іс-шаралардың санымен өлшеу жеткіліксіз. Нақты нәтиже – жастардың Кеңеске деген сенімінің артуы, олардың өз мәселесін ашық айтуы, жаңа жобалардың дүниеге келуі және сол бастамалардың жүзеге асуы. Бір жастың мәселесі шешілсе, бір топ жас өз жобасын іске асырса, бір округте туған жерге пайдалы бастама қолға алынса – мұның өзі қоғамдық жұмыстың нақты жемісі.
Әулиеата мен Жібек жолы аудандарының Жастар кеңестері алдында ортақ әрі ауқымды міндеттер тұр. Екі ауданның жастарын біріктіретін дүние көп: білімге ұмтылыс, еңбекке деген талпыныс, жаңа идеяға құштарлық, туған жерге деген сүйіспеншілік. Осы ортақ құндылықтарды қоғамдық дамудың қуатты күшіне айналдыру – Кеңестердің басты мақсаты.
Бекзат Амангелді мен Азат Жаманқұл бастаған қос ауданның Жастар кеңестері үшін алдағы кезең – қалыптасу кезеңінен нақты нәтижеге көшетін уақыт болмақ. Әр округпен және әр аумақтағы жастармен тұрақты байланыс орнату, олардың ұсыныстарын тыңдау, бастамаларын қолдау, әлеуметтік және кәсіби мәселелерін шешуге ықпал ету – басты бағыттардың қатарында.
Жастарға мүмкіндік берілген жерде жаңа идея пайда болады. Жастардың пікірі ескерілген жерде қоғамдық сенім қалыптасады. Ал сол сенім нақты іске ұласқанда ғана ауданның дамуына жаңа серпін келеді.
Тараздың қос ауданында жанданған Жастар кеңестері – осы үміт пен сенімнің жаңа алаңы. Оның болашағы өткізілген шаралардың көптігімен емес, жастардың өміріне, олардың ортасына және туған жерінің дамуына енгізген нақты өзгерісімен бағаланбақ.
Өйткені жастар – елдің ертеңі ғана емес, бүгінгі күннің де белсенді күші. Олардың үні естілген жерде – қоғамдық қозғалыс бар. Оларға мүмкіндік берілген жерде – жаңа бастама бар. Ал жастар өз ауданын дамытуға атсалысқан жерде – елдің болашағына деген сенім бар.

Арайлым Шабденова

Comments (0)
Add Comment