Үй жануарларын ұстау мәдениеті – қоғам қауіпсіздігінің маңызды бөлігі
Қазіргі таңда үй жануарларын, әсіресе иттерді ұстау мәселесі қала тұрғындары үшін маңызды тақырыптардың біріне айналып отыр. Ит – адамның сенімді серігі ғана емес, оны ұстау иесінен үлкен жауапкершілікті талап ететін үй жануары. Сондықтан итті дұрыс күтіп-бағу, уақытылы ветеринариялық шаралардан өткізу және белгіленген тәртіппен серуендету – әрбір иесінің міндеті.
Қазақстан Республикасында бұл бағыттағы талаптар «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңға сәйкес реттеледі. Аталған заңның негізінде Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 20 мамырдағы №168 бұйрығымен Үй жануарларын ұстаудың және серуендетудің үлгілік қағидалары бекітілген. Қағидалар үй жануарларын ұстау және серуендету тәртібін айқындайды.
Арнайы орын не үшін қажет?
Итті серуендету жануардың табиғи қажеттіліктерін өтеуімен қатар, оның қозғалыс белсенділігін қамтамасыз етудің маңызды тәсілі. Қағидаларда үй жануарларын серуендету жануардың қозғалыс белсенділігіне және табиғи қажеттіліктерін атқаруына бағытталған әрекет ретінде айқындалған.
Алайда итті серуендету барысында тек жануардың ғана емес, айналадағы адамдардың да қауіпсіздігі ескерілуі тиіс. Осыған байланысты арнайы бөлінген аумақтардың маңызы зор.
Үлгілік қағидаларда иттерді еркін серуендетуге арнайы бөлінген аумақтарда және иттерді серуендетуге арналған алаңда еркін серуендетуге жол берілетіні нақты көрсетілген.
Яғни арнайы жабдықталған алаң – ит иесіне үй жануарын қауіпсіз ортада серуендетуге, ал басқа тұрғындарға қоғамдық кеңістікте еркін әрі қауіпсіз жүріп-тұруға мүмкіндік беретін орын.
Мұндай алаңдардың болуы қала инфрақұрылымының бір бөлігі ретінде қарастырылуы тиіс. Қағидалардың 18-тармағына сәйкес, үй жануарларын серуендетуге тыйым салынған орындарды тиісті мемлекеттік органдар айқындайды, ал қажет болған жағдайда үй жануарларын серуендетуге арналған орындарды жергілікті атқарушы органдар жабдықтайды.
Қоғамдық орын – ортақ жауапкершілік аумағы
Ит иесінің жауапкершілігі тек үй жануарын тамақтандырумен немесе үй жағдайында ұстаумен шектелмейді. Иесі немесе жауапты адам серуендету кезінде адамдардың және басқа жануарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ адамдардың мүлкіне зиян келтірмеуге міндетті.
Үлгілік қағидаларға сәйкес, қоғамдық орындарда ит 2 метрден аспайтын қарғыбауда болуы қажет. Ал магистральдар маңындағы көшелерден өту кезінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында ит 1,5 метрден аспайтын қысқа қарғыбауға алынуы тиіс.
Бұл талаптардың басты мақсаты – ит иелеріне қолайсыздық жасау емес, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Өйткені тұрғындардың арасында кішкентай балалар, қарт адамдар, денсаулығына байланысты иттерден қорқатын азаматтар болуы мүмкін. Сондықтан үй жануарын серуендету кезінде «менің итім ешкімге зиян келтірмейді» деген жеке пікірден бұрын, айналадағы адамдардың қауіпсіздігі мен жайлылығы ескерілуі қажет.
Иттерді қай жерлерде серуендетуге болмайды?
Қала аумағында иттерді кез келген жерде еркін серуендетуге жол берілмейді.
Үлгілік қағидаларда елді мекендер аумағында иттердің еркін жүруіне, сондай-ақ мектепке дейінгі және білім беру ұйымдарының, дене шынықтыру-спорт және медициналық ұйымдардың, мәдениет ұйымдарының, балалар мен спорттық ойын алаңдарының аумақтарында үй жануарларын серуендетуге тыйым салынған. Сондай-ақ серуендеуге тыйым салу белгілері орнатылған аумақтарда ит серуендетуге болмайды.
Бұл шектеулердің әрқайсысының өзіндік себебі бар. Мысалы, балалар алаңында иттің болуы кішкентай балалар үшін қауіп тудыруы мүмкін. Ал медициналық немесе білім беру ұйымдарының аумақтары санитариялық және қоғамдық қауіпсіздік талаптарына сай пайдаланылуы тиіс.
Сонымен бірге адамдар шомылатын аумақтарда, тоғандарда, субұрқақтарда және су қабылдағыштарда үй жануарларын шомылдыруға және жуындыруға да рұқсат етілмейді.
Еркін серуендету мен қараусыз жүрудің айырмашылығы бар
Кейде тұрғындар иттің арнайы жерде қарғыбаусыз жүруін оның «қараусыз жүруімен» шатастырады. Алайда бұл екі түрлі ұғым.
Қағидаларда иттің еркін жүруі иесінің қатысуымен арнайы бөлінген аумақта, иттерді серуендетуге арналған алаңда немесе үйрету алаңында жүзеге асырылатыны көрсетілген. Ал үй жануарының өз бетінше серуендеуі – оның иесінсіз немесе жауапты адамсыз ұстау орнынан тыс жерде болуы.
Демек, арнайы белгіленген және қауіпсіздік талаптарына сай алаңда иесінің бақылауымен итті еркін серуендетуге болады. Ал итті көшеге, аулаларға немесе басқа қоғамдық орындарға қараусыз жіберу – талапқа сай емес.
Арнайы алаң – тек ит үшін емес
Ит серуендетуге арналған арнайы орындардың болуы ең алдымен қала тұрғындарының мүддесіне қызмет етеді.
Бір жағынан, мұндай алаң ит иелеріне үй жануарын қауіпсіз әрі белгіленген жерде серуендетуге мүмкіндік береді. Екінші жағынан, балалар алаңдары, аулалар, саябақтар мен басқа да қоғамдық кеңістіктерді иттердің бақылаусыз жүруінен қорғауға жағдай жасайды.
Сондықтан арнайы алаңдарды ұйымдастыру – тек ит иелерінің мәселесі емес. Бұл – қоғамдық тәртіп, санитариялық тазалық, тұрғындардың қауіпсіздігі және жануарларға жауапкершілікпен қарау мәдениетімен тікелей байланысты мәселе.
Иттерді серуендетуге арналған алаңдарды ұйымдастыру кезінде олардың тұрғындарға қолжетімді орналасуы, қауіпсіздігі, қоршалуы және пайдалануға қолайлылығы ескерілуі маңызды. Ал мұндай орындарды пайдаланатын азаматтар өз кезегінде белгіленген тәртіпті сақтап, жануардың артынан тазалық жұмыстарын жүргізуге және айналаға қауіп төндірмеуге жауапты болуы керек.
Жауапкершілік – әр тұрғыннан басталады
Үй жануарын ұстау – құқық қана емес, міндет те. Үлгілік қағидалар бойынша үй жануарының иесі және жауапты адамы адамдар мен жануарлардың денсаулығына қауіп төндірмейтін, айналадағыларға зиян келтірмейтін жағдайларды қамтамасыз етуге тиіс.
Сондықтан ит алған азамат ең алдымен оның күтімі мен қауіпсіздігіне ғана емес, қоғам алдындағы жауапкершілігіне де дайын болуы қажет.
Иттің уақтылы серуендетілуі, қарғыбауда болуы, қажетті жағдайда тұмылдырық қолданылуы, қоғамдық орындарда белгіленген талаптардың сақталуы – қарапайым ғана ережелер болып көрінгенімен, олардың артында адамдардың қауіпсіздігі тұр.
Қаламызда үй жануарларын ұстау мәдениетін қалыптастыру үшін тек мемлекеттік органдардың жұмысы жеткіліксіз. Бұл іске тұрғындардың өздері де белсенді атсалысуы қажет.
Қауіпсіз қала – ортақ міндет
Қаладағы ит серуендетуге арналған орындар – жануар иелеріне жасалған жеңілдік қана емес, қауіпсіз және жайлы қалалық ортаны қалыптастырудың маңызды элементі.
Үй жануарларының табиғи қажеттіліктерін қамтамасыз ету мен тұрғындардың қауіпсіздігін қатар сақтау – бір-біріне қарама-қайшы ұғымдар емес. Керісінше, дұрыс ұйымдастырылған арнайы орындар мен белгіленген тәртіп осы екі міндетті қатар шешуге мүмкіндік береді.
Сондықтан әрбір ит иесі: «Менің үй жануарым қай жерде серуендеуі керек?», «Оны қалай қауіпсіз серуендетемін?», «Айналамдағы адамдарға қандай жауапкершілігім бар?» деген сұрақтарға жауап бере білуі тиіс.
Өйткені жануарға жауапкершілікпен қарау – тек заң талабы емес, ең алдымен қоғамның мәдениеті мен адамгершілік деңгейінің көрсеткіші.
Қауіпсіз қала құру – ортақ міндет. Ал бұл міндет әрбір үй жануары иесінің жауапты әрекетінен басталады.