Қала мектептері жаңа оқу жылына дайын

Жаңа оқу жылы қарсаңында Тараз қаласының білім беру жүйесінде ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілуде. Биыл шаһардағы 115 мектеп оқушыларды қабылдауға дайын. Бұл білім алуға ниетті балалар үшін қажетті жағдай қалыптастыруға және оқу процесін жүйелі ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Қаладағы білім беру ұйымдарының негізгі бөлігін мемлекеттік мектептер құрайды. Қазіргі таңда Таразда 80 мемлекеттік мектеп жұмыс істейді. Жаңа оқу жылында бұл білім ошақтарына болжам бойынша 8 312 бала 1-сыныпқа қабылданады. Яғни мыңдаған бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, білім әлеміне қадам басқалы отыр.
Мемлекеттік мектептердің құрылымы да әр алуан. Оның ішінде 55 орта мектеп, 10 мектеп-гимназия, 6 гимназия, 3 бастауыш мектеп, 1 мектеп-лицей және 1 кешкі мектеп бар. Мұндай білім беру ұйымдарының әртүрлілігі оқушылардың білім алу қажеттілігіне қарай тиісті бағыттарды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Мектептердің жұмыс режиміне келсек, мемлекеттік білім беру ұйымдарының 5-еуі бір ауысымда, 75-і екі ауысымда жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш қала мектептерінің оқушыларды қабылдау және оқу процесін ұйымдастыру мүмкіндіктерін айқындайды.
Тараздағы білім беру кеңістігінде жекеменшік мектептердің де үлесі артып келеді. Қалада бүгінде 35 жекеменшік білім беру ұйымы жұмыс істейді. Олардың қатарында 19 орта мектеп, 6 мектеп-гимназия, 6 бастауыш мектеп, 2 мектеп-лицей және 2 инновациялық мектеп бар.

Тараз қаласы әкімдігі

Comments (0)
Add Comment