Тараз қаласындағы №463-сайлау учаскесінде дауыс беру процессі қалыпты өтуде. Дәл осы бекітілген дауыс беру орнында өз таңдауын жасағандардың бірі – Еркін Датқабекұлы. Ол – өңірімізге белгілі кәсіпкер, «Таразкожобувь» серіктестігінің директоры.
Кәсіпорын иесі жергілікті БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында саяси науқанға қатысу азаматтық парызы екенін айтып, замандастарын ел ертеңі үшін маңызды бастаманың басынан табылуға шақырды.
– Дауыс беру құқығына ие азамат ретінде бүгінгі саяси науқаннан қалыс қалмауды жөн көрдім. Саяси партиялардың сайлауалды бағдарламаларын бұған дейін де әлеуметтік желілерден, делегаттардың басқосуынан зерделеп, сенім үдесінен шығады-ау деген партияға өз дауысымды бердім. Өмірде бір балл, бір дауыс, бір қолдау – таразы басына түскенде бәрін шешіп кетуі мүмкін. Сондықтан әр дауыс беруші тағдыршешті мәселені салқынқанды қабылдауы тиіс, – дейді белгілі кәсіпкер.
Айта кетейік, Жамбыл облысында өңірде жалпы саны 520 сайлау учаскесі қалыпты жұмыс істеп тұр.