Бүгін еліміз үшін маңызды саяси науқан – Құрылтай депутаттарының сайлауы өтуде. Осыған орай Тараз қаласындағы №51 сайлау учаскесінде тұрғындардың өз азаматтық таңдауын жасауына барлық жағдай жасалған.
Аталған сайлау учаскесінде жалпы 2792 сайлаушы тіркелген. Қазіргі таңда 300-ден астам азамат өз таңдауын жасап үлгерді. Олардың қатарында 15 азамат алғаш рет дауыс берді.
Алғаш рет сайлау бюллетенін қолына алып, азаматтық таңдауын жасағандардың бірі – Ақнұр Есенбекқызы. Жас сайлаушы үшін бұл күн – ел болашағына деген жауапкершілігін сезініп, азаматтық ұстанымын білдірген ерекше сәт.
Сайлау учаскесіне келген тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлау мақсатында түрлі мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырылды. Спорттық сайыстар өтіп, жәрмеңке ұйымдастырылып, көпшілікке ұлттық өнердің озық үлгілері ұсынылды.
Әсіресе, жас домбырашылардың орындауындағы күмбірлеген күй мен жырдан шашылған шашу сайлау күнінің мазмұнын айшықтай түсті. Ұлттық өнерді ұлықтаған өнерпаздар елдік пен бірлікті, туған жерге деген сүйіспеншілікті әсем әуенмен жеткізді.
Сайлау – азаматтың ел болашағына деген көзқарасын білдіретін маңызды қоғамдық үдеріс. №51 сайлау учаскесіне жиналған тұрғындардың белсенділігі де осы жауапкершіліктің жарқын көрінісін аңғартады.