Көне шаһар күн санап көркеюде

Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Тараз қаласы – тек көне тарихтың куәсі ғана емес, бүгінгі жаңғыру мен дамудың да айқын үлгісіне айналған шаһар. Мыңжылдықтар қойнауынан бастау алған бұл қала қазір әлеуметтік-экономикалық өсімнің жаңа кезеңіне қадам басып, өңірлік дамудың маңызды орталығы ретінде орнығып келеді. Уақыт талабына сай инфрақұрылым жаңарып, өндіріс өркендеп, кәсіпкерлік көкжиегі кеңейіп, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жүзеге асуда.

Инвестиция игілігін ел көреді

Көне шаһардың көркеюі кәсіпорындардың көптеп ашылуымен тікелей байланысты. Ол үшін қалаға инвестиция тарту жұмыстарын күшейту аса маңызды. Бұл бағытта облыс орталығында атап айтарлық жұмыстар баршылық.
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің айтуы бойынша, қаңтар-маусым айларының қорытындысы бойынша, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 120,1 млрд теңгені құраған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 26,3 млрд теңгеге артып, өсім 22,3 пайызға жетіпті. Осылайша өнеркәсіп саласында жалпы өндірілген өнімнің көлемі 353,5 млрд теңге болған.
Сонымен қатар жыл басынан бері жалпы құны 5,2 млрд теңге болатын 2 инвестициялық жоба іске қосылыпты. Ал жыл соңына дейін 56 млрд теңгені құрайтын 11 жобаны іске асыру жоспарлануда. Онда 400-ден астам жаңа жұмыс орындары құрылады.

Кәсіпкерлікке – кең өріс

Экономикалық дамудың тағы бір көрсеткіші – шағын және орта бизнестің дамуы. Қазіргі таңда қала аумағында 44 073 кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Онда жұмыспен қамтылған азаматтар саны 78 мың адамға жуықтаған. Олар өндірген өнім көлемі 663 млрд теңгені құрап, 19,1 пайызға өскен.
– Биылғы қаңтар-маусым айларында бөлшек сауда айналымы 202,4 млрд теңгеге жетіп, 1,4 пайызға өссе, көтерме сауда айналымы 174,1 млрд теңгеге жетіп, өсім 0,7 пайызды құрады.
Қала аумағында орналасқан сауда базарларын заманауи талаптарға сәйкестендіру жұмыстары бекітілген жол картасына сәйкес жалғасуда. Бүгінгі таңда «Нұралы», «Салтанат», «Якка сарай» базарларын қайта жаңғырту жұмыстары толық аяқталса, «Жібек жолы» базары жаңғыртудан өтуде.
Қаламыздың терең тарихы туризм саласын дамытуға мол мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда қалада 28 туристік ұйым, 123 орналастыру орны, 9 турис- тік нысан қызмет атқарады. 2025 жылдың қорытындысымен қалаға келген туристер саны 117 702 адамды құрап, көрсеткіш бір жылда 9 пайызға өсіп отыр, – дейді шаһар басшысы.
Бұдан бөлек, туризмді дамыту шеңберінде жеке инвестицияларды тарту бойынша да жұмыстар жүргізіліп жатыр екен. Нәтижесінде халықаралық стандарттағы 120 бөлмелі «Hilton» және 110 бөлмелі «Sheraton» қонақүй кешендерінің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар экотуризм дамып, демалыс аймақтарының саны артып келеді.

Тұрғын үй құрылысы қарқынды

Соңғы жылдары көне шаһарда құрылыс жұмыс- тары ерекше қарқын алды. Салынған әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер жыл санап қаланың көркін арттыруда. Мәселен, биыл құрылыс жұмыс- тарының көлемі 41,2 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 0,7 пайызға өссе, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 183,2 мың шаршы метрді құраған.
– Қазіргі таңда Тараз қаласында пәтер алу кезегіне 32 мыңнан аса азамат тіркелген. Тараздықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекет тарапынан әлеуметтік тұрақтылықты сақтаудың, азаматтардың өмір сүру сапасын арттырудың және халықтың әл-ауқатын жақсартудың негізгі тетіктерінің бірі.
Жалпы, осы жылы қала аумағында бюджеттік кредиттер есебінен 62 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл үйлердің барлығы «Отбасы банкі» арқылы кезектегі азаматтарға жеңілдетілген несиемен беріледі.
Осы ретте «Ұлы дала» шағынауданында 11 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, 2-еуі пайдалануға берілді. Қалған 9 үйдің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. «Шапағат» шағынауданында өткен жылдан өтпелі 4 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар 30 тұрғын үйдің құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. «Балауса» шағынауданында 17 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ биылға әлеуметтік осал санаттағы кезекте тұрған азаматтарға 180 пәтер сатып алу үшін 2,5 млрд теңге бөлінді, – деген Бақытжан Әмірбекұлы жеке тұрғын үй құрылысы үшін кезекте тұрған азаматтарды жер телімімен қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.
Мысалы, А.Асқаров көшесінің соңындағы тұрғын алқаптан 46,4 гектар және «Хамукат» тұрғын алқабынан 125 гектар жер телімдерін мемлекет қажеттілігі үшін алып, қажетті инфрақұрылымдар жүргізілуде. Инженерлік желілердің құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін «Хамукат» тұрғын алқабынан – 524, А.Асқаров көшесінің соңынан 341 жер телімі кезекте тұрған азаматтарға берілмек.
Жалпы, бүгінде Тараз қаласының тұрғын үй қорында 1 438 көппәтерлі тұрғын үй болса, 1 103 үйдің пайдалануға берілген мерзімі 30 жылдан асқан. Осыған орай аталған үйлерді күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары жоспарлы жүргізіліп келеді. Бұл ретте биыл 73 үйді күрделі жөндеу жоспарланып отыр. Қаланың орталық көшелеріндегі тұрғын үйлердің бірыңғай сәулеттік келбетін жаңарту жобасы бойынша жұмыстар өз жалғасын тауып, Ы.Сүлейменов көшесінің бойындағы 9 тұрғын үйдің қасбеттерін жөндеу жүргізілуде.

Кәріз суларының мәселесі көп ұзамай шешіледі

Қазіргі таңда Тараз қаласында кәріз суларын тазарту кешенін салу кезек күттірмейтін мәселеге айналып отыр. Осы күрделі мәселені шешу мақсатымен арнайы Жол картасы әзірленген еді.
Қала әкімі Б.Орынбековтің айтуынша, Жол картасына сәйкес Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкінен грант бөлініп, техника-экономикалық негіздеме әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған. Жобаның қуаттылығы тәулігіне 80 мың текше метр шайынды суды тазартуға жетеді деп күтілуде.
Қазіргі таңда облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Құрылыс жұмыстары жыл соңында басталады деп жоспарлануда.

Жылу желілерін жаңғырту – жауапты жұмыс

Қаланың тіршілік тынысын қамтамасыз ететін негізгі жүйелердің бірі – жылу желілері. Оның тұрақты әрі сенімді жұмыс істеуі тұрғындардың жайлы өмір сүруіне, әлеуметтік нысандардың үздіксіз қызметіне және шаһар экономикасының қалыпты жұмысына тікелей әсер етеді. Сондықтан жылу желілерін жаңғырту тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмір сапасын арттыруға бағытталған стратегиялық маңызы бар жұмыс екені белгілі.
– Осы мақсатпен басталған жұмыстар аясында биыл «М-3» магистраліның құрылыс жұмыс- тары толық аяқталып, «Самал» (7), «Алатау» (8) шағынаудандарының ішкі кварталдық жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүруде.
Сонымен қатар «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында «Таразтрансэнерго» мекемесінің 2026 жылға арналған МЭКС платформасына «Тараз қаласындағы ТК-128 ішкі кварталдық жылу желілерін реконструкциялау» және «Тараз қаласындағы ТК-512 ішкі кварталдық жылу желілерін реконструкциялау» жобалары орналастырылды. Қазіргі уақытта облыс орталығындағы жылу желілерінің тозу деңгейі бүгінге 70,4 пайыздан 66,4 пайызға дейін төмендеді. Бұдан бөлек, қаладағы жылу желілерін қайта жаңғыртудан өткізу бойынша 7 жоба бойынша республикалық бюджетке өтінім ұсынылды, – деген шаһар басшысы жоғарыда атап өткен жобалар толық іске асырылған жағдайда жылу желілерінің тозу деңгейі 51 пайызға дейін төмендейтінін айтады.

Тіршілік нәрінен таршылық жоқ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке ел аумағын таза ауызсумен 100 пайыз қамту бойынша нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Бұл тапсырма Таразда жоспарға сай жүйелі түрде орындалуда. Нәтижесінде биыл 13,8 шақырым тозығы жеткен ауызсу құбырларын жаңарту жұмыстары жүргізілді. Осылайша Тараз қаласының орталықтандырылған ауызсумен қамтылу көрсеткіші 99,2 пайызға жетті.
Сондай-ақ Байзақ және Жамбыл аудандарынан қосылған «Талас», «Новоджамбулец», «Дорожник» алаптары бойынша ауызсу жүйесінің жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, облысқа бюджеттік сұраныс берілген. Аталған аумақтарда ауызсу жүйесі жүргізілген жағдайда жоғарыда аталған көрсеткіш 100 пайыз болмақ.
Бұдан бөлек, ескірген ауызсу құбырларын қайта жаңғыртудан өткізу бойынша 17 жоба респуб- ликалық бюджетке ұсынылған.

Сапалы жол – қауіпсіздік кепілі

Қала аумағының ұлғаюы көлік қозғалысы мен жолдардың сапасына әсер ететіні белгілі. Осыған орай қалада ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.Қала әкімі Бақытжан Орынбековтің айтуынша, 2023-2025 жылдары шаһарда 279,5 шақырымды құрайтын 474 көшеге асфальт төселіпті.
– 2024-2025 жылдары орталық көшелерден бөлек, «Құмшағал», «Шөлдала» тұрғын алқаптарындағы және 28 саяжайдағы 320 көшеге қиыршық тас төселді. Сонымен қатар көптен бері өзекті болып келген «Бурыл А,Б,В» алқабындағы 75 көшеге және «Барысхан» тұрғын алқабында 24 көшеге асфальт жабындысы төселіп, жұмыстар толығымен аяқталды.
Ал биылғы жоспарға сәйкес, ұзындығы 34,7 шақырымды құрайтын 42 көшеге 14,8 шақырым жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары жоспарланған. Сондай-ақ биылға өтпелі болған Рысбек батыр, Қолбасшы Қойгелді, Асанбай Асқаров көшелерін қайта жаңғырту жұмыстары да өз жалғасын тауып жатыр, – деген шаһар басшысы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 71,5 пайызға дейін артқанын тілге тиек етті.
Содай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында шаһарда 2 700 дана жол белгісін орнату, 140 мың шаршы метр таңбалау, 800 метр жасанды кедергі, 14 бағдаршам орнату және Абай даңғылындағы бағдаршамдарды ауыс- тырып, жедел басқару орталығына қосу жоспарланып отыр екен.

Жарқыраған көшелер жанға жайлы

Қаланың жайлылығы мен қауіпсіздігін айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі – көшелерді жарықтандыру. Сапалы жарықтандыру жүйесі тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Әсіресе, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі, балалардың, қарттардың еркін қозғалысы, қоғамдық орындардың қолжетімділігі мен түнгі уақыттағы жайлылық осымен тығыз байланысты. Сонымен қатар жарықтандырылған көшелер қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алуға ықпал етіп, шаһардағы қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жалпы, қала көшелерін жарықтандыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлы өмір сүру жағдайлары қамтамасыз етілуде. Айталық, биыл Әулиеата ауданында – 21 көшеге, Жібек жолы ауданында 22 көшеге түнгі жарық шамдары орналастырылуда. Сондай-ақ қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын жарықтандыру жұмыстарын да ағымдағы жылы толық аяқтау жоспарланып отыр.

Қоғамдық көліктердің қатары көбейді

Қоғамдық көлік – қала тіршілігінің күретамыры, тұрғындардың күнделікті өмірімен тікелей сабақтас маңызды сала. Оның қолжетімділігі мен сапасы халықтың жүріп-тұруына ғана емес, еңбек өнімділігіне, әлеуметтік белсенділікке, тіпті, шаһар экономикасының ырғағына әсер етеді.
Қала аумағы кеңейіп, жолаушылар ағыны артқан сайын қоғамдық көлік жүйесіне түсетін жүктеме де көбейеді. Осындай жағдайда жаңа автобустар жеткізу, бағыттарды оңтайландыру, қызмет сапасын көтеру мен тасымал жүйесін жаң- ғырту – уақыт талабынан туындаған қажеттілік. Бұл шаралар тұрғындардың уақытын үнемдеуге, қатынас қолайлылығын арттыруға, көлік кептелісін азайтуға және экологиялық жүктемені төмендетуге де ықпал етеді.
Сондықтан шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков қала тізгінін ұстай салысымен осы мәселені шешуге ерекше екпін түсірді. Соған сәйкес қаланың Даму жоспарында жыл сайын 70 қоғамдық көлік алу көзделген болатын. Өз кезегінде бұл жұмыстар қоғамдық көліктердің тозу деңгейін төмендетуге, тұрғындар үшін сапалы, қолайлы тасымал ұйымдастыруға бағытталды.
Аталған жоспарға сәйкес, 2023 жылы – 73, 2024 жылы – 155, өткен жылы 91 қоғамдық көлік алынды. Биыл жыл басынан бері 10 автобус жеткізілді. Нәтижесінде жаңа автобустардың үлесі 57 пайыздан 82,9 пайызға жетті. Қоғамдық көлік саны 330 бірлік автобустан 522 бірлік автобусқа дейін артты. Жолаушылар бағыттарына қосымша 13 бағыт қосылып, қазіргі уақытта 46 бағытқа жетті. Соңғы 3 жылда тасымалданған жолаушылардың саны 36,5 пайызға немесе 14,4 млн жолаушыға артты. Сонымен қатар ағымдағы жылы 66 жаңа аялдама орнатылады.

Жұмыссыздықпен жүйелі күрес

Жұмыссыздықпен күрес – күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселелердің бірі. Еліміз егемендік алған сәттен бастап осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде жұмыспен қамтылған азаматтардың қатары артуда. Бұл бағытта Тараз қаласында қолға алынған ауқымды жұмыстар баршылық.
Шаһар басшысы Бақытжан Әмірбекұлының айтуы бойынша, биыл ең төменгі күнкөріс деңгейі 65 500 теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 25,3 пайызға өскен. Қалалық өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 6 643 жұмыс орны ашылған. Сонымен қатар 2 014 отбасына 481,5 млн теңгеге әлеуметтік көмек көрсетілген.
– Отбасы – Отанымыздың іргетасы. Сондықтан қаладағы әр жанұяға жан-жақты қолдау көрсету – жұмысымыздың басты бағыттарының бірі. Осыған орай өмірлік қиын жағдайда қалған отбасыларға қолдау көрсету мақсатымен Тараз қаласында «Отбасын қолдау орталығы» құрылды. Орталықтың негізгі мақсаты – мемлекеттік отбасы саясатының шараларын, оның ішінде некені және отбасын сақтау, өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарға түрлі қолдау көрсетуге жәрдемдесу.
Орталыққа жыл басынан өмірлік қиын жағдайға тап болған 545 отбасы жүгініп, оларға психология- лық, заңгерлік, әлеуметтік кеңес берілді. Алдағы уақытта «Қаратау» шағынауданында бос тұрған ғимаратты қайта жаңғырту арқылы «Отбасын қолдау орталығына» жаңа ғимарат беруді көздеп отырмыз, – дейді қала әкімі.

Әлеуметтік салалар – әрдайым назарда

Мәдениет – ұлттың өткені мен бүгінін жалғап, болашағына бағыт беретін рухани көпір. Сондықтан облыс орталығында аталған саланы дамытуға көп көңіл бөлініп отыр.
Айталық, биыл «Ұлы дала» (15) шағынауданында 40 мың кітап қоры бар жаңа кітапхана ашылды. Ы. Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінің құрылымында жастар театры жұмысын бастады. Сондай-ақ 1 300 орындық концерт залының құрылысы бойынша келісім шарт рәсімдері жүргізілуде.
Қала тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстанып, денсаулықтарының мықты болуы да шаһардағы өмір сапасының артқанын көрсетеді. Бұл мақсатта Тараз қаласының даму жоспарына сәйкес, 16 аула абаттандырылып, 7 шағын футбол алаңшасы ағымдағы жөндеуден өтуде. Сонымен қатар «Ұлы дала» (15) шағынауданында спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Бұл жұмыстар қала тұрғындарының жартысына жуығына дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылдануына жағдай жасап отыр. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылы Инклюзивті спорт орталығын салу жоспарлануда.
Бұдан бөлек, білім мекемелерінің ғимараттарын жаңартуға да басымдық беріліп отыр. Осы бағыттағы жұмыстар шеңберінде биыл №27 орта мектептің 600 орындық жаңа ғимаратының құрылысы жүргізіліп жатыр. №54 орта мектепте өткен жылдан өтпелі күрделі жөндеу жұмыстары жұмыстары жалғасуда. Нәтижесінде қазіргі таңда орын тапшылығы, апатты мектептер мәселелері толығымен өз шешімін тапты.

Тұңғыш «Достастық жәрмеңкесі» Таразда өтеді

2022 жылы Тараз Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енгізіліп, аталған атақты иеленген Қазақстандағы алғашқы шаһар ретінде тіркелді. Бұл мәртебе қаланың тарихи-мәдени мұрасын және оның халықаралық деңгейде дамуын насихаттайды.
Осыған орай жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен келген қолөнершілердің қатысуымен «Тараз – қолөнершілер қаласы» фестивалі өткізіледі. Жалпы алғанда, қолөнер индустриясы – Тараздың маңызды мәдени брендтерінің бірі. Ұлттық құндылықтарды сақтауға және насихаттауға, сондай-ақ аймақтың туристік әлеуетін дамытуға үлес қосады.
2023 жылы Жамбыл облысына жұмыс сапары кезінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тараздағы қолөнершілер көрмесіне барып, жергілікті шеберлердің жұмыс- тарымен танысты.
2024 жылдың 8 қазанында ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің отырысында Президент ТМД нарықтарының Қазақстан үшін маңыздылығын атап өтіп, «Достастық жәрмеңкесі» мемлекетаралық бағдарламасын іске қосуды ұсынды. Осыған орай алғашқы жәрмеңкені тарихы терең Тараз қаласында өткізу туралы шешім қабылданған болатын.
Халықаралық шараны қабылдау үшін Таразда қала келбетін жақсарту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында кешенді шаралар қолға алынған. Тараз қаласының әкімі Б.Орынбековтің айтуы бойынша, жәрмеңкеге арнайы 6 нысанның құрылысы жүруде.
– Соның бірі – «Әулие-Ата» әуежайынан бастап, Айша бибі көшесіне дейін жол бойындағы саябақ. Жобаға сәйкес, онда балалар ойын алаңы, ворк- аут жаттығу, сергу алаңшасы, самалдық (беседка), пергола, орындықтар, саябақ шамдары қарастырылған. Қазіргі таңда нысанда жердің беткі қабатын алу, ұңғымалар қазу және де жаяу жүргіншілер жолағын дайындалып жатыр.
Екіншісі – Тәуке хан көшесі бойындағы «Этно- ауыл» кешені. Аталған аумақта цитадель, павильон, әкімшілік ғимараттары, кәдесыйлар дүкені, дәмхана, киіз үй, пергола, орындықтар, саябақ шамдары, шағын архитектуралық формалар және көгалдандыру жұмыстары болады. Бүгінде нысанда киіз үй және өзге де ғимараттардың құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
Үшіншісі – «Желтоқсан көшесінен Орталық алаңға дейін Төле би даңғылын абаттандыру, қайта құру» жобасы. Жұмыстар аясында орындықтар, саябақ шамдары, жаяу жүргіншілер жолдарын қайта жөндеу және көгалдандыру жұмыстары қарастырылған. Нысанда ұңғымаларды қазу және де жаяу жүргіншілер жолағын дайындау жұмыстары жүргізілуде.
Төртіншісі – «Абай даңғылын Дінмұхаммед Қонаев көшесінен Ыбырайым Сүлейменов көшесіне дейін абаттандыру, қайта құру» жобасы. Жоба бойынша бұл аралықта орындықтар, саябақ шамдары орнатылып, жаяу жүргіншілер жолдарын жөндеу және көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Қазір ұңғымаларды қазу, жарықшамдарды орнатылып, жаяу жүргіншілер жолағы дайындалып жатыр.
Бесіншісі – «Гидрокешен» тұрғын алабындағы саябақ. Жаңа демалыс орнында балалар ойын алаңы, воркаут жаттығу, сергу алаңшасы, самалдық, орындықтар, саябақ шамдары, футбол және баскетбол алаңшалары орын теуіп, толықтай көгалдандырылады. Дәл қазір аталған аумақта футбол және баскетбол алаңшалары құрастырылып, жаяу жүргіншілер жолағы дайындалуда, – дейді шаһар басшысы.
Ал алтыншы жоба – «Төрткүл» керуен сарайының жөндеу жұмыстары. Қазіргі таңда нысанда сыртқы қасбет және ішкі әрлеу жұмыс- тары жүргізілуде.

Көне шаһарды көгалдандыру – маңызды міндет

Таразда қаланы көгалдандыру және жасыл аймақ құрудың жоспарына сәйкес «Жасыл белдеу» бағдарламасы қабылданған болатын. Бағдарлама аясында «Қызылабад» тұрғын алқабына 10 мың тал ағаш егілсе, күзде тағы 10 мың түп отырғызылмақ.
Сондай-ақ қаланың орталық көшелеріне, саябақтарға, аллеялар мен скверлерге 8 мың ағаш егу жоспарланған.
– Қаланы абаттандырудағы маңызды салалардың бірі – көгалдандыру, оның ішінде жасыл желектерді суару мәселесі. Қаланың күре тамыры саналатын арық жүйелерінің тозығы жеткен. Осы орайда арықтарды қалпына келтіру жұмыстары қолға алынып, жалғасын табуда. Биыл Ыбырайым Сүлейменов көшесі және «Аса», «Жансая» шағынаудандары аумағында арық жүйелері ауыстырылады.
Алдағы уақытта «Үшбұлақ» және «Қарасу-2» каналдарын абаттандыру жоспарлануда. Жобада каналдардың жағалауын саябақ ретінде көгалдандыру, воркаут, спорт алаңшалары және зейнеткерлерге арналған демалыс аумағы қарастырылған, – деген Бақытжан Әмірбекұлы қаладағы ең көне саябақ «Мамыр» бауы экосаябақ ретінде қайта жаңғыртылып, бұл аумақта экологиялық туризм бағыттары ашылатынын да атап өтті.
Бұл ретте қаланы көгеріштендіруге жауапты мекеме «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-нің материалдық-техникалық базасын нығайтуға басымдық беріліп отыр екен. Осыған орай биыл лизинг есебінен 80 техника алу көзделіп отырған көрінеді.

Тазалық табалдырықтан басталады

Тараз – ортақ үйіміз болғандықтан, оның таза болуы әрбір тұрғынның жан дүниесінің көрінісі іспетті. Өз тұрғын үйіңіздің маңын, ауласын, көшесін жинап, шашылған қоқыстарды белгіленген орынға тастау арқылы қоршаған ортаның тазалығына атсалысу баршамыздың айнымас міндетіміз десек, қателеспейміз. Бұл тұрғыда Тараз қаласында ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Айталық, Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық-экологиялық акциясы аясында қала аумағында сенбіліктер тұрақты ұйымдас- тырылуда. Биыл шараға 50 мыңға жуық адам қатысып, 3 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.

Түйін

Қорыта айтқанда, Тараздың бүгінгі әлеу- меттік-экономикалық даму қарқыны – жүйелі жоспарлау мен нақты нәтижеге бағытталған жұмыстың айқын көрінісі. Сан салада тындырылған ауқымды жұмыстар шаһардың жаңа даму кезеңіне қадам басқанын аңғартады. Ең бастысы, қолға алынған бастамалардың барлығы халықтың сұранысы мен уақыт талабынан туындаған өзекті мәселелерді шешуге бағытталған. Бұл тұрғыда жүзеге асып жатқан жұмыстар Тараздың тек бүгінгі қажеттілігін өтеп қана қоймай, оның ұзақ мерзімді тұрақты дамуына берік негіз қалап отыр. Ал мұндай жүйелі даму қарқыны көне шаһардың өңірлік қана емес, республикалық деңгейдегі маңызды экономикалық және әлеуметтік орталық ретіндегі рөлін күшейте беретіні сөзсіз.

Comments (0)
Add Comment