Жамбылда Жастар ресурстық орталықтарының футбол турнирі басталды

Жамбыл облысында 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай облыс әкімінің кубогы үшін Жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлері арасында ұйымдастырылған кіші футбол турнирінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Дәстүрлі спорттық додаға Абай, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласының Жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлерінен құралған 12 команда қатысып, өзара үздіктерді анықтайды. Турнирдің басты мақсаты – жастар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау және өңірлер арасындағы өзара байланысты дамыту.

Салтанатты ашылу рәсіміне Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол мұндай спорттық іс-шаралардың жастар саясаты саласында еңбек етіп жүрген мамандардың өзара тәжірибе алмасуына, кәсіби байланыстарын нығайтуға және жаңа бастамаларды бірлесіп жүзеге асыруға ықпал ететінін атап өтті.

– Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Осындай игі бастамалар аясында жастардың бас қосуы өңірлер арасындағы ынтымақтастықты арттырып, тың идеялар мен жобалардың жүзеге асуына жол ашады. Барлық қатысушыларға тартысты ойын мен жарқын жеңістер тілеймін, – деді Серік Сәлемов.

Турнир бірнеше күн бойы жалғасып, командалар өзара тартысты кездесулер өткізеді. Жарыс қорытындысы бойынша үздік командалар мен ойыншылар арнайы марапаттарға ие болады.

Айта кетейік, Халықаралық жастар күні аясында өңірде жастардың қоғамдық белсенділігін арттыруға, бұқаралық спортты дамытуға және жастар ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізу жоспарланған.

Comments (0)
Add Comment