Таразда жаяу жүргіншілер өткелдерінде қауіпсіздік ережесін еске салатын ерекше ақпараттық хабарламалар орналастырылуда. Бір қарағанда бұл – кәдімгі жол таңбасы. Алайда мұқият назар аударсаңыз, жаяу жүргіншілер өткелдерінің алдында жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты маңызды ескертулер жазылғанын байқайсыз.
Осылайша облыс орталығында жаяу жүргіншілер өткелдерінің маңына жолды қауіпсіз кесіп өту қағидаларын еске салатын ақпараттық ескертулер салынып жатыр. Бұл бастаманың мақсаты – тұрғындардың назарын аударып, жолдың жүру бөлігін кесіп өту кезінде сақтық шараларын қатаң сақтаудың маңызын тағы бір мәрте еске салу.
Мұндай ақпараттық белгілер қаланың бірнеше нүктесінде, атап айтқанда «МАRТ» сауда-ойын-сауық орталығының маңында, сондай-ақ Ы.Сүлейменов және Қолбасшы Қойгелді көшелеріндегі жаяу жүргіншілер өткелдерінде орналастырылды.
Аяқ астындағы қарапайым ескертулер – жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді тәсілдерінің бірі. Себебі жол қозғалысына қатысушы әрбір адамның мұқияттылығы жол-көлік оқиғасының алдын алып, адам өмірін сақтауға ықпал етеді.
Тараз қаласының әкімдігі