Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтті. Күн тәртібінде 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілген қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың үлгілік қағидаларының негізгі өзгерістері және оларды Тараз қаласының аумағында іске асыру тетіктері, сондай-ақ санитариялық тазалық, тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің орындалуы, проблемалық мәселелер, кері байланыс және елді мекендерді абаттандыру қағидаларын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары қаралды.
Алғашқы мәселе бойынша қала әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Дина Раманкулова баяндама жасап, жаңа редакциядағы үлгілік қағидалардың негізгі өзгерістеріне тоқталды. Ол құжаттың басты мақсаты елді мекендердің санитариялық жағдайын жақсарту, қоғамдық кеңістіктерді күтіп ұстаудың бірыңғай талаптарын қалыптастыру, абаттандыру сапасын арттыру және тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру екенін атап өтті.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Әулиеата ауданының әкімі Барлық Төреханов пен Жібек жолы ауданының әкімі Қарлығаш Аралбекова аудан аумақтарындағы санитариялық тазалықты қамтамасыз ету, абаттандыру жұмыстарын ұйымдастыру, заңсыз қоқыс үйінділерінің алдын алу, балалар ойын және спорт алаңдарын күтіп ұстау, көгалдандыру, тұрғындармен кері байланысты нығайту және жаңа үлгілік қағидаларды іске асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Сонымен қатар алдағы кезеңге арналған жоспарлар мен нақты іс-шаралар таныстырылды.
Аппараттық кеңесте қала аумағындағы санитариялық тазалықты сақтау, рұқсатсыз қоқыс орындарының алдын алу, қоғамдық кеңістіктерді күтіп ұстау, көгалдандыру жұмыстарын күшейту, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру және жаңа қағидалардың талаптарын тиімді іске асыру мәселелері жан-жақты талқыланды.
Жиын соңында қала әкімі жауапты бөлім басшыларының жұмысына қатысты бірқатар ескертулер айтып, салааралық өзара іс-қимылды күшейту, жұмыстарды тиімді үйлестіру мен ұйымдастыруды жүйе- леу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу рәсімдерін уақытылы әрі жүйелі ұйымдастыруды қамтамасыз ету, жоспарланған жобаларды кешіктірмей іске асыру және бөлінген қаражаттың тиімді игерілуін тұрақты бақылауда ұстау жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Сондай-ақ жауапты бөлімдер мен аудан әкімдеріне тұрғындардан келіп түсетін өтініштерге жедел ден қоюды, абаттандыру жұмыстарының сапасына тұрақты мониторинг жүргізуді, мердігер ұйымдардың жауапкершілігін арттыруды және қаланың тазалығы мен көркеюіне бағытталған жұмыс- тарды жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.
Құрбанәлі ШАХАБАЙ