Кәріз тазарту кешенінің құрылысы – бақылауда

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен кәріз тазарту құрылысының жобасын іске асыру мәселелері бойынша кеңес өтті.

Кеңес барысында кәріз тазарту қондырғысы құрылысының қазіргі барысы, жобалық шешімдер және алдағы кезеңдегі міндеттер қаралды.
Негізгі баяндама жасаған кәріз тазарту қондырғысы құрылыс жобасының жетекшісі Мұрат Джакишев жобаның іске асырылу барысы, атқарылып жатқан жұмыс- тар және өзекті мәселелер туралы баяндады.
Кеңес қорытындысы бойынша қала әкімі жауапты мекемелерге жобаны сапалы әрі уақытылы жүзеге асыру, жұмыстарды тиімді үйлестіру және тұрақты бақылауда ұстау жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Еске сала кетейік, 2023 жылдың тамыз-қараша айларында техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп, 2024 жылы мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынған. Кейін салалық, экономикалық және қаржылық сараптамалардан сәтті өтіп, ағымдағы жылы жобалауды қаржыландыру туралы шешім қабылданған. Одан соң жобалау жұмыстары басталып, қажетті бастапқы деректер жиналып, далалық зерттеу жұмыстары жүргізілді.
Жоба толық іске асқан жағдайда 2028-2040 жылдары 50 мыңнан 200 мыңға дейін жаңа абонентті қосу, тазартылмаған ағын сулардың төгілуін 100 пайызға қысқарту, тәулігіне 80-100 мың текше метрге дейін тазартылған суды техникалық мақсатта пайдалану мүмкіндігіне қол жеткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ өңделген тұнбаны көгалдандыру жұмыстарына пайдалану және тазартылған суды 1 000-1 500 гектар алқапты суаруға бағыттау көзделген.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Comments (0)
Add Comment