Жастар саясатының өзекті мәселелері талқыланды

Облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтің төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы Жастар істері жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Кеңеске облыстық және аудандық жастар ресурстық орталықтарының директорлары, құқық қорғау органдарының өкілдері, басқарма басшылары мен жауапты сала мамандары қатысты.

Жиында мемлекеттік жастар саясатының іске асырылу барысы, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету, құқық бұзушылықтың алдын алу, жастар ресурстық орталықтарының материалдық-техникалық әлеуетін нығайту және Халықаралық волонтерлер жылы аясындағы жұмыстар жан-жақты талқыланды.

Кеңесте Тараз қаласы, Байзақ, Жамбыл және Қордай аудандарындағы жастар саясатының жүзеге асырылу барысы бойынша баяндамалар тыңдалды.

Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекованың айтуынша, биыл жастар арасындағы NEET санатына жататын азаматтардың саны айтарлықтай азайған. Егер өткен жылы бұл көрсеткіш 5809 адамды құраса, бүгінде олардың саны 2954-ке дейін төмендеген. Нәтижесінде 1416 жас тұрақты жұмысқа орналастырылып, 89 жас жастар практикасына, 336 азамат қоғамдық жұмыстарға жолданған. Сонымен қатар «Бастау Бизнес» жобасы аясында 121 жас кәсіпкерлік негіздеріне оқытылған.

Қалада құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында 786 рейд ұйымдастырылып, нәтижесінде 1971 құқық бұзушылық анықталған. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында жүруіне жол берген 71 мекеме иесіне әкімшілік хаттама толтырылып, бірнеше көңіл көтеру орнының қызметі уақытша тоқтатылған. Сондай-ақ жастар арасындағы тіркелген қылмыс саны өткен жылмен салыстырғанда 1494-тен 1008 жағдайға дейін азайған.

Дегенмен, Серік Сәлемов құқық қорғау органдарының жұмысы орталық көшелермен ғана шектелмеуі керектігін атап өтті.

– Патрульдік қызмет тек қала орталығы мен шағынаудандарда ғана емес, Шөлдала, Бурыл сияқты шет аймақтарда да күшейтілуі қажет. Бұл аумақтарда кәмелетке толмағандардың мопедпен жүруі, қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері жиі кездеседі. Бізге қағаз жүзіндегі есеп емес, фото және бейнефиксация арқылы нақты бақылау қажет. Заң бәріне бірдей болуы тиіс, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Сонымен қатар ол Мемлекеттік еңбек инспекциясымен бірлесіп, өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастардың нақты есебін қалыптастыруды, деректер базасындағы алшақтықтарды жоюды тапсырды.

Байзақ ауданында бүгінде 27 мыңнан астам жас тұрады. Биыл жастар саясатына 114,3 млн теңге бөлінген. Аудан әкімінің орынбасары міндетін атқарушы Асылжан Құрмановтың мәліметінше, үй-үйді аралау және нақтылау жұмыстарының нәтижесінде NEET санатындағы жастар саны 1336-дан 815 адамға дейін қысқарған.

Сонымен бірге аудандық жастар ресурстық орталығының материалдық-техникалық базасын нығайту қажеттігі көтерілді. Қазіргі таңда 17 ауылдық округке қызмет көрсететін орталыққа қосымша компьютерлер қажет. Бұл мақсатта аудандық мәслихатқа 18,4 млн теңгеге өтінім ұсынылғанымен, бюджет тапшылығына байланысты әзірге қолдау таппаған.

Серік Сәлемов Байзақ ауданындағы рейдтік іс-шаралардың жеткіліксіздігін сынға алып, жеті ай ішінде небәрі 40 рейд ұйымдастырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, 103 қылмыс тіркелген аудан үшін бұл көрсеткіш талапқа сай емес.

Кеңес барысында жастардың әлеуметтік мәселелері де кеңінен сөз болды. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Дәурен Бағжанов жуырда «111» байланыс нөміріне хабарласқан 18 жастағы жігіттің жағдайын мысалға келтірді. Анасы қайтыс болып, әкесі үйінен қуып шыққан, жұмыссыз әрі көшеде қонуға мәжбүр болған азаматтың тағдыры мемлекеттік органдардың алдын алу жұмыстарының маңыздылығын көрсетті.

– Қиын жағдайға тап болған жастардың өздері көмек сұрағанын күтпеуіміз керек. Мұндай азаматтарды алдын ала анықтап, олармен нақты кейс-менеджмент негізінде жұмыс жүргізу қажет, – деді Дәурен Бағжанов.

Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Қадралиев аталған жасқа психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіліп жатқанын айтып, мұндай жағдайларды ерте анықтау бойынша жүйелі жұмыс күшейтілетінін жеткізді.

Жамбыл ауданында жастар саясатына 175,5 млн теңге бөлінген. Оның ішінде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы 10 маманға тұрғын үй алуға 99,5 млн теңге бағытталған.

Ауданда пробация қызметінің есебінде тұрған жастарды қоғамға бейімдеу бағытындағы тәжірибе де оң бағаланды. Олар қоғамдық орындарға қоқыс жәшіктерін жасап орнатуға, ағаш отырғызу жұмыстарына қажетті құралдарды дайындауға, қолайсыз ауа райында жол бойындағы жұмысшыларға ыстық шай мен ауызсу тарату сияқты қоғамдық пайдалы жұмыстарға тартылған. Нәтижесінде олардың арасында қайталама құқық бұзушылық тіркелмеген.

Кеңесте ерте жүктіліктің алдын алу мәселесі де көтерілді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбековтің айтуынша, бұл мәселеге көбіне репродуктивтік денсаулық туралы ашық ақпараттың жеткіліксіздігі, ерте некеге тұру дәстүрі және ата-аналардың бала тәрбиесіне уақыттың аз бөлуі әсер етуде. Осыған байланысты өңірде түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.

Жиын қорытындысында Серік Сәлемов бірқатар нақты міндеттер жүктеді. Атап айтқанда, «Адал азамат» жобасы мен «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында жастардың қоғамдық тәртіпті сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру жұмыстарына белсенді қатысуын қамтамасыз ету, Халықаралық волонтерлер жылы шеңберінде еріктілер қозғалысын кеңінен дамыту, жұмыссыз және бейресми жұмыспен қамтылған жастардың бірыңғай тізілімін тұрақты жаңартып отыру, оларды «Жасыл ел» жасақтарына, құрылыс және өзге де еңбек салаларына тарту тапсырылды.

Сонымен қатар қала және аудан әкімдіктеріне жастардың көшбасшылық, шығармашылық және кәсіпкерлік әлеуетін дамытуға бағытталған жобаларды кеңейту, құқық қорғау органдары мен үкіметтік емес ұйымдардың бірлескен профилактикалық жұмыстарын күшейту, сондай-ақ Тараз қаласы, Байзақ және Сарысу аудандарындағы жастар ресурстық орталықтарының материалдық-техникалық базасын нығайту үшін жергілікті бюджеттен қосымша қаржы қарастыру міндеті жүктелді.

Кеңес қорытындысында жастар саясаты тек статистикалық көрсеткіштермен шектелмей, әрбір жас азаматтың өмір сапасын жақсартуға, еңбекпен қамтылуына, қауіпсіздігі мен қоғамдағы белсенділігін арттыруға бағытталуы тиіс екені ерекше атап өтілді.

Comments (0)
Add Comment