МӘМС-ке қате төленген жарналарды қайтаруға өтінішті қалай дұрыс беру керек?

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қате немесе артық төленген жарналарды қайтару үшін өтінішті дұрыс рәсімдеу маңызды. Себебі бүгінде қайтарудан бас тартылған өтініштердің шамамен 15 пайызы құжаттардың қате толтырылуына байланысты қайта тапсыруды талап етеді.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Жамбыл облысы бойынша филиалының хабарлауынша, Қордың msqory.kz ресми сайтындағы «Халық назарына» – «МӘМС төлемдерін қайтару» бөлімінде МӘМС-ке аударымдарды және (немесе) жарналарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін аударымдардың, жарналардың және (немесе) өсімпұлдардың артық (қате) есептелген сомаларын қайтару туралы өтінішті толтыру бойынша әдістемелік ұсынымдар жарияланған. Сонымен қатар аталған бөлімде өтініш пен келісімнің үлгілері де орналастырылған.
Өтініш беру кезінде мынадай мәліметтерді дұрыс көрсету қажет:
• деректемелер;
• төлем кезеңі;
• төлем сомасы;
• қайтару себебі.
Қайтару үшін төмендегі алты себептің бірін таңдау қажет:
• бір ЖСН бойынша төлемнің қайталануы;
• артық төлем (ішінара қайтару);
• жеңілдік санатына жататын тұлғалар үшін қате төленген;
• төлем тағайындау кодының қате көрсетілуі;
• реквизиттердің немесе төлем кезеңінің қате көрсетілуі;
• шетел азаматтары үшін қате аударылған төлем.
Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасында уақытша тұратын шетел азаматтары (ЕАЭО елдерінің еңбек мигранттарын қоспағанда) МӘМС жүйесінің қатысушысы болып табылмайды.
Өтінішті қарау мерзімі – 15 жұмыс күні.
Қосымша ақпаратты 8 (7172) 67-46-74 (ішкі нөмірлері: 2525, 2513, 2510) телефондары арқылы алуға болады. Сондай-ақ өңірлік филиалдардың байланыс нөмірлері Қордың ресми сайтында жарияланған.

Comments (0)
Add Comment