Әріптесіміз – республикалық байқаудың жүлдегері

Астана қаласында «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 5 жыл толуына орай ұйымдас- тырылған «Тектілер ту көтереді» республикалық журналистер байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Марапаттау рәсіміне «Сенімен Болашақ» РҚБ құрылтайшысы, идея авторы Нұркен Асанов, филология ғылымдарының докторы, профессор, алаштанушы ғалым, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, «Egemen Qazaqstan» республикалық газетінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы, қоғам қайраткері, тіл жанашыры Оразкүл Асанғазықызы, Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева, сондай-ақ қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, БАҚ өкілдері және жанашырлар қатысты. «Қорқыт» этно-фольклорлық ансамбілінің әуезді әуенімен басталған шараның ашылу салтанатында, құрылтайшы Нұркен Жарылқапұлы сөз сөйлеп, бірлестіктің тарихы мен негізгі мақсатына тоқталды.
– Елдік мүдде, ұлт болашағы, ұрпақтың келешегі жолында тектілер ту көтереді қағидасын ұстана отырып ел болып ағартушылықпен айналысып, ой оятып, қазақтың өзін тауып өзегіне оралуына жұмыла еңбек етуіміз қажет. Әрқашан өзімізді өркениетке жетелейтін, кім болсақ ол болайық – адам болып қалатын, қиялымызды арманға, арманымызды амалға айналдырар әділетті мәңгілік ел болалық! – деді Нұркен Асанов.
Байқауға еліміздің барлық өңірлерінен 50-ге жуық баспа, интернет-басылым, радио және телеарна журналистері қатысып, ұлттық тәрбие, қоғамдық сана, ортақ жауапкершілік, рухани мұра және азаматтық ұстаным тақырыптарындағы шығармаларын ұсынды.
Қазылар алқасының шешімімен төрт негізгі аталым бойынша жеңімпаздар анықталды. «Баспа басылымындағы үздік мақала» номинациясы Екібастұз қалалық «Отарқа» газетінің бас редакторы Жанаргүл Қадыроваға, «Интернет-басылымдағы үздік жарияланым» номинациясы Baq.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Мақпал Жұмашоваға, «Рес- публикалық баспа басылымындағы үздік мақала» номинациясы «Egemen Qazaqstan» республикалық газетінің тілшісі Сәндібек Преновке, ал «Үздік радио немесе YouTube бағдарламасы» номинациясы QAZAQ RADIOLARY ЖШС-нің «Шалқар» ұлттық радиоарнасының радиожурналисі Гүлнұр Омарханқызына берілді.
Сонымен қатар арнайы жүлделер Qamshy.kz ақпарат агенттігі, Павлодар облыстық «Ertis» телеарнасы, Қызыл- орда облыстық «Qyzylorda» телеарнасы, «Мұнара» газеті мен KAZ365.kz интернет-порталы, Қарағанды облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газеті, Kazinform халықаралық ақпарат агенттігі, Dauletten.kz ақпараттық сайты, Президент телерадиокешенінің JIBEK JOLY радиосы және Павлодар облыстық Halyq радиосының өкілдеріне табысталды. Сондай-ақ арнайы жүлде иегерлерінің ішінде әріптесіміз Жамбыл облыстық «Jambyl-Taraz» газетінің тілшісі Арайлым Шабденовада бар. Барлық марапатталушыларға диплом мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
– Бұл байқаудың басты мақсаты – қоғам игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген, елдің ертеңіне бейжай қарамайтын бастамашыл азаматтардың еңбегін кеңінен насихаттау. Өйткені мемлекет тек мемлекеттік институттардың ғана емес, әрбір саналы азаматтың жауапкершілігі мен жанашырлығы арқылы дамиды. «Тектілер ту көтереді» деген атаудың да өзіндік терең мағынасы бар. Біз үшін тектілік – шыққан тегіңмен ғана өлшенетін қасиет емес. Тектілік – адал еңбек, елге қызмет ету, азаматтық ұстаным, жауапкершілік және ортақ мүдде жолында жұмыла білу. Сондықтан «Тектілер ту көтереді» манифесті – Қазақстанның болашағына бейжай қарамайтын, қоғамдағы мәселелердің шешіміне өз үлесін қосуға дайын азаматтарды біріктіретін идея, – деп атап өтті «Сенімен Болашақ» бірлестігінің төрағасы Гүлшат Серікбекова.
Іс-шара барысында сөз сөйлеген қонақтар ұлттық рухты, азаматтық сананы және қоғамдық жауапкершілікті қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі ерекше екенін атап өтті. Олар журналистиканың қоғамдағы оң өзгерістердің қозғаушы күші екенін айтып, осы бағыттағы шығармашылық жұмыстарды қолдау алдағы уақытта да жалғаса беретінін жеткізді.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Comments (0)
Add Comment