Өрттің алдын алу – ортақ міндет

Жаз мезгілі – демалыс пен саяхаттың ғана емес, өрт қаупі күшейетін кезеңнің бірі. Ауа температурасының жоғарылауы, жауын-шашынның азаюы және құрғақшылықтың ұзаққа созылуы табиғи және тұрмыс- тық өрттердің жиі орын алуына себеп болады. Әсіресе, егістік алқаптары, жайылымдар, орман-тоғайлар мен қураған шөптер тұтануға бейім келеді. Мұндай жағдайлар адам өміріне ғана емес, табиғатқа, ауыл шаруашылығына және материалдық құндылықтарға да зор зиян келтіреді.

Осыған байланысты Тараз қаласының Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында күн сайын профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді. Мамандар тұрғын үйлерді аралап, өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіруде, ақпараттық жадынамалар таратып, халық көп шоғырланатын орындарда рейдтік іс-шаралар ұйымдас- тыруда.
Әрине, өрттен келетін төтенше жағдайлардың алдын алу – адам өмірі мен мүлкін сақтаудағы ең маңызды міндеттердің бірі. Сондықтан дәл осы кезеңде ұйымдас- тырылатын рейдтік-профилактикалық іс-шаралардың маңызы ерекше. Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Еркебұлан Шарипбаевтің айтуынша, профилактикалық жұмыстар тек жаз мезгілінде ғана емес, жыл бойы тұрақты түрде жүргізіледі. Басқарма мамандары көпқабатты және жеке тұрғын үйлерді аралап, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіреді. Сонымен қатар сауда орындарында, саябақтарда, халық көп жиналатын орындарда арнайы жадынамалар таратылып, түсіндіру кездесулері өткізіледі.
– Жыл басынан бастап Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы тарапынан қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ өрт оқиғалары мен уытты газбен улану жағдайларының алдын алу мақсатында кешенді профилактикалық іс-шаралар жүйелі түрде жүргізілуде. Жыл басынан бері 117 500-ден астам тұрғын үй араланып, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша кең ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыс- тар учаскелік полиция қызметкерлері, әлеуметтік сала мамандары, еріктілер және жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірлесіп ұйымдастырылды.
Жергілікті атқарушы органның қолдауымен қала аумағындағы басты көшелерде қауіпсіздік тақырыптарына арналған билбордтар мен баннерлер орнатылды. Сонымен қатар «MART» ойын-сауық орталығында орналасқан «Arman Cinema» кинотеатрында профилактикалық бейнероликтер тұрақты түрде көрсетілуде, – дейді маман.
Оның айтуынша, өрт оқиғаларының басым бөлігі адам факторынан туындайды. Демалушылардың сөндірілмеген темекі тұқылын немесе от жағылған орынды қарау- сыз қалдыруы, қоқыс пен құрғақ шөпті рұқсатсыз өртеуі, сондай-ақ балалардың отпен ойнауы орны толмас қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін. Бұдан бөлек, электр желілерінің ақауы мен қауіпсіздік талаптарының сақталмауы да өрттің шығуына себеп болатын негізгі факторлардың қатарында.
– Жаз айларында тұрғындар табиғат аясында демалғанда ерекше сақтық танытуы қажет. Орманды және шөпті алқаптарда от жағуға болмайды. Егер арнайы рұқсат етілген орында от жағылған болса, оны кетер алдында толықтай сөндіріп, айналасын сумен немесе топырақпен көміп кету қажет. Сондай-ақ шыны бөтелкелер мен жанғыш қалдықтарды табиғатқа тастамау маңызды. Күн сәулесі шыны арқылы шағылып, құрғақ шөптің тұтануына себеп болуы мүмкін.
Тұрғын үйлер мен саяжайларда да өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау қажет. Электр құралдарын қараусыз қалдырмау, газ құрылғыларын дұрыс пайдалану, балаларға отпен ойнаудың қауіпті екенін түсіндіру – әр отбасының басты міндеті. Сонымен қатар әрбір азамат төтенше жағдай туындаған кезде 101 немесе 112 нөміріне дереу хабарласып, алғашқы қауіпсіздік шараларын орындауға тиіс, – дейді Е.Шарипбаев.
Сонымен қатар әлеуметтік осал топтағы азаматтардың тұрғын үйлерінде өрт қауіпсіздігін сақтау мәселесіне ерекше назар аударылуда. Қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында тұрмысы төмен отбасылардың үйлеріне 28 дана улы газды анықтайтын датчиктер орнатылып, 16 тұрғын үйдің пеш мұржаларын тазарту жұмыстары жүргізілді.
Сонымен бірге балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінен түспейді. Әсіресе, жаз маусымында өрт қауіпсіздік талаптарын сақтау – адам өмірін сақтаудың басты кепілі. Осыған орай Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы Тараз қаласы білім бөлімімен бірлесіп, қаладағы барлық орта білім беру ұйымдарында кең көлемді профилактикалық жұмыстар жүргізуде.
– Биылғы жылдың басында Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы мен қалалық білім бөлімі арасында бірлескен жоспар бекітіліп, білім беру ұйымдарында өрт қауіпсіздігін насихаттау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жоспар аясында интерактивті сабақтар, эвакуациялық жаттығулар, «ашық есік» күндері ұйымдас- тырылуда. Бүгінгі күнге дейін жалпы білім беру мекемелерінде 7 интерактивті сабақ және 24 «ашық есік» күні өткізілді. Оқушыларға өрттің алдын алу шаралары, төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл алгоритмі, эвакуация тәртібі түсіндірілді.
Сонымен қатар республикалық акция аясында «Қауіпсіз балалық шақ» атты ауқымды профилактикалық іс-шара өткізілді. Іс-шара барысында 200-ге жуық оқушы қамтылып, оларға арналған танымдық викториналар, сахналық қойылымдар ұйымдастырылды. Сондай-ақ өрт сөндіру және авариялық-құтқару техникалары мен арнайы жабдықтардың көрмесі өткізіліп, балаларға қауіпсіздік ережелері тәжірибелік тұрғыда түсіндірілді.
Аталған іс-шаралардың барлығы жергілікті атқарушы органдармен, еріктілермен және мүдделі мекемелермен бірлесіп жүзеге асырылуда. Жүргізіліп жатқан жұмыстар халықтың қауіпсіздік мәдениетін арттыруға, төтенше жағдайлардың алдын алуға және азаматтардың жауапкершілігін күшейтуге оң әсерін тигізуде, – дейді басқарма өкілі.
Дәл осы іс-шаралардың бірі Тараз қаласындағы Халық қаһарманы М.Айманов атындағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің акт залында қалалық өрт сөндіру бөлімдері мен аудандық бөлімшелердің жеке құрамының қатысуымен «Zoom» платформасы арқылы жиналыс өтті.
Кездесу барысында қызметкерлерге тұрғын үй төлемдерін алу мәселелері түсіндіріліп, оларды қызықтырған сұрақтарға жауап берілді. Сонымен қатар қызметтік-әскери тәртіп мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қызметтік тәртіпті қатаң сақтау, жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен орындау және атқарушылық тәртіпті қамтамасыз ету қажеттігі атап өтілді.
Мұндай тағылымды шара Жібек жолы ауданында да өтті. Рейд барысында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және төтенше жағдайлар кезінде кедергі келтіруі мүмкін факторларды анықтау мақсатында рейдтік іс-шаралар сондай-ақ өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына назар аударылып, тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуде халықты дер кезінде әрі сапалы ақпараттандырудың маңызы ерекше. Әсіресе, төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында жүргізілетін түсіндіру жұмыстарының тиімділігі бұқаралық ақпарат құралдарының белсенділігімен тікелей байланысты. Газет-журналдар, телеарналар, радио және интернет ресурстары арқылы тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптары, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде сақталуы тиіс ережелер, сондай-ақ күнделікті өмірде орын алуы мүмкін қауіптердің алдын алу жолдары тұрақты түрде түсіндіріліп келеді.
Атап айтқанда, республикалық және жергілікті баспасөз беттерінде 101 мақала жарияланып, телеарналарда 55 сұхбат ұйымдас- тырылды. Сонымен қатар радио эфирінде 53 ақпараттық хабар таратылды. Бұдан бөлек, интернет порталдар мен әлеуметтік желілерде 421-ден астам ақпараттық материал орналастырылды. Аталған жарияланымдарда өрт қауіпсіздігі талаптары, улы газдан уланудың алдын алу шаралары, балалардың жаз мезгіліндегі қауіпсіздігі және өзге де өзекті мәселелер жан-жақты қамтылып, тұрғындарға кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сала мамандары алдағы кезеңде де профилактикалық бағыттағы жұмыстарды күшейту, жаңа форматтағы ақпараттық-түсіндіру шараларын енгізу және халықты кеңінен қамту жұмыстары жалғасын табатынын айтады. Дегенмен, өрт – айтып келмейтін апат. Оның салдары орны толмас қайғыға, адам шығыны мен орасан материалдық залалға әкелуі мүмкін. Сондықтан әрбір азамат өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтап, өз өмірі мен жақындарының амандығына жауапкершілікпен қарауы қажет. Қарапайым сақтық шараларын сақтау арқылы ғана көптеген қайғылы оқиғалардың алдын алуға болады.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Comments (0)
Add Comment