Қазақ халқының тарихында ұлттың рухани дамуына, жас ұрпақтың білім алып, саналы азамат болып қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан ағартушы тұлғалар аз емес. Олар елді өркениетке бастайтын бірден-бір жол – оқу мен білім екенін терең түсініп, бар күш-жігерін халықтың сауатын ашуға арнады. Солардың ішінде қазақ даласында зайырлы білім беру жүйесінің негізін қалап, алғашқы мектептер ашып, төл оқулықтарын жазып, ұлт болашағын біліммен байланыстырған көрнекті ағартушы Ыбырай Алтынсариннің орны ерекше.
Кейіпкеріміз 1841 жылдың 20 қазанында қазіргі Қостанай облысының аумағында дүниеге келген. Әкесі Алтынсары ерте қайтыс болғандықтан, болашақ ағартушыны атасы, белгілі би әрі қоғам қайраткері Балғожа Жаңбыршин тәрбиеледі. Атасы немересінің білімді болғанын қалап, оны 1850 жылы Орынбор қаласындағы қазақ балаларына арналған жетіжылдық мектепке оқуға береді. Ыбырай бұл оқу орнында орыс, араб, парсы және татар тілдерін меңгеріп, әлем әдебиеті мен ғылымына қызығушылық танытады. Мектепті үздік тәмамдағаннан кейін ол біраз уақыт атасына тілмаш болып қызмет етеді. Алайда оның негізгі мақсаты – халқына білім беру еді.
Алаш ағартушысы 1864 жылы Торғай қаласында тұңғыш қазақ балаларына арналған зайырлы мектеп ашты. Бұл – қазақ даласындағы ағартушылық тарихындағы аса маңызды оқиға болды. Мектептің ашылуы оңайға соққан жоқ. Қаржының тапшылығы, ел арасындағы түсінбеушілік, ескі көзқарастың қарсылығы сияқты қиындықтарға қарамастан, Ыбырай өз мақсатына жетті. Ол балаларды тек сауат ашуға ғана емес, еңбекке, адалдыққа, тәртіпке, адамгершілікке тәрбиелеуді басты міндет санады.
Ұлы ұстаз қазақ қыздарының да білім алуы қажет екенін алғаш көтерген тұлғалардың бірі болды. Оның бастамасымен Ырғыз қаласында қазақ қыздарына арналған алғашқы мектеп-интернат ашылды. Бұл қазақ қоғамындағы әйелдердің білім алуына жол ашқан тарихи қадам еді. Сонымен қатар Торғай, Қостанай, Ақтөбе және басқа өңірлерде бірнеше училище, қолөнер мектептері мен интернаттардың ашылуына тікелей ықпал етті.
Ал 1879 жылы жарық көрген «Қазақ хрестоматиясы» – қазақ тіліндегі тұңғыш оқу құралдарының бірі. Бұл кітапқа тәрбиелік мәні зор әңгімелер, өлеңдер, аудармалар мен халық ауыз әдебиетінің үлгілері енгізілді. Сондай-ақ ол «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» атты еңбегін жазып, қазақ жастарының орыс тілін меңгеруіне мүмкіндік жасады.
Ыбырай шығармаларының басты ерекшелігі – қарапайым тілмен жазылып, үлкен тәрбие- лік мәнге ие болуында. Оның «Кел, балалар, оқылық!», «Өнер-білім бар жұрттар» өлеңдері бүгінгі күнге дейін мектеп оқулықтарынан түскен емес. Бұл шығармаларда білімнің құдіреті, еңбектің қадірі, ғылымның пайдасы кеңінен насихатталады. Әсіресе:
«Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық», – деген жолдар ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан білімге шақыр- ған үндеу болып саналады.
Сонымен қатар «Әке мен бала», «Бай баласы мен жарлы баласы», «Мейірімді бала», «Таза бұлақ», «Қыпшақ Сейтқұл» секілді әңгімелері еңбекқорлықты, адалдықты, мейірімділікті, қарапайымдылықты дәріптейді. Осы шығармалар арқылы жазушы балалардың бойына жақсы қасиеттерді сіңіруді көздеді. Оның әрбір шығармасы жас ұрпаққа өмірлік өнеге беретін тәрбиелік құралға айналды.
«Кеңес заманының алғашқы жылдарында Ыбырай Алтынсаринның қазаққа жат, ұлттық, діни тәрбиеден аулақ, орыс, батыс мәдениетін таратушы екендігі туралы пікір қалыптасса, одан кейінгі жылдары бұл мәселе таптық идеология тұрғысынан сараланып, Ыбырайға байларға қарсы күрескен қайраткер, тіпті атеист деген мінездеме берілді.
Ыбырай Алтынсарин 1889 жылы дүние салғанда, оның орыс жолдастары: «Ыбырай Алтынсарин қазақ арасынан шыққан тұңғыш кемеңгер адам еді, ол қараңғы көшпелі өз халқының ішіне европалық цивилизацияның жарығын таратты және оларды Россияны сүюге шақырды», – деді.
Дегенмен өткен ғасырдың сол 20-жылдары қазақ қауымы әлі де Ыбырай Алтынсарин шығармаларымен, оның тәлім-тәрбие жұмыстарымен жете таныс емес еді. Ал ол тұста орыс тіліндегі әдебиетте, әсіресе, революцияға дейінгі мақалаларда Ыбырай Алтынсарин тұлғасы бір жақты, Ресейдің отаршылық саясатын жүргізуші, қолдау- шы ретінде баяндалғаны белгілі.
Мектептерде дін сабағының өту мүмкіндігін пайдаланып, Ыбырай қазақ балалары үшін «Шариятул-ислам» атты оқулықты жазған. Бұл кітап балалардың мұсылман дінінің қағидаларын игеруіне айтарлықтай үлес қосты.
Ыбырай Алтынсарин патша әкімдерінің отарлау, қазақтарды орыстандыру, шоқындыру саясатына барынша қарсылық білдіріп, ұлттық және діни наным-сенім тәрбиесін іргесін қалағаны туралы әңгімеміздің бір парасы – осы», – дейді философия ғылымдарының докторы, профессор. Аманкелді Айталы.
Ыбырай Алтынсарин тек педагог емес, қазақтың ұлттық мәдениеті мен этнографиясын зерттеген ғалымдардың бірі болды. Ол қазақ халқының салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары туралы көптеген материалдар жинап, ғылыми еңбектер жазды. Қазақ қоғамының әлеуметтік жағдайын зерттеп, халықтың тұрмысын жақсартудың жолдарын ұсынды. Сонымен қатар қолөнерді, кәсіптік білімді дамытуға ерекше көңіл бөлді. Оның пікірінше, елдің дамуы тек сауатты, еңбекқор әрі білімді азаматтардың қолында еді.
Алаш қайраткерлері де Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық жолын жоғары бағалады. Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Әлихан Бөкейхан және Мағжан Жұмабаев сынды ұлт зиялылары оның еңбектерін үлгі тұтып, қазақ қоғамын білім арқылы дамыту идеясын жалғастырды. Сондықтан Ыбырайды Алаш ағартушылығының рухани негізін қалаушылардың бірі деп бағалауға толық негіз бар.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимовтің айтуынша, Ыбырай Алтынсарин – ұлт патриоты, тәлімгер – санаткері, халық қызметшісі.
– Ұлы даланың шартарабында саңқылдап естілген ұлттың ұранындай, келешектің тұлғасын өнер-білімге ынтызар еткен рухтың жанартауындай, таудың таза кәусарындай «Кел, балалар, оқылық!», «Өнер-білім бар жұрттар» дейтін классикалық жырлары – ұлттық сана, тіл, мәдениет тарихындағы баға жетпес байлық еді. Ол «Өнер-білім бәрі де, Оқуменен табылған», «Оқу білген адамдар, Май тамызған қылыштан…» деп, «Тіреу болар», «сүйеу болар» оқудың мәнісін ыждаһаттайды, сипаттайды. Сонан соң «Өнер-білім бар жұрттардың» өнегесінен үйренейік, көркейейік, «Біз де бекер жатпалық!» бәйгеге түсіп, бақ сынайық, қатардан, саптан қалмайық, сол үшін батамды сендерге бердім дейді. Қазағын сүйген, халқының ұлылығына бас иген дала данагөйінің ұлы тілегі мен арманы осы, – дейді ғалым.
Заманының, қоғамының шамшырағы Ы.Алтынсарин халық дәстүрлерінің, салт-жораларының, ырым-нанымдарының білгірі, билік-кесім шығарудың да әділ төрешісі болса керек. Өйткені, судья болған жылдардағы төрелік айту мәдениеті жөнінде мәліметтер жинақталмаса да, 1870 жылы Россия географиялық қоғамы Орынбор бөлімінің №1 жазбаларында «Орынбор ведомствосы қазақтарының өлген адамды жерлеу және оған ас беру дәстүрінің очеркі» жарияланған. Мұнда садақа тарату тәртібі, символдық рәміздер сыры, бейіттің өзенге жақын болуы, әйелдердің басына қара жамылу, жоқтау айту, бата оқу, ас беру, сауын айту турасында бағалы мәліметтер бар.
Ұлт қайраткері өмірінің соңына дейін ағарту ісінен қол үзген жоқ. Денсаулығы сыр бергеніне қарамастан, мектептердің жұмысын бақылап, жаңа оқу орындарын ашуға күш салды. Ол 1889 жылдың 30 шілдесінде дүниеден өтті. Артында өшпес мұра, сан мыңдаған шәкіртке үлгі болатын еңбектер және қазақ халқының рухани қазынасына айналған шығармалар қалдырды.
Бүгінде Қазақстанның көптеген мектептері мен жоғары оқу орындары, көшелер мен мәдениет ошақтары Ыбырай Алтынсариннің есімімен аталады. Сондай-ақ «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі – Қазақстандағы педагогтерге берілетін ең беделді ведомстволық марапаттардың бірі. Ұлт ұстазының «Халықтың болашағы – білімді ұрпақтың қолында» деген өмірлік ұстанымы қазіргі Қазақстан үшін де өз маңызын жоғалтқан жоқ.
Қорыта айтқанда, Ыбырай Алтынсарин – қазақ халқын қараңғылықтан жарыққа бастаған ұлы ағартушы, ұлттық педагогиканың негізін қалаушы және рухани жаңғырудың жаршысы. Оның өмір жолы – елге қызмет етудің, білімге адалдықтың, еңбек пен ізгіліктің жарқын үлгісі. Ұлы тұлғаның асыл мұрасы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, қазақ елінің рухани дамуына әлі де қызмет ете береді.
Жұматай КӨКСУБАЙ