Ат қоюда абай болайық

немесе итті «Хан» деп атау қаншалықты дұрыс?

Еліміз егемендік алғалы жоғалғанымыз табылып, өшкеніміз қайта жанып, тіліміз бен діліміз жандана түскені белгілі. Осы бір баға жетпес тәуелсіздіктің арқасында ешкімге жалтақтамай, жалынбай, еңсемізді көтеріп, еліміздің ертеңі үшін еңбек ете бастадық. Тоқыраудың кезінде тоқтап қалған мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың тамырларына қайтадан қан жүгіргені де бәрімізге аян. Сонымен қатар Мемлекет басшысының қолдауымен орта және шағын бизнеске жол ашылып, әркім өз кәсібін дөңгелете білді. Ол, әрине, қуантарлық та құптарлық, берекеті бар әрекет. Бірақ «Әттеген-ай!..» дегізетін жақтары да жанымызға батып жатты. Еркіндік алған осы екен деп, орынсыз еркелеп, шамадан тыс еркінсіп кетіп, тілімізбен қатар әдебиетіміз бен мәдениетімізге де, өнерімізге де көлеңке түсіріп жүргендер жоқ емес.

Енді әрірекке барып, бәрін тізбектемей-ақ, дәлел үшін солардың бірерін ғана атап өтер болсам, өзге ұлттар мен орыс тілді қазақтарды айтпағанда, кейбір қазақ тілді қазақтардың да жаңадан ашқан кәсіпорындарына шет немесе орыс тілінде ат қойғандары азаймауда. Ондай еліміз бен тілімізге жат аттар мен атаулардың заңымызға қайшы келіп, белгіленген мөлшерден асып кеткені де жасырын емес. Сондай-ақ ана тілімізде жазылған сөздер мен атаулардың өзіндегі қателерден көз сүрінеді. Бірақ, Аллаға шүкір, осыған қатысты тілдерді дамыту орталығы қызметкерлерінің, өзге де тіл жанашырлары мен қоғам белсенділерінің және БАҚ өкілдерінің араласуымен қазір сол қателіктердің көбісі түзетілді. Әлі де осындай игілікті жұмыстар жалғасын тауып, оң нәтижесін беретініне сенгіміз келеді.
Ал енді мен кіріспені көп созбай, негізгі тақырыбыма келетін болсам, бұл мақаланы жазуыма түрткі болған және көзге ерсі көрініп, ойға қалдырған «Хан» деген немесе осы сөзбен бірге жазылған атаулар. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» демекші, дәлел үшін бірнешеуін атап өтсем. Тараз қаласының «Ақбұлақ» шағынауданындағы «Хан» сән салоны, «Қаратау» шағынауданындағы «Хан» ерлер аяқкиім дүкені, «Талас» шағынауданындағы «Khan Fitness» («Хан фитнес»), «Хан автосервис» көлік жуу, «Хан» дәріханасы, «Хан қымызхана», Жамбыл даңғылының және Қ.Тұрысов көшесінің бойындағы «Хан төрі», «Хан сарай», «Хан шатыр» мейрамханалары, «Хан» көлік жөндеу орталығы, «Хан Атлас» арт-кафесі, Саңырық батыр көшесіндегі «Хан самса» шағын цехы, Төле би көшесіндегі «Хан» киностудиясы, Ы.Сүлейменов көшесіндегі «Хан» банкет залы, «Аса» шағынауданындағы «Хан Төре» дүкені, Ф.Достоевский көшесіндегі «Хан securitу» және осындай сансыз атауларды облысымыздағы аудандар мен ауылдардан да, өзге өңірлерден де көріп жүрмін. Бірнеше автобус пен жеңіл көліктердің маңдайшаларынан да көргенім бар. Бірақ олардың бәрін атап шығып, оқырмандарды жалықтырып алғым келмеді.
Менің білуімше, бұлар адамның есімі емес. Неге бұлай атағандарының себебін білмек болып едім, өкінішке қарай, сол мекемелердің басшыларымен жолығудың сәті түспеді. Сол жердің кішігірім басшылары мен жұмысшылары жарытып жауап бермеді. Ал кейбіреулерімен телефон арқылы хабарласып едім: «Солай қойғымыз келген соң қойдық», – деп, анық ештеңе айта алмады. Кейбіреуі жауап беруден қашты.
«Шешінген судан тайынбас» демекші, сонда да мен осыған жауапты деген бірнеше мекемеге барып сұрадым. Кейбіреуі бір-біріне сілтеді. Ал жауап бергендері: «Қандай ат қойса да біз оларға ештеңе дей алмаймыз. Өйткені ол жекеменшік мекемелер», – деп, заң бойынша да, тәртіп және мәдениет пен этика жағынан да дұрыс не бұрыс екенін анықтап айта алмады.
Дегенмен, жекеменшік болсын, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар болсын, Ата заңымыз бен ар-ұяттан аттап кетуге болмас деп ойлаймын. Ал сол жердегі кейбір мамандар мен өзге де лауазымды кісілердің бірнешеуі және қарапайым халық та: «Бұл сөздің төркінін білмей жатып, «Хан» деп атау дұрыс емес шығар. Жоғары жақтан ескертіп, тоқтатпаса мұндай атаулардың қаптап кетпесіне және «Хан» сөзінің қадір-қасиетін қашырып, мән-мағынасын жеңілдетіп алмасымызға кім кепіл?» – деген пікірлерін білдірді.
Жалпы, баршамыздың білуіміз бойынша, «Хан» сөзінің киесі бар әрі ең жоғары лауазым. Ол үлкен жауапкершілікті, білім мен парасаттылықты, даналық пен қайсарлықты, орнымен қаталдықты да талап ететін қызмет. Бұрынғы қиын-қыстау замандарда хан сайланған азаматтар таққа отырып қана қоймай, халықты тығырықтан алып шығудың жолын көбірек ойлап, ішкі ынтымағы мен тыныштығын сақтап, сенім-үміттерін ақтап, ел тағдыры мен болашағына қатты алаңдап, барынша дұрыс әрі абыроймен басқара білген. Ұлты жайлы арман-мұраттарын өз арман-мұраттарынан биік қойған хандар мен патшалардың аз емес екені тарихтан белгілі. Ал хан сөзінің «патша», «ел билеуші», «ел басқарушы», ал қазіргі тілмен айтсақ, Президент секілді бірнеше баламасы мен түсінігі де бар.
Осы орайда осыған қосып айта кеткім келгені, менің жақсы танысымның бірі итіне «Хан» деп ат қойыпты. Одан «Неге итіңді бұлай атадың?» – деп сұрағанымда ол: «Менің итім иттердің ішіндегі ханы болсын деп қойдым», – деді өзінше мәз болып. Енді бірі астындағы атына «Хан» деп ат қойыпты. Сонда мен оған: «Негізі таққа да, атқа да алдымен хандар отырушы еді, ал сен Ханның үстіне отырып алыпсың ғой», – деп әзіл-шыны аралас айттым да, іштей: «Ей, қазағым-ай! Хан деген сөзді адам мен мекемелерге қойғандары аздай, енді жан-жануарларға да қоя бастапты ғой», – деп налып едім.
Айтпақшы, елімізде «Хан» деген атпен телеарнаның да ашылғанына біраз уақыт болды. Оны көрермендер де жақсы білетін шығар.
Мен бар болғаны көзбен көріп, көңілге түйгенімді айтып, көпшілікпен ой бөліскім келді. Әлі мен де, сіздер де көрмеген осындай немесе осыған ұқсас атаулары бар орындар көп шығар бәлкім, кім білсін?..
«Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей, алдағы уақытта кім болсақ та және қай жерге қандай ат қойсақ та білетіндерден сұрап, асықпай ойланып барып қойғанымыз жөн болар еді, ағайын. Сонда мұндай кемшіліктерге жол берілмес әрі екі жұмыс болмас деп ойлаймын.
Ал бұл жөнінде сіздің пікіріңіз қандай, қадірменді оқырман?

Бақытжан ӘЛІҚҰЛОВ,
ақын, журналист

Comments (0)
Add Comment