Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы құрылыс және жаңғырту жұмыстарын тексерді

2 шілде, бейсенбі күні Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев кезекті рет Тараз қаласын аралап, құрылыс және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысымен танысты.

Облыс әкімі жұмыс сапарын «Балауса» (14) шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс алаңынан бастады. Мұнда «Тараз-Ісмер» ЖШС мердігерлік еткен баспаналар таныстырылды.

Ербол Қарашөкеев құрылыс сапасына оң бағасын беріп, кезекте тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында шағынаудандағы құрылыс қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырды. Сондай-ақ нысандардың сапалы әрі белгіленген мерзімде пайдалануға берілуі қатаң бақылауда болуы тиіс екенін атап өтті.

Жалпы 14-шағынауданда 145 тұрғын үйдің, 2 мектептің, 3 балабақшаның, онкологиялық диспансердің, көпсалалы аурухананың, бейінді емхананың, лицей-интернаттың, салтанат сарайының, инновациялық шығармашылық орталығының, дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, инженерлік инфрақұрылым мен кәсіпкерлік нысандарының құрылысы жоспарланған.

Биыл жыл соңына дейін 22 көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған.

Бұдан кейін облыс әкімі ұзындығы 5,2 шақырымды құрайтын Асқаров көшесін қайта жаңғырту жұмыстарының барысын тексерді. Қала әкімдігінің мәліметінше, көше бойында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Жолдың ені 8 метрден 12 метрге дейін кеңейтілуде. Жаяу жүргіншілер жолы мен арық науалары да жаңартылуда.

Өңір басшысы 2026 жылғы 22 маусымда қаланы аралау барысында «Жайлау» шағынауданындағы №13 тұрғын үйдің маңындағы сквердің жай-күйімен танысып, аумақта шөптің шамадан тыс өсіп кеткенін айтып, оны бір апта ішінде ретке келтіруді тапсырған болатын. Бүгінгі аралау барысында аталған тапсырманың орындалу барысын көзбен көрді. Сонымен қатар алдағы уақытта да «Таза Қазақстан» акциясы аясында қаланың тазалығы мен күтімін тұрақты қамтамасыз етуді міндеттеді.

Сондай-ақ Тараз қаласына бірыңғай сәулеттік келбет қалыптастыру мақсатында Желтоқсан және Сүлейменов көшелеріндегі көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттері мен шатырларын жаңарту жұмыстарын жеке бақылауына алды.

Облыс әкімі жөндеу жұмыстары кезінде тұрғындардың ұсыныс-пікірлері ескерілуі, сондай-ақ қауіпсіздік талаптары мен тазалық мәдениетінің қатаң сақталуы қажет екенін ескертті.
Қазіргі таңда Тараз қаласында 9 көпқабатты тұрғын үйді жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Comments (0)
Add Comment