«Батамен ел көгерер»

Таразда батагөй қариялар байқауы өтті

Тараз қаласындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінде халқымыз- дың сан ғасырлық рухани мұрасын ұлықтауға арналған «Батамен ел көгерер» атты облыстық батагөйлер байқауы жоғары деңгейде өтті. Тағылымы мол шара Жамбыл облысы мен Тараз қаласы әкімдіктерінің қолдауымен, Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің бастамасымен ұйымдастырылды.

Байқау басталар алдында шараға қатысушы ардагерлер мәдениет үйінің алдында орналасқан XIX ғасырдағы әйгілі қазақ күйші-композиторы және қобыз өнерінің көрнекті өкілі Ықылас Дүкенұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Бұдан кейін мәдениет үйінде орналасқан қазақтың көрнекті театр және кино актеры, режиссеры, педагогы әрі мәдениет қайраткері, Қазақ КСР халық артисі, КСРО халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовтің музейін аралап, еңбектерімен танысты.
Қазақ халқы үшін бата – ұлттың рухани қазынасы, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ізгі дәстүр. «Жауынмен жер көгерер, батамен ел көгерер» деген дана сөздің мәнін жас ұрпақтың санасына сіңіруді мақсат еткен байқау ұлттық салт-дәстүрді дәріптеп, үлкенге құрмет пен кішіге ізеттің жарқын үлгісін көрсетті.
Салтанатты шараның ашылуында Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев пен Тараз қаласы әкімінің орынбасары Дамир Жаманбаев құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Олар ақ батаның халық өміріндегі орны ерекше екенін атап өтіп, оның жас ұрпақ тәрбиесіндегі мәніне тоқталды.
Байқауға облыстың 10 ауданы мен Тараз қаласынан іріктелген 11 батагөй қария қатысты. Батагөйлердің өнерін бағалаған қазылар алқасына Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбеков төрағалық етті. Қазылар құрамында облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Қонысбай Ильясов, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналис- тер одағының мүшесі Сағындық Ордабеков, Тараз қалалық билер кеңесінің төрағасы Сатыбалды Досымбеков және Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы облыстық филиалының төрағасы, Мәдениет саласының үздігі Ахметжан Өзбеков болды.
Сайыс үш кезең бойынша өткізілді. Бірінші кезеңде қатысушылар ұлттық салт-дәстүрге байланысты бата берсе, екінші кезеңде тарихи тұлғалардың баталарын жатқа айтты. Ал үшінші кезеңде салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа қатысты сұрақтарға жауап беріп, өз білім деңгейлерін көрсетті.
Әділ қазылар алқасы шешім қабылдаған сәтте көрермендерге Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармония- сының өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, шараның көркін аша түсті.
Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлдені Жамбыл ауданының намысын қорғаған Бегалы Сқақов жеңіп алып, арнайы дипломмен және 300 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. І орын Жуалы ауданының өкілі Сейітқазы қажы Медетбекке бұйырып, оған диплом мен 200 мың теңге табыс етілді. ІІ орын Байзақ ауданының өкілі Аманқазы Халықовқа беріліп, ол арнайы диплом мен 100 мың теңге сыйақыға иеленді. Ал ІІІ орын Мойынқұм ауданының батагөйі Қанат Көпбаевқа бұйырып, ол арнайы диплом және 70 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.
Сонымен қатар байқауға қатысқан Тараз қаласының батагөйі Ерболат Қуандықов, Қордай ауданының өкілі Өмірзақ Бекқожаев, Тұрар Рысқұлов ауданының өкілі Мейіржан Биғазиев, Меркі ауданынан Бауыржан Байдаулетов, Сарысу ауданынан Дарханбек Ишанов, Талас ауданынан Рахымжан Түкебаев және Шу ауданынан Әдибай Садырбаев арнайы номинациялармен марапатталды. Оларға 30 мың теңгеден ақшалай сыйлық пен Алғыс хаттар табысталды.
Байқаудың тағылымды тұстарының бірі ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрініс табуы болды. Батагөй қариялармен бірге Жуалы ауданының жеңімпазы Сейітқазы қажы Медетбектің немересі Абдырахман мен Меркі ауданынан Айбар Райымқұл да арнайы шақырылып, көпшілік алдында бата берді. Жас жеткіншектердің еш мүдірмей бата беруі көрермендердің зор ықыласына бөленді. Оларға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы сыйлықтар мен Алғыс хаттар табыс етілді.
Сондай-ақ «Ардагерлер ұйымы» РҚБ мен «Ауыл» партиясы» РҚБ арасындағы меморандум аясында қол жеткізілген келісім негізінде Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі мен «Ауыл» партиясының облыстық филиалы бірлесіп қоғамдық іс-шараларды ұйымдастыру және қолдау бағытында жұмыс жүргізуде. Осыған орай «Ауыл» партиясының Жамбыл облыстық филиалының төрайымы Сұлушаш Құрманбекова Тараз қаласының батагөйі Ерболат Қуандықовқа арнайы құттықтау хатын табыстап, бағалы сыйлықпен марапаттады.
Ұлттық рух пен халықтық тәрбиені ұлықтаған бұл байқау батагөй қариялардың даналығы мен өнегесін кейінгі буынға насихаттап, ұлттық құндылықтардың өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ел бірлігі мен рухани сабақтастықты нығайтқан тағылымды шара ақсақалдардың ақ батасымен қорытындыланып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Comments (0)
Add Comment