Елімізде бүгіннен бастап не өзгереді?

Осы жылдың ортасы Қазақстан халқы үшін мемлекеттік жүйе, заңнама, қаржы және әлеуметтік салалардағы ауқымды жаңалықтармен басталмақ. Яғни, 1 шілдеден бастап елімізде азаматтардың күнделікті өміріне, мемлекеттік қызмет көрсету сапасына, бизнес жүргізу тәртібіне және әлеуметтік қорғау жүйесіне ықпал ететін бірқатар заңнамалық өзгерістер күшіне енді. Бүгін осындай жаңашылдықтардың бірқатарына шолу жасап көрмекпіз.

Жаңа Конституция күшіне енді

Бүгіннен бастап осы жылдың 15 наурызында өткен жалпыхалықтық референдум нәтижесінде қабылданған жаңа Конституция күшіне енді. Осыған байланысты елдің саяси институттары мен заңнамасында түбегейлі өзгерістер басталады.
Атап айтсақ, екі палаталы Парламент өз қызметін тоқтатып, оның орнына жоғары заң шығарушы орган ретінде бір палаталы кәсіби Құрылтай құрылады. Оның құрамына 5 жыл мерзімге сайланатын 145 депутат кіреді. Соған сәйкес, заң нормаларындағы «Парламент» сөзі «Құрылтай» деп, ал «республикалық референдум» термині «жалпыхалықтық референдум» болып түзетілді.
Сондай-ақ саяси жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында жаңадан вице-президент лауазымы енгізілді. Сонымен қатар елімізде жуырда жаңа консультативтік-кеңесші орган – Қазақстан Халық Кеңесі жұмысын бастайды. Оның құрамына 126 адам мүше болады. Оның ішінде 42 өкіл – этномәдени бірлестіктерден, 42 өкіл – қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардан, 42 өкіл мәслихаттар мен қоғамдық кеңестерден делегат етіп жіберіледі.
Ата Заңға алғаш рет «Миранда қағидасы» деген ұғым бекітілді. Оған сәйкес, құқық қорғау органдары азаматты ұстаған сәтте оған үнсіз қалу, адвокат жалдау, телефонмен қоңырау шалу құқықтарын және қандай бап бойынша ұсталғанын бірден түсіндіруге міндетті болады. Бұдан бөлек, адвокаттардың мәртебесі конституциялық деңгейде бекітіліп, олар сот процесіне прокурорлармен тең жағдайда қатысу мүмкіндігін алады.
Жаңа Ата заңда азаматтардың құқықтарын қорғауға айрықша мән берілген. Мәселен, бір құқықбұзушылық үшін бір адамды екі рет жауапқа тартуға конституциялық деңгейде тыйым салынды. Кінәсіздік презумпциясының тұжырымы күшейтілді. Осының аясында адамның өзіне, жақын туыстарына, сондай-ақ өзіне сырын сеніп айтқан дін қызметкерлеріне қарсы куәлік беруге мәжбүрлеуге тыйым салу аясы кеңейтілді.
Тұрғын үйге қол сұқпаушылық мәселесі де жеке көрсетілді. Құжатта адамды тұрғын үйінен айыруға және оны тиісті сот шешімінсіз үйінен шығаруға мүлде жол берілмейтіні нақты жазылды.
Жаңа Конституция президент инс- титутының ықпалын айтарлықтай күшейтеді. Мемлекет басшысы енді бірқатар маңызды лауазымдарға тікелей тағайындау құқығына ие болады. Олардың қатарында Бас прокурор, Конституциялық сот төрағасы, Жоғарғы сот төрағасы, Ұлттық банк басшысы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы бар.
Сонымен қатар Құрылтай президент ұсынған негізгі кандидатураларды бекітпеген жағдайда Мемлекет басшысы оны таратып, уақытша заң шығару функциясын өз қолына ала алады. Бұл норма атқарушы биліктің позициясын айтарлықтай нығайтады.
Құнды құжатта Үкіметке сенімсіздік білдіру рәсімі де өзгеріске ұшырады. Енді бұл жөнінде бастама көтеру үшін депутаттардың бестен бірінің қолдауы жеткілікті. Бұдан бөлек, егер бюджет есебі бекітілмесе, сенімсіздік мәселесі автоматты түрде қаралады. Бұл атқарушы билікке парламенттік бақылауды белгілі бір деңгейде күшейтеді.
Әлеуметтік салаға келсек, орта білім тегін болып қалады, медициналық көмек тегін ретінде бекітіледі, жоғары білім беру тәртібі заңмен реттеледі. Сондай-ақ Конституцияда алғаш рет неке ұғымы нақты анықталып, ол ер мен әйелдің тең құқықты одағы ретінде белгіленді.

Тенге емес, теңге

1 шілдеден бастап қолданысқа енетін Салық кодексіндегі терминологиялық түзетулерге сәйкес, ұлттық валютаның атауы ресми құжаттарда мемлекеттік тіл емлесімен «теңге» деп жазылып, бұрынғы «тенге» сөзі толықтай алмастырылды. Бұл ақша реформасын немесе валюта ауыстыруды білдірмейді, тек жазылу стилі өзгереді деген сөз. Ал бұрын берілген құжаттарды қайта өзгерту талап етілмейді.

Барлық банкке – бірыңғай QR-код

Енді ел азаматтары шілде айынан бастап қай банктің мобильді қосымшасын қолданғанына қарамастан, бір ғана QR-код арқылы төлем жасай алады.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, жүйенің іске қосылуы тұтынушының немесе сатушының бірыңғай QR-код арқылы тауарлар мен қызметтердің ақысын төлеуіне мүмкіндік береді.
– Бұрын автотұрақтарда, дүкендерде, тіпті мешіттердегі садақа жәшіктерінде де әртүрлі банктердің бірнеше QR-коды қатар тұратын. Жаңа жүйе іске қосылғаннан кейін олардың барлығының орнына бір ғана әмбебап QR-код қолданылады. Кез келген банк клиенті өзінің мобильді қосымшасы арқылы осы QR-кодты сканерлеп, ешқандай шектеусіз төлем жасай алады. Осылайша бірыңғай QR-код жүйесі қолма-қол ақшасыз төлемдерді барынша ыңғайлы әрі қолжетімді етеді. Заң талаптарына сәйкес, 19 шілдеден бастап жаңа жүйе кезең-кезеңімен енгізіліп, бір ай ішінде барлық кәсіпкер бірыңғай код арқылы төлем қабылдау талабына сәйкес жұмыс істеуге міндеттеледі, – деді еліміздің бас банкирі.

Аулаға көлігіңізді қоярда абай болыңыз!

1 шілдеден бастап көпқабатты үйлердің аулаларында көлікті кез келген жерге қоя беруге болмайды. Жаңа талапқа сәйкес, көлікті тротуарларға, балалар және спорт алаңдарына, көгалдар мен жасыл желек өсетін аумақтарға, қоқыс контейнерлері орналасқан алаңдарға және олардың айналасына және арнайы автотұрақ ретінде белгіленбеген басқа да орындарға қоюға тыйым салынады.
Бұл талаптарды бұзғандарға 1,2 миллион теңгеге дейін айыппұл салынады.

Самокат айдаймын деп, сан соғып қалмаңыз!

1 шілдеден бастап елімізде «Жол жүрісі туралы» заңға енгізілген жаңа түзетулер күшіне енді. Бұл өзгерістер мобильді қосымша арқылы электрсамокаттарын қысқа мерзімге жалға беретін кикшеринг қызметі мен оны пайдаланушыларға қойылатын талаптарды күшейтті.
Енді операторлар самокаттардың техникалық жағдайын бақылауға, пайдаланушының жеке басын және жүргізуші куәлігінің бар-жоғын тексеруге, сақтандыру рәсімдеуге және самокаттардың дұрыс тұрақталуын қадағалауға міндетті. Соған сәйкес, кәмелетке толмағандарға және жүргізуші куәлігі жоқ азаматтарға электрсамокат жалға беруге тыйым салынады. Сондай-ақ тротуармен жүруге шектеу қойылады. Арнайы белгіленген аумақтардан басқа жерлерде электрсамокатпен тек веложолақпен, жол жиегімен немесе жолдың оң жақ шетімен жүруге рұқсат етіледі.
Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуы бойынша, балалар көбіне ата-анасының аккаунты арқылы самокат жалға алып жатады. Мұндай жағдайда жауапкершілік ересектерге жүктеледі.
– Қандай да бір заңбұзушылық анықталған жағдайда ата-аналар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 127-бабы бойынша жауапқа тартылады. Бұл бап ата- аналық міндетті тиісінше орындамау және баланы жеткілікті деңгейде бақыламау жағдайларына қатысты қолданылады.
Жаңа талаптардың бірі – электрсамокаттарда міндетті түрде мемлекеттік тіркеу нөмірінің болуы. Бұл самокатты анықтауға, ереже сақталуын бақылауға және заңбұзушылықты тіркеуге мүмкіндік береді. Егер самокат адамды қағып кетсе, жауапкершілік кикшеринг компанияларына емес, оны басқарған жүргізушіге жүктеледі. Кикшеринг компаниясы тек өз міндетін орындамаған жағдайда жауап береді. Ал жол апатына немесе адам қағу дерегіне самокатты пайдаланған адамның өзі жауапты болады, – деді С.Әзірбек.

Қалаларды жоспарлау ережесі өзгерді

Бүгіннен бастап Қазақстанда бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын әзірлеудің жаңа тәртібі күшіне енді. Жаңа ережеге сәйкес, қалалардың бас жоспарларын әзірлеу мен түзету жұмыстары енді тек жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Ал кейбір егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының шығынын инвесторлар өз мойнына ала алады.
Сондай-ақ бас жоспарлар мен жоспарлау жобалары міндетті түрде қоғамдық тыңдаудан, мәслихаттың келісімінен және кешенді сараптамадан өтуге тиіс. Қоғамдық талқылау өтті деп есептелуі үшін оған кемінде 50 жеке және заңды тұлға қатысуы қажет. Егер қатысушылар саны жеткіліксіз болса, әкімдік бұл туралы үш жұмыс күні ішінде хабарлауға міндетті. Бұдан бөлек, жаңа құжаттарда елді мекендердің дизайн-коды, сәулеттік стилі, ғимараттардың қабаттылығы мен түс үйлесімі ескеріледі. Сонымен қатар сейсмикалық, сел және көшкін қаупіне де ерекше назар аударылып отыр.

Көрші елге кіру үшін арнайы қосымша қажет

Ресей Федерациясына баруды жоспарлап отырған қазақстандықтар үшін шекарадан өту тәртібі өзгерді. Нақтырақ тоқталсақ, шілденің алғашқы күнінен бастап көрші елге жұмыс істеуге немесе білім алу мақсатында баратын қазақстандықтар «Госуслуги РФ» мобильді қосымшасын пайдалануға міндетті. Жаңа талапқа сай, шетел азаматтары бұл платформада жеке профиль ашып, сапарға шықпас бұрын арнайы тіркеуден өтуге тиіс.
Ресейге кіру туралы өтінішті мемлекеттік шекараны кесіп өтуден кемінде 72 сағат бұрын тапсырғаны жөн. Өтініш қаралғаннан кейін қосымшада кіру құқығын растайтын жеке QR-код беріледі. Ол код тек 90 күнге ғана жарамды.

Дайындаған Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Comments (0)
Add Comment