Мәдениет – адамзат өркениетінің ең асыл қазынасы, ұлттың рухани келбетін айқындайтын басты құндылықтардың бірі. Әр халықтың өзіне тән салт-дәстүрі, тілі, әдебиеті, өнері, тарихы мен дүниетанымы болады. Осылардың барлығы бірігіп, сол халықтың мәдениетін қалыптастырады. Сондықтан мәдениет – ұлттың өткені мен бүгінін жалғап, болашағына бағыт беретін рухани көпір.
Ұлттың рухани байлығы, ең алдымен, оның мәдени мұрасынан көрінеді. Халықтың ғасыр- лар бойы жинақтаған өмірлік тәжірибесі, әдет-ғұрпы, ұлттық ойындары, қолөнері, ән-күйі мен жыр-дастандары ұрпақтан ұрпаққа аманат болып жетіп келеді. Осындай құндылықтар арқылы жас буын өз халқының тарихын, дүниетанымын, тәрбиелік қағидаларын бойына сіңіреді. Егер халық өзінің мәдениетін сақтай алса, ол өзінің ұлттық болмысын да жоғалт- пайды.
Қазақ халқының мәдениеті өте бай әрі терең. Кең байтақ далада өмір сүрген халқымыздың тұрмыс-тіршілігі мен дүниетанымы ұлттық мәдениеттің әр саласында айқын көрініс тапқан. Қазақтың киіз үйі, домбырасы, ұлттық киімдері, зергерлік бұйымдары, қолөнері, қонақжайлық дәстүрі мен үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуі – ұлттық мәдениеттің ажырамас бөліктері. Сонымен қатар халқымыздың мақал-мәтелдері, шешендік сөздері, батырлар жыры мен ертегілері де ұлттық тәрбиенің маңызды құралы болып саналады.
Мәдениеттің ең басты тірегі – тіл. Ана тілі арқылы халықтың ойлау жүйесі, дүниетанымы, салт-дәстүрі мен тарихы сақталады. Тіл жоғалса, мәдениеттің де тамыры әлсірейді. Сондықтан мемлекеттік тілді құрметтеу, оны дамыту және келешек ұрпаққа үйрету – әр азаматтың қасиетті борышы. Ана тілін жетік меңгерген адам өз халқының мәдениеті мен рухани мұрасын терең түсінеді.
Әдебиет пен өнер де – мәдениеттің маңызды құрамдас бөлігі. Ақын-жазушылардың шығармалары халықтың өмірін, арман-мүддесін, ұлттық мінезін бейнелейді. Музыка мен театр, кино мен бейнелеу өнері адамның эстетикалық талғамын қалыптастырып, рухани дүниесін байытады. Қазақтың күй өнері, жыраулық дәстүрі мен айтыс өнері халқымыздың даналығы мен шығармашылық қабілетінің жарқын көрінісі.
Ұлттық мәдениетті сақтауда отбасының, мектептің және қоғамның рөлі ерекше. Отбасында бала үлкенді сыйлауды, салт-дәстүрді құрметтеуді, ана тілінде сөйлеуді үйренеді. Мектепте ұлттық тарих пен әдебиет оқытылып, оқушылардың мәдени танымы қалыптасады. Ал мәдениет үйлері, кітапханалар, театрлар мен мұражайлар халықтың рухани өмірін байытып, мәдени мұраны дәріптеуге қызмет етеді.
Қорытындылай келе, мәдениет – ұлттың рухани байлығы ғана емес, оның тарихи жады, ұлттық келбеті және болашаққа бастар темірқазығы. Өз мәдениетін құрметтеген, рухани құндылықтарын қастерлеген халық ешқашан жоғалмайды. Сондықтан ұлттық мәдениетті сақтау, дамыту және келер ұрпаққа аманат ету – әрбір азаматтың қасиетті парызы. Рухани байлығы мол елдің болашағы да жарқын, іргесі де берік болады.
Ақмарал ҚҰРМАНОВА,
Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық
әмбебап ғылыми кітапханасының бөлім меңгерушісі