Кеше Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай «Talbesik» этноорталығында салтанатты жиын өтті. Ерекше форматта ұйымдастырылған мерекелік басқосуда Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев өңірдің ақпарат саласының өкілдерін кәсіби мерекесімен құттықтап, ел руханияты мен қоғамдық сананың қалыптасуына өлшеусіз үлес қосып жүрген журналистерге жоғары құрмет көрсетті.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімі журналистиканың қоғамдағы орнына айрықша тоқталып, бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекеттік саясатты халыққа түсіндірудегі, елдегі реформаларды насихаттаудағы және билік пен қоғам арасындағы сенімді байланысты нығайтудағы маңызды рөлін атап өтті.
– Ақпарат саласында еңбек ету – қоғам алдындағы аса маңызды әрі жауапты міндет. Ақпарат адам ойын өзгертіп, қоғамның көзқарасын қалыптастыратын негізгі алаң. Сондықтан кейде тұтас тағдырларға ықпал ететін қоғамдық пікірдің қалыптасуы журналист қаламының қуатымен тығыз байланысты. «Журналист – жол бастаушы» деген Шерағаңның қанатты сөзі журналистика саласының мәні мен маңызын терең ашып береді. Себебі көпшілікке жөн сілтеп, ақиқаттың жолын көрсету үшін кәсіби біліктілікпен қатар зор жауапкершілік қажет.
Биыл облыстық журналистика тарихындағы ерекше жылдардың бірі. Өңірдің шежіресіне айналған «Мойын- құм таңы» мен «Шұғыла-Радуга» басылымдары 60 жылдық белеске жетсе, «Жамбыл-Тараз» газеті өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтуде. Өңір журналистикасының дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан осы басылымдардың ұжымдарын мерейтойларымен құттықтаймын, – деді өңір басшысы.
Аймақ басшысы қазіргі ақпараттық кеңістіктегі өзгерістерге де тоқталып, ақпараттың адам санасы мен қоғамдық пікірге ықпал ететін қуатты құрал екенін айтты. Жиында өңір журналистикасының мерейлі белестері де ерекше аталып өтті.
Сондай-ақ белгілі журналист, республикалық «Salyq tartibi» газетінің директор-бас редакторы Ғалым Қасабайдың 65 жасқа, Жамбыл радио- сының жетекшісі, балалар жазушысы әрі сатирик Бақытжан Советұлының 60 жасқа толуына байланысты ізгі тілегін жеткізді. Бұдан бөлек, Қордай ауданында жаңа «Қордай24» телеарнасының жұмысын бастауы өңір ақпарат кеңістігін кеңейтетін маңызды оқиға ретінде бағаланды.
Мерекелік жиынның шарықтау шегі – журналистерді мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапаттау рәсімі болды. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, «Құрмет» ордені Жамбыл облыстық «Қазақстан» телерадиокорпорациясының журналист-редакторы Бақытжан Әлімқұловқа табысталды. Ал журналистика саласының ардагері Маханбетәлі Дүйсебаев «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталды. «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Данияр Асқарұлына, республикалық «24KZ» телеарнасының меншікті тілшісі Анастасия Сулеймановаға және әріптесіміз, «Jambyl-Taraz» газетінің тілшісі Дариха Үмбетияроваға табыс етілді. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасы «77 TV» телеарнасының директоры Миржахан Бекбергеноваға берілсе, министрліктің Алғыс хатымен Айгерім Отарбаева, Галина Скрипник және Нұрадин Рақай марапатталды.
Өңірдің ақпарат кеңістігін дамытуға сіңірген еңбегі үшін Жамбыл облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі «KAZYNA TAU» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «77 ТВ» телеарнасының шеф-редакторы Күләш Өмірзақова, «Sarysý» газеті газетінің редакциясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жауапты хатшысы Камели Сүлейменова және «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Жамбыл облыстық филиалының телебағдарламаларды дайындау жөніндегі шығармашылық қызметінің шеф-редакторы Дүйсебай Дәуреновке тапсырылды.
Сонымен қатар облыс әкімінің Құрмет грамотасына облыстағы бірқатар сала мамандары – Гүлшаһар Ермұратова, Арай Әлімбетова, Аят Асқарбекұлы, Толқын Өмірбаева, Нұржан Дербісәлиев, Мадина Жарас, Гүлсара Мұхтарқұлова, Гүлжан Рахманова, Қасымжан Байкүшіков және Нұрлыбек Құдияров ие болды.
Ал облыс әкімінің Алғыс хатымен Еркін Жасыбаев, Қуаныш Алмабеков, Эльмира Байназарова, Шерхан Дәкен, Дәурен Нысанбай және Әсет Сабеков марапатталды.
Мерекелік жиын қалам иелерінің еңбегіне көрсетілген құрметтің, сөз құдіретіне деген жоғары бағалаудың айқын көрінісі болды. Сондай-ақ сала ардагерлері Елен Әлімжан, Бекет Момынқұл, Көсемәлі Сәттібайұлы, Ғалым Қасабай сөз сөйлеп, барша БАҚ өкілдерін мерекемен құттықтады. Ал ҚР Журналистер Одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов бірқатар сала мамандарын Одақтың Құрмет және Алғыс хаттарымен марапаттап, облыстық «AR-AI» жастар газетінің тілшісі Құралай Сейсенбекқызына «Алтын Жұлдыз» төсбелгісін тақты.
Журналист – қоғамның шежіресін жазатын, уақыттың үнін тасқа басатын тұлға. Сондықтан ақпарат майданының алдыңғы шебінде жүрген қаламгерлерге көрсетілген бұл құрмет олардың шығармашылық шабытын шыңдап, жауапкершілігін одан әрі арттыра түсетіні сөзсіз.