Қазақстан мен Ауғанстан су қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруде

Қазақстан мен Ауғанстан арасында су ресурстарын басқару, ирригация және климаттың өзгеруі жағдайында ауыл шаруашылығын орнықты дамыту бағытындағы ынтымақтастық жаңа кезеңге қадам басты. Аталған бастама аясында Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті және Ауғанстандағы Кабул университеті арасында тиісті ниеттестік туралы келісімге қол қойылды.

Құжатқа Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегацияның Ауғанстан Ислам Әмірлігіне жасаған ресми сапары барысында қол қойылды.

Келісімнің маңызды бағыттарының бірі – Кабул университетінің базасында су ресурстарын басқару, ирригация және орнықты ауыл шаруашылығы саласына маманданған халықаралық оқу-зерттеу орталығын құру. Бұл Ауғанстан аумағындағы аталған саладағы алғашқы мамандандырылған ғылыми-білім беру алаңы болмақ.

Жобаға белсенді түрде қатысатын Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің Жамбыл облысы филиалы да өңірлік және халықаралық ғылыми байланыстарды дамытуға өз үлесін қосады. Филиал мамандары тәжірибелік зерттеулер, білім беру бағдарламаларын әзірлеу, ғылыми тәжірибе алмасу және су шаруашылығы саласындағы заманауи технологияларды енгізу жұмыстарына атсалысады.

Бүгінде су қауіпсіздігі мәселесі Орталық Азия мен Ауғанстан үшін стратегиялық маңызға ие. Климаттың өзгеруі, су тапшылығы және ауыл шаруашылығындағы жаңа сын-қатерлер мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуді талап етеді. Осыған байланысты Қазақстан су дипломатиясын дамытып, трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалануға ерекше назар аударып отыр.

Қазақстан-Ауғанстан бизнес-форумы барысында сөз сөйлеген Серік Жұманғарин су ресурстарын ұтымды пайдалану, ирригациялық жүйелерді жаңғырту және өңірлік ынтымақтастықты нығайту еліміздің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Құрылатын орталық болашақта су қауіпсіздігі, климаттық бейімделу, экологиялық мониторинг, азық-түлік қауіпсіздігі және орнықты ауыл шаруашылығын дамыту мәселелерін қамтитын ірі университетаралық ғылыми платформаға айналады деп күтілуде. Бұл өз кезегінде өңірдегі су тапшылығы мәселелерін шешуге бағытталған тәжірибелік жобаларды әзірлеуге мүмкіндік береді.

Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті Қазақстандағы су шаруашылығы саласына маманданған жетекші жоғары оқу орындарының бірі саналады. Университет инженер-гидротехниктерді, гидрологтарды, су ресурстарын басқару мамандарын, ирригация және цифрлық су технологиялары саласының кадрларын даярлайды. Университет халықаралық әріптестік желісін кеңейтіп, шетелдік ғылыми орталықтармен бірлескен жобаларды жүзеге асырып келеді.

Ал 1932 жылы негізі қаланған Кабул университеті Ауғанстандағы ең көне әрі ең ірі мемлекеттік жоғары оқу орны болып есептеледі. Білім ордасында 22 факультет жұмыс істейді және онда мыңдаған студент білім алады. Университет жаратылыстану ғылымдары, инженерия, ауыл шаруашылығы, медицина, құқық және әлеуметтік ғылымдар бағытында мамандар даярлайды. Сонымен қатар, Кабул университеті халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді.

Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы бұл серіктестік тек білім мен ғылым саласын ғана емес, бүкіл өңірдің су және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ұзақмерзімді стратегиялық қадам ретінде бағалануда.

Comments (0)
Add Comment