Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты жиынға қатысты.
Баласағұн ОКЗ — да өткен шараға
ішкі істер органдарының ардагерлері, құқық қорғау саласының өкілдері мен полиция қызметкерлері қатысты.
Жиын барысында облыс әкімі тәртіп сақшыларын кәсіби мерекелерімен құттықтап, полиция қызметінің қоғамдағы маңызына тоқталды.
- Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әділетті қоғам құрудың басты қағидаты ретінде «Заң мен тәртіп»тұжырымдамасын айқындап берді.
Президентіміз атап өткендей, полиция қызметкері – азаматтардың қауіпсіздігінің кепілі, қоғамдағы тұрақтылық пен құқықтық тәртіптің тірегі.
Сіздердің өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу, қылмыспен күресу және жол қауіпсіздігін сақтау бағытындағы еңбектеріңіз зор.
Жыл басынан бері облыстағы криминогендік ахуалдың жақсаруы атқарылған жұмыстың нақты нәтижесін көрсетіп отыр,- деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қылмыспен күресу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді.
Жыл басынан бері облыстағы криминогендік ахуалдың жақсарғаны байқалады. Атап айтқанда, биылғы бес айда аса ауыр қылмыстар 56,3 пайызға, ауыр қылмыстар 17,3 пайызға, ауырлығы орташа қылмыстар 4,9 пайызға, ал онша ауыр емес қылмыстар 13,4 пайызға төмендеген.
Құқық қорғау саласын дамытуға бағытталған жұмыстар да жалғасуда. Биыл жергілікті бюджет есебінен саланы қолдауға 21,4 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде полиция департаментінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 3,2 миллиард теңге қарастырылып, бейнебақылау жүйелерін жаңарту және қызметтік автокөліктермен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.
Салтанатты жиында қызметтік борышын орындау барысында қаза тапқан ержүрек тәртіп сақшыларының ерлігі де еске алынды. Халық қаһарманы Ғазиз Байтасов бастаған батыр полиция қызметкерлерінің есімі ел жадында мәңгі сақталатыны айтылды.
Жиын барысында бірқатар полиция қызметкерлері қызметтік міндеттерін мінсіз атқарғаны үшін марапаттарға ие болды.
Мерекелік шара соңында Қазақстанға танымал эстрада жұлдыздары мен облыс өнерпаздарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, тәртіп сақшыларына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.