Тараз қаласында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін пайдалану, орнату және насихаттау мәселелері» бойынша семинар-кеңес өтті. Жиында қала әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлназ Сматилдаева түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Аталған семинарға басқармалар мен департаменттер, инспекциялар, құқық қорғау органдары, жоғары және арнаулы оқу орындары, денсаулық сақтау, білім, спорт, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармаларына қарасты мекемелер, қалалық мекемелер мен кітап- ханалардың жауапты қызметкерлері қатысты.
Басқосу барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Мемлекеттік Елтаңбасы және Мемлекеттік Гимнін пайдалану, орналастыру және насихаттау тәртібі егжей-тегжейлі түсіндірілді. Қатысушыларға мемлекеттік рәміздерді қолдануға қатысты заңнамалар мен нормативтік-құқықтық актілердің талаптары таныстырылып, мекемелерде жиі кездесетін кемшіліктер мен оларды болдырмау жолдары талқыланды.
Сонымен қатар мемлекеттік рәміздердің ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі, патриоттық сананы қалыптастырудағы және азаматтардың елге деген құрметін арттырудағы маңызына ерекше назар аударылды.
Еркін САЙЫН