Жасанды интеллектінің жемісі

Мемлекет басшысы ағымдағы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялағаны мәлім. «Мен биылғы Жолдауымда Цифрлық мемлекет болуымыз керектігін жарияладым. Сондықтан 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп атау туралы шешім қабылдадым. Озық технологиялар еліміздің барлық саладағы әлеуетін арттыруға жол ашпақ», – деген еді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Өз кезегінде Үкімет Қазақстандағы Цифрландыру және ЖИ жылында төл жұмысының басым бағыты экономиканың барлық саласына ЖИ технологияны енгізуге болатынын белгіледі.

Жеткен жетістіктер қандай?

Сонымен, бұған дейін мемлекет осы салада қандай жетістіктерге жетті? Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің деректеріне жүгінсек, 2025 жыл қорытындысында Қазақстанда 2 606 ауылдық елді мекен жоғары жылдамдықты интернетке қосылыпты. Қазақстанда 6 мыңнан астам ауылдық елді мекен бар. 2026 және 2027 жылдары соның 3 мыңнан астамы (соның ішінде биыл – 1 900 ауыл) талшықты-оптикалық байланыс арқылы жоғары жылдамдықты интернетке қосылуға тиіс. Сөйтіп, министр Ж.Мәдиевтің сендіруінше, халықтың 99 пайызы жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізеді.
Сондай-ақ былтыр Алматы мен Астанада қуаттылығы 7,4 МВт болатын екі жаңа деректерді өңдеу орталығы (Data-center) пайдалануға берілді. Биыл жиынтық қуаты 12,9 МВт болатын тағы 3 деректер орталығын іске қосуды жоспарлап қойды. Жаслан Мәдиевтің дерегінше, «ЖИ қозғалысы» бастамасы іске асырылып, оның аясында 1 миллионға жуық адам оқытылды. Ғылым мен бизнес үшін екі қуатты суперкомпьютер іске қосылды. AlemGPT көпагентті платформасы әзірленді. Alem.ai халықаралық ЖИ орталығы құрылды. Президенттің тапсырмасымен мамандандырылған ЖИ университетінің концепті түзіліп жатыр.
Халық тарапынан цифрлық қыз- меттерге деген сұраныс тұрақты түрде өсіп келеді. 2025 жылы eGov Mobile қосымшасы арқылы 54 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Елестетіп көріңізші, егер осының бәрі электронды түрде көрсетілмегенде, қазақстандықтар 54 миллионнан аса қызметті алу үшін тиісті мемлекеттік мекемелердің алдында ұзын-сонар, шетсіз-шексіз кезек түзілер еді.
Былтырғы жыл қорытындысы бойынша қазақстандық IT-қызметтер экспортының көлемі 1 млрд АҚШ долларына жуықтады. Ал Президент 2026 жылғы 9 қаңтарда Цифрлық кодекске және осы салада әкімшілік жауапкершіліктің жаңа түрлерін енгізетін ілеспе заңдарға қол қойды. Есептеу қуатын сатып алу қамтамасыз етілді. Үкімет бұл жұмысты жалғастырады. Президент қойған міндетке сай, Қазақстан озық технологиялар саласында цифрлық шешімдер мен қыз- меттерді сәтті жасап, табысты сата білетін жетекші елдердің қатарына кіруге ұмтылады.
Әйткенмен, сарапшылар бұл бағыттағы елдің жетістіктері әлі де шағындау болып қалып отырғанына назар аудартып жүр. Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және ЖИ жылына арналған Үкіметтегі кеңесте ІТ-сектор өкілдері бүгінде күнделікті өмірде кеңінен қолдануға арналған шешімдер жетіспейтініне тоқталды. Қарапайым қазақстандықтардан бастап, ірі бизнеске дейін қолданатын технологиялар, тіпті бағдарламалық қамтылым – шетелдік.
Венчурлік қаржыландырудың жетіспеуі, мемлекеттік қолдаудың мардымсыздығы, ішкі нарықтың тым шағындығы кесірінен отандық стартаптардың басым көпшілігі жоба деңгейінен әрі аса алмай, жабылып қалып жатады. ЖИ министрлігі былтыр «мақсатты, нысаналы капиталы» 1 млрд долларға жеткізілетін алғашқы венчурлік қор құрылғанын мәлімдеді. Мұнда бірнеше кілтипан бар. Біріншіден, осы қорға салынған инвестиция 115 млн доллар ғана болды. Екіншіден, сарапшылардың түсіндіруінше, ол қор стартаптарды тек кейінгі сатыларда қолдайды екен. Содан бұрынғы жылдары салаға жауапты министрлік, лауазымды шенеуніктер мемлекеттік деңгейде дәріптеген біраз инновация- лық жоба жабылып тынған, не шетелге, соның ішінде көрші Ресейге кетіп, сол жақта жүзеге асырылған.
Компаниялар жаңа прототиптерді ұсынумен ғана шектелмей, оларды толық аяқтап, іс жүзінде қолдануға дейін жеткізуі керек. Жалпы, цифр- ландыру экономикамен және күнделікті өмірмен қатар дамып қана қоймай, олардың ажырамас бөлігіне айналуы керек. Бұған көрші Қытай үлгі бола алады. Кез келген салаға, қандай да бір жобаға цифрлық шешім мен ақпараттық технология қажет болса, ол ішкі нарықтан табыла кетеді. Үкіметтегі жиында тілге тиек етілгендей, осы деңгейге көтерілуге Қазақстанда, әсіресе ТКШ, құрылыс, өнеркәсіп және ауылшаруашылық саласында сол бойы сақталған ескірген әдістер мен талаптар кедергі екен. Мысалы, Президент қанша тапсырса да, құрылыста BIM-модельдер енгізілмеген. Өндірістерді роботтандыру, ауыл шаруашылығында IT-шешімдерді енгізу қарқыны тым баяу. Бұл тиімді жобалау мен басқару мүмкіндіктерін шектейді.

Күдік пен үміт

Осыған байланысты Премьер- министр уәкілетті органдарға биыл экономикаға елеулі әсері болатын практикалық цифрлық шешімдерге назар аударуды тапсырды. Қазіргі заманғы қауіп-қатерлер мен төтенше жағдайларға қарсы тұру құралдарын жасауға ерекше көңіл бөлінбек. Сондай-ақ ЖИ дамыған сайын алаяқтық жағдайлардың да анағұрлым жетілген түрлері пайда болу қаупі бар екені ескертілді. Сондықтан Ішкі істер, Жасанды интеллект министрліктері осындай әрекеттерді тиімді анықтау және тану тетігін әзірлеуге міндеттелді. Қоғамның цифрлық шешімдер мен онлайн-платформаларға деген сенімін нығайтатын құралдар мен цифрлық шешімдерді жетілдіруде тұрақты проактивті жұмыс жүргізудің маңыздылығы атап өтілді.
Қорыта айтқанда, Цифрландыру және ЖИ жылы аясында Үкімет жауапты министрліктерге бірнеше міндет белгіледі. Айталық, атаулы жылды сәтті өткізу үшін оған кәсіби қоғамдас- тық пен халық кеңінен жұмылдырылады. ЖИ министрлігіне Digital Qazaqstan стратегиясын әзірлеуді жеделдету тапсырылды. Заңнамалық өзгерістерді жұртшылыққа кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу керектігі ескертілді.
Бұған қоса, ЖИ мемлекеттік секторда да белсенді енгізілуге тиіс. Оны қолдану атүсті автоматтандыруға емес, қалыптасып қалған процестерді қайта қарауға, мемлекеттік функцияларды орындаудың барынша тиімді модельдеріне көшуге және бюрократиядан арылуға әкелгені маңызды. Ұлттық экономика министрлігіне Стратегиялық жоспарлау агенттігімен және өзге мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, цифрландыруды кеңейту, басқарудың барлық деңгейіндегі функцияларды қайта қарау, біраз функцияны ЖИ-ге беру жүктелді.
Барлық министрдің цифрлық орынбасары пайда болмақ. Олар ЖИ министрлігіне бағынады: бұл ведомство ЖИ-вице-министрлердің, яғни CDO қызметінің нәтижелеріне сапалық талдау жүргізеді және жоғарыға тиісті есеп береді. Жасанды интеллект министрлігі бұлардың 2026 және одан кейінгі жылдарға арналған жаңа көрсеткіштерін белгілейді.
Айтқандай, биылғы жыл «ұлы көштерімен» тарихта қалуы мүмкін. Біріншіден, ақпараттық жүйелердің сенімділігін арттыру үшін мемлекеттік Tier-III деңгейіндегі деректерді өңдеу орталығы жұмыс істейді. ЖИ министрлігі І тоқсанның соңына дейін ақпараттық жүйелерді осы жаңа деректер орталығына көшіруді аяқтауы қажет. Мұның азаматтардың деректерін қорғау деңгейін арттыруға мүмкіндік беретіні айтылды.
Екіншіден, осы жылдың соңына дейін Каспий теңізінің түбімен Әзербайжанға тартылып жатқан талшықты-оптикалық байланыс желісін – кабель құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Ол аяқталған соң Қазақстан ғаламторды Батыстан тікелей тартуға көшеді. Әйтпесе, рес- публикаға интернет-трафик Ресей арқылы келеді, ал РФ болса, шетелдік интернетті бұғаттап тастап, оқшаулануға берік ден қойды.
Үшіншіден, Қазақстанда жаңа электрондық Үкімет пайда болады, ол QazTech-ке көшеді. Президент Жарлығына сәйкес, биылдан бастап дәл осы платформадан тыс үкіметтік ақпараттық жүйелерді әзірлеуге қатаң тыйым салынды. Өңірлерде және орталықта жаңа бірыңғай платформаға көшіру үшін барлық жүйеге техникалық аудит жүргізіледі.
Биыл, ЖИ министрінің мәліметі бойынша ХҚКО-лар Apple Store форматында өзіне-өзі қызмет көрсетуге көшіріледі. Яғни, қазіргі терезе артында қызмет көрсетуші қызметкерлер отырған орталықтар ЖИ қызмет ететін «цифрлық офистерге» трансформацияланады.
Әзірге eGov-та мемлекеттік қызметтердің 91 пайызы онлайн қолжетімді. Порталда қазірдің өзінде азаматтарға арналған ЖИ-көмекшісі (ИИ-ассистент) енгізілді. Ал 2026 жылы, ЖИ министрлігінің хабарлауынша, eGov QazTech көмегімен жаңа архитектурада құрастырылатын болады. Қалай болғанда, биылғы жылы ірі өзгерістер жоспарланып отыр. Олар қаншалықты табысты іске асырылып, елге қандай игілік әкеледі, оны уақыт көрсетеді.

Айгерім ОРАЗ,
М. Х. Дулати атындағы
Тараз университеті
«Конвергентті журналистика» мамандығының
2-курс студенті

Comments (0)
Add Comment