Жастар – кез келген мемлекеттің стратегиялық ресурсы әрі қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан олардың білім алуына, жұмыспен қамтылуына, бос уақытын тиімді ұйымдастыруына, қоғамдық өмірге белсенді араласуына жағдай жасау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып отыр.
Осы ретте Шу ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің Шу қалалық Жастар ресурстық орталығы жастардың жан-жақты дамуына бағытталған шараларды тұрақты түрде жүргізіп келеді. Айталық, ағымдағы жылдың алғашқы бес айында орталық тарапынан жастардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, патриоттық рухын нығайту, мәдени және спорттық белсенділігін дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, Шу қаласының жалпы тұрғындар саны 45 447 адамды құраса, оның 12 981-і немесе 28,6 пайызы – 14 пен 35 жас аралығындағы жастар. Оның ішінде 5 520-сы – ерлер, ал 7 461-і – әйелдер. Бүгінде Шу қаласы бойынша 10 негізгі мектепте 8 674 оқушы білім алып жатыр. Сонымен қатар қалада 4 колледж жұмыс істейді. Оның біреуі мемлекеттік, үшеуі жеке меншік негізінде қызмет көрсетеді. Аталған колледждерде жалпы саны 966 студент оқуда. Шу қаласында мемлекеттік және жеке меншік негізінде жұмыс істейтін екі жатақхана бар. Мемлекеттік жатақханада – 75, ал жеке меншік жатақханада 52 жас тұрады.
Ағымдағы жылдың бес айында уақытша бос жүрген «NEET» санатындағы жастарды анықтау мақсатымен Жастар ресурстық орталығы тарапынан 6 адрестік жұмыс жүргізіліп, нәтижесінде 50 жас қамтылды. Сонымен қатар жастарды жұмыспен қамтуға ықпал ету, кәсіби бағдар беру және мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттандыру мақсатында 4 кеңес беру шарасы мен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Аталған кездесулерге «Мансап» орталығының, кәсіпкерлік және өнер бөлімінің, сондай-ақ халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары қатысып, жастарға жан-жақты кеңестер берді. Ал жастарды еңбекке баулу және маусымдық жұмыспен қамту мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Жасыл ел» еңбек жасақтары бағдарламасы аясында 100 жасты қамту жоспарланған. Оның ішінде есепті мерзімде 41 жас жұмыспен қамтылды.
Бүгінде шаһарда жұмыссыз ретінде тіркелген жастар саны 218 адамды құрап отыр. Осыған байланысты 35 жасқа дейінгі 261 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Оның ішінде 198 жас ваканттық жұмыс орындарына орналастырылса, 12 жас «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына жолданды. Сондай-ақ 4 жас әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілсе, 34 жас ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды. Бұған қоса 13 жас «Бастау-Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жолданды. Ал қысқа мерзімді оқыту курстарына, қайтарымсыз грант алуға, «Ұрпақтар келісімшарты» және «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына жолданған жастар тіркелмеген.
Әлеуметтік көрсеткіштерге тоқталсақ, биылдың І тоқсанында 18-35 жас аралығындағы 8 жас отбасы некеге тұрған. Өкініштісі, 2 жас отбасының некесі бұзылды.
Әскери-патриоттық тәрбие беру және жастардың Отан алдындағы борышын өтеуге ынталандыру бағытында жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Көктемгі және күзгі әскерге шақыру науқандары аясында шақырылған жастардың жалпы саны 300 адам болса, олардың 21-і әскер қатарына аттанды.
Өңірдегі мемлекеттік жастар саясатын іске асыру аясында Шу қалалық Жастар ресурстық орталығы 11 бағыт бойынша жалпы саны 221 іс-шара өткізіп, 12 200 жасты қамтыды. Сонымен қатар волонтерлық бағытта 91 іс-шара ұйымдастырылып, оған 7 011 жас қатысты.
Рухани-адамгершілік бағытында қайырымдылық шаралары тұрақты түрде өткізіліп келеді. Атап айтқанда, «Жақсылық жасау өзімізден басталады», «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» атты қайырымдылық акциялары және басқа да әлеуметтік маңызы бар іс-шаралар ұйымдастырылды.
Спорттық бағыт бойынша спорт саласында еңбек етіп жүрген жас бапкер Оразалы Арыстанұлымен және оның тәрбиеленушісімен «Бір күндік жұмыс» жобасы аясында сұхбат жүргізілді. Сонымен қатар 20 наурыз – Ұлттық спорт күніне орай қазақ күресінен 2015-2016 жылы туған жасөспірімдер арасында Шу ауданындағы №36 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ашық біріншілігі өткізілді. Бұдан бөлек, «Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы» атты қыздар арасындағы аудандық волейбол турнирі және Үсенбаев Ахан Майданұлын еске алуға арналған 2010-2011 жылы туған жасөспірімдер арасында бес күнге созылған «Чемпион-2026» облыстық ашық бокс турнирі ұйымдастырылды.
Мәдени-шығармашылық бағыт аясында Шу қалалық Жастар ресурстық орталығы мен Шу қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Шу қаған халық театрының «Қоғам дерті» атты спектаклі мектептер мен колледждерде көрсетілді. Сонымен қатар 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай түрлі салада еңбек етіп, қоғамның дамуына үлес қосып жүрген нәзік жандыларды марапаттау іс-шарасы өткізілді. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ұлттық дәстүрлерді дәріптеу және тұрғындар арасындағы бірлік пен татулықты нығайту мақсатында «Наурыз көже – береке бастауы» атты мерекелік акция ұйымдастырылды. Сондай-ақ «Жайдарман-2026» маусымашар ойыны, «Жігіт сұлтаны-2026» байқауы, «Махаббатқа толы акустикалық кеш», Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған өзге ұлт өкілдері арасындағы аудандық «DostIQ» интеллектуалды зияткерлік ойыны өтті. Сонымен бірге «Жайдарман» ойындарының жартылай финал кезеңі және жастардың рухани деңгейін көтеру, қоғамдағы өзекті мәселелерді өнер тілімен жеткізу мақсатында «Қара пима» театрлық қойылымы сахналанды.
Құқықтық бағыт аясында «Заң және тәртіп» қағидаты негізінде «Заң және жастар», «Түнгі қаладағы жастар» және басқа да тақырыптарда түнгі рейдтер ұйымдас- тырылып келеді. Сонымен қатар «Құқықбұзушылықтың алдын алу», «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!», «Сыбайлас жемқорлықсыз болашақ» тақырыптарында кездесулер, дөңгелек үстелдер өткізіліп, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ақпараттық материалдар таратылды.
Психологиялық-танымдық бағыт бойынша жастар арасында өзекті мәселелердің алдын алу мақсатында «Нашақорлықтың алдын алу», «Есірткіге жол бермейік», «Қыз баласының репродуктивті денсаулығы», «Біз зорлық-зомбылыққа қарсымыз», «Нашақорлық – індет, оны жою – міндет», «Отбасы – тағдыр емес, сенің қолыңдағы аманат», «Сталкинг – жеке өмірге қол сұғу: қылмыстық жауаптылық және құқықтық салдары», «Заңды білу – өзіңді қорғаудың алғашқы қадамы» тақырыптарында кездесулер өткізіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар арнайы бейнероликтер түсірілді. Атап айтқанда, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп оқушыларымен «Біз буллингке қарсымыз», сондай-ақ «Буллинг пен әлімжеттік – еркелік емес, қылмыс» және «Отбасы – тағдыр емес, сенің қолыңдағы аманат» тақырыптарында бейнероликтер дайындалды.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жастар арасында қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру мақсатында тазалық жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. «Тазалық – қоршаған ортаға деген жанашырлықтан басталады!» тақырыбындағы акциялар аясында «Тазару» күніне орай сенбіліктер өткізіліп, ағаштар отырғызылды. Сонымен қатар саябақтар мен көшелерде тазалық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Этносаралық келісім бағыты бойынша «Татулық – бірлікте» атты өзге ұлт өкілдерімен танымдық сұхбат ұйымдастырылды. 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай «Алғысым шексіз» атты арнайы бейнеролик түсірілді. Ұмыт болған дәстүрлерді жаңғырту мақсатында ұршық иіру өнерін жетік меңгерген Шариякүл әжемен сұхбат жүргізілді. Сонымен қатар 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған құттықтау челленджі ұйымдастырылды.
Орталық тарапынан өткізілген барлық іс-шаралар мен жастарға қатысты кеңес беру жұмыстары әлеуметтік желілерде және әкімдіктің ресми интернет-ресурс- тарында тұрақты түрде жарияланып келеді.
Қорыта айтқанда, Шу қалалық жастар ресурстық орталығы жастарды қолдау мен дамытуға бағытталған кешенді жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырып жатыр. Жастардың жұмыспен қамтылуы, кәсіпкерлікке баулуы, құқықтық сауаттылығының артуы, рухани-мәдени және спорттық белсенділігінің дамуы бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Алдағы уақытта да жастардың әлеуетін арттыруға, олардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуына жағдай жасау және мемлекеттік жастар саясатын тиімді іске асыру бағытындағы жұмыстар үздіксіз жалғаса береді.
Мақсат ШӘЙМЕРДЕН,
Шу ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімі
«Шу қалалық Жастар ресурстық орталығы» КММ
директоры