Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің қатысуымен сегізінші шақырылған қалалық мәслихаттың 41-сесиясы өтті. Сессияның күн тәртібінде қалалық бюджеттің атқарылуы, ирригациялық каналдар мен арық жүйелерін қалпына келтіру, әлеуметтік көмек көрсету қағидаларына өзгерістер енгізу және қаланың даму жоспарын жаңарту мәселелері талқыланды.
Жиын барысында депутаттар 2025 жылғы қалалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті тыңдады. Қала әкімдігі ұсынған мәліметке сәйкес, өткен жылы бюджеттің кіріс бөлігі 99,6 пайызға, ал шығыстар 98,6 пайызға орындалған. Жалпы кіріс көлемі 88,3 млрд теңгені құрады.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе ретінде ирригациялық каналдар мен арық жүйелерінің жай-күйі қаралды. Қала әкімінің орынбасары Дамир Жаманбаев соңғы жылдары арық жүйелерін жөндеу мен каналдарды тазалау жұмыстарына қомақты қаржы бөлінгенін атап өтті. Биыл да бірқатар көше мен шағынауданда жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Сессияда сондай-ақ қалалық бюджетті нақтылау, 2026-2030 жылдарға арналған Тараз қаласының даму жоспарына өзгерістер енгізу мәселелері қаралды. Бұдан бөлек, әлеуметтік көмек көрсету қағидаларына түзетулер енгізіліп, әлеуметтік қолдау алушылардың жекелеген санаттарына төленетін төлемдер мен оларды тағайындау тәртібі нақтыланды. Депутаттар округтік және учаскелік сайлау комиссияларының құрамына өзгерістер енгізу жөніндегі шешімдерді де мақұлдады.
Жиын қорытындысы бойынша күн тәртібіне шығарылған барлық мәселе бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ