Көне шаһардағы қоныстой

Таразда 196 отбасы баспаналы болды

Кеше Тараздағы «Ұлы дала» (15) шағынауданында 196 пәтерлі 2 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Салтанатты шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова және шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков арнайы қатысып, қоныстой иелерінің қуанышына ортақтасты.

Ең әуелі Ербол Шырақпайұлы тұрғындарға ақжарма тілегін арнады.
– Баспана – әрбір отбасының бақыты мен берекесінің, тұрақтылығы мен ертеңгі күнге деген сенімінің негізі. Сондықтан азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекетіміздің әлеу- меттік саясатының басым бағыттарының бірі. Бүгін пайдалануға беріліп отырған тұрғын үйлер – осы жүйелі мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі.
Осындай ауқымды жұмыстардың нәтижесінде ағымдағы жылы облыс көлемінде жалпы 770 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Сондай-ақ жеке инвестициялар есебінен Тараз қаласында 111,8 мың шаршы метр тұрғын үй салу көзделген.
Тұрғын үй құрылысы бағытындағы жұмыс- тар алдағы уақытта да жалғасын табады. Егер өткен жылы облыс аумағында 16 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілген болса, биыл тағы 1 190 пәтерді қамтитын 31 үй тапсырылады, – деген аймақ басшысы қуаныш иелеріне пәтер кілттерін табыстады.
Келесі кезекте сөз алған Ляззат Еркенқызы халықты баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары үздіксіз жалғаса беретінін жеткізді.
Тұрғындар да баспаналы болғандарына қуанышты екендіктерін жасырмады. Солардың бірі – ерекше баланың анасы Арайлым Шатырова.
– Бүгін мен үшін өте қуанышты күн. Мемлекеттік бағдарлама арқылы өз баспанама қол жеткізіп отырмын. Осы мүмкіндікті жасап, қолдау көрсеткен мемлекетке және барлық жауапты азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін. Жаңа қонысымыз құтты болып, әр шаңыраққа осындай қуаныш бұйырсын! – дейді Арайлым Болатбекқызы ағынан жарылып.
Айта кетер жайт, бұл пәтерлердің барлығы мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алуға әлеуметтік осал топтар санаты бойынша кезекте тұрған азаматтарға табысталды.

Comments (0)
Add Comment