Qalqan: Жамбыл облысында медициналық ұйымдарды цифрландыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде

Жамбыл облысында денсаулық сақтау саласын цифрландыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр. Мемлекет басшысы мен ҚР Премьер-Министрінің тапсырмаларына сәйкес енгізіліп жатқан Qalqan цифрлық платформасы медициналық қызметтерді қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз етуге, МӘМС жүйесіндегі қаржы ағындарын тиімді бақылауға және медициналық қызметтерді басқару сапасын арттыруға бағытталған.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Ғайни Аймағанбетованың айтуынша, өңірдегі медициналық ұйымдардың өндірістік базаларын Qalqan ақпараттық жүйесіне енгізу жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде.

Қазіргі таңда медициналық қызметтерді сатып алу бойынша шарт жасалған 105 медициналық ұйымның 93-і өндірістік базаларын толық цифрландыру жұмыстарын аяқтады. Бұл жалпы көрсеткіштің 88,6 пайызын құрайды.

Қалған 12 медициналық ұйымда цифрландыру жұмыстары жалғасып жатыр. Негізінен рұқсат беру құжаттарындағы мекенжайлардың өзгеруі мен көшелердің қайта атауына байланысты техникалық мәселелер туындаған. Осыған байланысты Қор филиалының мамандары «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ қызметкерлерімен бірлесіп, медициналық ұйымдарға әдістемелік және практикалық қолдау көрсетуде.

Qalqan платформасы медициналық қызметтерді қаржыландыруға қатысты барлық деректерді бірыңғай цифрлық ортаға біріктіруге мүмкіндік береді. Жүйе қаржылық процестерді автоматтандырып, медициналық ұйымдар мен мемлекеттік органдар арасындағы ақпарат алмасуды жеңілдетеді.

Сонымен қатар, жаңа жүйе қаржылық бақылаудың заманауи тетіктерін енгізуге жол ашады. Оның көмегімен ықтимал қателер мен сәйкессіздіктер төлем жүргізілгеннен кейін емес, шот қалыптастыру кезеңінде анықталатын болады.

Алдағы уақытта платформа аясында медициналық қызметтердің ашықтығын арттыру үшін QR-код арқылы растау және Face ID технологияларын енгізу жоспарланған. Бұл көрсетілмеген медициналық қызметтер үшін төлем жасау тәуекелдерін азайтып, көрсетілген қызметтердің шынайылығын растауға мүмкіндік береді.

Qalqan жүйесін енгізу медициналық қызметтерді қаржыландыру тиімділігін арттырып қана қоймай, пациенттердің құқықтарын қорғауды күшейтуге және денсаулық сақтау саласын басқарудың жаңа сапалы деңгейін қалыптастыруға ықпал етеді. Нәтижесінде мемлекет, медициналық ұйымдар және азаматтар арасындағы өзара сенім артып, саланың ашықтығы мен тиімділігі одан әрі нығая түседі.

Comments (0)
Add Comment