Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапарымды өңірдегі су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту жобаларының жүзеге асу барысын тексерумен аяқтадым.
Меркі ауданында облыстың суару каналдары, дренаж жүйелері мен гидротехникалық құрылыстарын реконструкциялауға бағытталған 46 су алу ұңғымасын қалпына келтіру жұмыстарын көрдім.
Қазіргі уақытта Ойтал ауылдық округіндегі барлық 13 ұңғыма толық қалпына келтіріліп, іске қосылған. Ал Андас батыр ауылдық округінде 27 ұңғыма пайдалануға берілді. Осы айдың соңына дейін қалған 6 ұңғымаға сынақ жүргізу жоспарланып отыр. Су алу ұңғымалары шамамен 2,7 мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз ететін каналдарға қосымша су жіберуге арналған.
Бұдан кейін Шу ауданына барып, биыл басталған Сол жағалау және Оң жағалау магистральдық каналдарын қайта жаңғырту жұмысымен таныстым. Нысандардың жалпы ұзындығы 88 шақырымнан асады. Қазіргі таңда каналдарда жер қазу және тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Нысандарды реконструкциялау нәтижесінде Шу ауданындағы 18,1 мың гектар суармалы жерге су жеткізу сапасы жақсарады. Сол жағалау және Оң жағалау магистральдық каналдарын реконструкциялау жұмыстарын келесі жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Шу ауданында сондай-ақ К-1 каналында болып, онда жүргізіліп жатқан дайындық және жер қазу жұмыстарымен таныстым.
Қордай ауданында ұзындығы 18 шақырым болатын «Благовещенский» каналын реконструкциялау жұмыстарын көрдім. Нысандағы жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Жобаны жыл соңына дейін аяқтау көзделген.
Сондай-ақ Шу өзені мен Георгиев магистральдық каналын байланыстыратын толықтырушы каналдағы контейнерлік сорғы станциясының жұмысымен таныстым. Былтыр пайдалануға берілген нысан Қайнар ауылындағы 3800 гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз етеді. Станцияның су өткізу қуаты — секундына 1 текше метр.
Жамбыл облысындағы суармалы алқаптарды тұрақты сумен қамтамасыз ету және су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында өңірде ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Ендігі міндет – барлық жұмыстың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуын қамтамасыз ету. Министрлік бұл мәселені ерекше бақылауда ұстап отыр.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі