Жамбыл облысында жол инфроқұрылымы жаңғыртылуда

Шу қаласында жол, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, қоғамдық көлік және абаттандыру бағыттарында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы қала әкімі Елдос Нұралиев өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді,.

Биыл қала бюджеті 1 млрд 456 млн теңгені құрады. Соңғы үш жылда қаланың өзіндік кірісі екі есеге жуық өсіп, жергілікті бюджеттің қаржылық мүмкіндігі артқан.

Қалада жалпы ұзындығы 204,2 шақырым болатын 313 көше бар. Соңғы екі жылда 44 көшеге асфальт төсеу жұмыстары басталып, оның 28-і толық аяқталды. Нәтижесінде асфальтталған көшелердің үлесі 71 пайызға жетті. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер жолдарын салу және көшелерді ағымдағы жөндеу жұмыстары жалғасуда.

Қоғамдық көлік саласында да оң өзгерістер бар. Қалаішілік бағыттарға қосымша автобустар шығарылып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалуда. Соңғы жылдары автобус паркі жаңа техникамен толықтырылды.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында бірқатар жобалар іске асырылуда. Қазіргі таңда кәріз жүйесін жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, қаржыландыру мәселесі қарастырылуда. Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеу, аула аумақтарын абаттандыру және табиғи газға қосу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде.

Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағытында да нақты нәтижелер бар. 2023-2025 жылдары әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған 123 жалдамалы тұрғын үй сатып алынып, пайдалануға берілді. Қосымша 94 пәтерді пайдалануға беру үшін қажетті құжаттар рәсімделуде.

Шу қаласы орталықтандырылған ауыз су жүйесімен толық қамтылған. Өткен жылы бірнеше шағынауданға ауыз су желілері тартылып, инфрақұрылым жаңартылды. Бүгінде тұрғындарды жүйеге қосу жұмыстары жалғасуда.
Сонымен қатар электр желілерін жаңарту, көшелерді жарықтандыру, балалар ойын және спорт алаңдарын салу, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру бағытындағы жұмыстар қолға алынған. Өткен жылы «Жеңіс» саябағы жаңғыртылып, қаладағы бірқатар қоғамдық нысандар заманауи келбетке ие болды.
Жалпы, Шу қаласында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Comments (0)
Add Comment